1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасы тәуелсіздіктің бастауы болды. Сол суық күндерде алған жан жарасы митингке қатысқан атыраулықтардың есінде мәңгілікке қалып қойған.
Серік МӘТЕНИЯЗОВ, облысқа кеңінен танымал мүсінші (суретте):
- Мен 1986 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының ІІ курс студенті едім. Жас отбасымыз, пәтер жалдап тұрамыз. Әдеттегідей 17 желтоқсанда таңертең сабаққа келдім. Қазақ студенттердің көбі сабаққа келмепті. Сол кезде қырғыз қыз орталықта шеру болып жатқанын айтты. Аз уақыттан кейін келген группаластарым Бексұлтан мен Сәрсен кешеден бері болып жатқан оқиғаны айтып, "Бүгін тағы жиналамыз" десті. Кураторымыз мұңды күйде "Біз бара алмаймыз ғой. Сендер тоқталмаңдар, барыңдар" деді. Орталыққа барсақ ығы-жығы қазақ жастары. Алаңға қарай өткізбей тұр. "Арамыздан делегация жібердік, күтейік..." дейді. Бір кезде автобус келіп, ішінен әскерилер түсе бастады, қолдарында органикалық әйнектен жасалған қалқан, дубинка, бастарында каска. Әй-шәйге қараған жоқ, қолына іліккендерін ұрып-соғып автобустың ішіне тыға бастады. Сәтбаев көшесі бойымен қаштық. Бізді бір жігіт тоқтатып, көшелермен бейбіт шеру жалғасатынын, «Отырар» қонақүйінің алдын кесіп өтуіміз керектігін айтты. Онда шетелдіктер болатын. Қалай еткенде шетелдіктердің назарына ілігіп, митинг мақсатын дүниежүзіне тарату болды. "Менің Қазақстаным", "Атамекен" әндерін шырқап келеміз, бізді фотоға түсіре бастады. Тағы да әскер, милиция...тағы көліктерге еркісіз тоғыту...біз қашып құтылдық.
18 желтоқсанда институтта жиналыс өтті, суретке іліккендерді жазалау басталды. Қолдарына таяқ, тұрба, тас ұстаған жігіттерді соттап, біразын оқудан шығарды. Группаласым Сәрсенді де оқудан шығармақ болды, мұғалімдер араға түсіп оны алып қалды.
Тынышбек ЕСТАЕВ, Х. Досмұхамедов атындағы университет мұғалімі (суретте):
- Мен ол кезде Құрманғазы консерваториясында студентпін. Жасым 25-те. Біздің топта Көпжасар деген Монғолияның қазағы болды. Ол бізді «Ей, қазақтар басшыларыңды орыстан қойып жатыр" деп кекетті. Кейін "Шын қазақ болсаңдар, алаңға барыңдар" деген хабар келді. 16 желтоқсан күні кеште барсақ, иін тірескен халық. Мұны көріп адамның бойында патриоттық сезім еріксіз оянады екен. Екіге жарылып тұрмыз, бір жағында жастар, екінші жағында солдаттар. Ұрандатып алға шабамыз, олар тоқтатады. Бір кезде салқын су шашты, үстіміздегі киіміміз қатып қалған. Бір уақытта екі жақ бір-біріне тас атты. Солдаттар дубинкамен, күрекпен ұра бастады. Біз кейін жатақханаға оралып, киімізді ауыстырдық. Бірақ жатаханадағы вахтер кемпір кері сыртқа жібермеді. Түнгі 02 шамасы. Біз екінші қабаттан төсек қабын бір-біріне байлап-жалғап, сол арқылы түсе бастадық. Мен сол кезде жерге құлап, аяғымды қатты ауыртып алдым. Ауырсынсам да алаңға қарай бардық. Бірақ оң аяғым ісіп жүре алмай қалдым, амалсыз жатақханаға оралдым. Жүре алмай жатып қалдым, үш күннен соң мені группаластарым ұшаққа отырғызып жіберді. Көбі кейін тергеуге алынды.
Эдгар СІЛЕКЕНОВ, жеке кәсіпкер (суретте):
- Біз оқитын Алматы кинотехника және экономикалық академиясы (сол кезде техникум болды – Ред) алаңынан 500 метр қашықта болатын. Біз таңертең сабақта отырғанда терезеден қолдарына транспорант ұстап өтіп жатқан коп адамдарды көрдік. Түске таман физика сабағы өтіп жатқанда аудиторияға екі-үш жігіт кіріп, "қазақтар болса, көшеге шығыңдар" деді. Мен 16 жаста болатынмын. Біз Рауан екеуміз сыртқа беттедік, тағы бір татар жігіті қосылды. Мұғалім ештеңе демеді. Біз митингіге қатысушалармен бірге Брежнев алаңына қарай бет алдық. Кешкі жетіге дейін алаңда болдық. Жатақханаға келіп, кері шығайық десек милиция жібермейді. 4-5 жігіт жертөледегі терезе арқылы шығып, алаңға бардық. Күндізгідей емес түнде адам көп болды. Әрі-беріден соң қақтығыс басталды. Бір әскери адам қазақ қызын шашынан сүйретіп алып бара жатыр еді, оны құтқарып алдық. Әскерилер мен милиция күш ала бастады, біз олардың қолдарына түспей қашып шықтық. Ертесіне жатақхананы милициямен қоршап тастады. Біз шыға алмай, "тұтқында" қалдық.
Жазып алған Ләззат ҚАРАЖАНОВА