Кикбоксингтен кәсіпқойлар арасындағы Азия чемпионы, 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Абзал ДҮСІПОВ (суретте) Атыраудан Астанаға көшіп кетті. Бұл жаңалық жергілікті спорт жанкүйерлеріне тез тарап, біз Абзалға қоңырау шалған едік.
- Атыраудан неге кеттің?
- Астанаға тұруға емес, уақытша жұмыс істеуге барғанымды бірден айтайын. Әрине, Атырау - менің туған қалам, сол жерде спортшы әрі жеке тұлға ретінде қалыптастым. Өкінішке орай, отбасылық себептер бойынша Астанаға кетуге мәжбүр болдым. Бұл отбасындағы қаржылық жетіспеушіліктен туындады, баспана жағдайым да керемет емес. Астанада азды-көпті нандығымды, анамның еміне қажетті табыс табамын.
Рас, биылғы жылы Атырау билігі тарапынан біраз қолдау болды. Соңғы Әлем чемпионатынан келгенімде маған жалақы тағайындады. Әзірге 100 мың теңге төлейді, ал жаңа жылдан бастап соңғы әлем чемпионатында алған күміс алқам үшін бір жарым есеге көп болады. «Алтын» болса, қаңтар айынан бастап 200 мың теңге алар едім.
Атырауда болған кезімде, спортпен бірге «ҚазТрансГаз Аймақ» облыстық филиалында жұмысты қатар алып жүрдім. Ол жерде 110 мың теңге төледі. Спорттағы жарыстарым үшін ақша төлеген жоқ, сондықтан алған зақымдарымды емдету шығындарын өзіме төлеуге тура келді.
- Ал қазір қалай жеткізіп жүрсің?
- Қазір Астанада кеңес беріп, жеке жаттықтырулар өткіземін, бір туысыма көмектесемін. Тезірек туған қалама оралып, отбасын құрып, кикбоксинг федерациясына және жас спортшыларға, болашақ чемпиондарға көмектескім келеді.
- Яғни, енді спорттық жекпе-жекке нүкте қойдың ба?
- Жоқ. Атыраудың намысын қорғадым, әлі де қорғаймын. Екі жыл бұрын әкем қолымда қайтыс болды. Оның соңғы сөздері: «Абзал, рингке шығып, біздің туымызды көтер» деген еді. Өзіңіз түсінесіз, әкеден айырылу – орны толмас үлкен қаза, мұны сөзбен жеткізу қиын. Екі сағаттан кейін сол күйде «Атырау» ДСК-да Еуропа чемпионына қарсы рингке шығып, әкем үшін, еліміздің намысы үшін барлық күш-жігерімді жұмсап, жеңіске жеттім. Өйткені, чемпион атану үшін қандай қиындықтардан, қандай күйзелісті жағдайлардан өтетінімізді, жарақаттар алып, күніне 2-3 мәрте күшейтілген жаттығулар жасайтынымызды әркім біле бермейді. Мұның бәрі еліміз үшін. Ішімде жиналып қалды: қаншама чемпионаттарды жеңіп алдым, менің құрметіме қаншама рет ту көтерілді, еліміздің әнұраны орындалды. Жеңістерім үшін ең болмағанда бір бөлмелі пәтер берсе ғой. Мен жекпе-жектерге 18 жылымды бердім... Жақында Тәуелсіздік күніне орай облыс әкімі ел президентінің құрмет грамотасын табыс етті.
- 2018 жылға жоспарларың қандай?
- Азия чемпионатына қатысамын деп үміттенемін. Сонымен қатар, талай кәсіпқой рейтингтік шайқастар күтіп тұр. Бұл шайқастардың қайда және қашан өтетіні әзірге белгісіз. Шамамен, мамыр айында шығар. Бұдан басқа, Әлем кубогына қатысамын.
- Саған жақсы ақша төлейміз деп уәде етіп, бізге қайта келмей қалуың мүмкін бе?
- Жоқ. Мен қалай болғанда да, жекпе-жекке Атыраудың атынан шығатын боламын.
- Сенің ұстазың, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сүндетерей Қасанғалиев бұдан хабардар ма?
- Иә.
- Ол не айтады?
- Ештеңе. Мен Астанаға тек жұмыс жасау үшін келдім.
- Жеке өмірің қалай?
- 28 жастамын, сүйікті қызым бар, үйленгім келеді. Бірақ мен оны қайда әкелемін – үйіміз кішкентай, онда менен басқа алты ересек адам мен төрт бала тұрады. Маған жеке пәтер қажет!
- Баспана алуға өтініш бердің бе, осы мәселені қала әкіміне жеткіздің бе?
- Әкімге бармадым. 2013 жылы әлем чемпионы атанғанда Федерация қалалық әкімдікке жазбаша түрде хат жолдады, бірақ олар жауап бермеді.
- Соңғы сұрақ: ресейлік Астемир Борсов әлем чемпионатының финалында Абзал Дүсіповтен қалай басым түсті?
- Ол бірінші жеңіл салмақтағы (57 кг-ға дейін) екі дүркін әлем чемпионы, менің жеңіл салмағыма (60 кг-ға дейін) ауысты. Біздің шайқас өте қызықты әрі тартысты өтті. Біз тең едік. «Алтынның» тағдырын төрешілер 2:1 есебімен қарсыласымның пайдасына шешті.
- Реванш алғың келе ме?
- Әрине.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ