Жайық өзенін жұқа мұз қабаты құрсады. Бұдан да қатты аяз түссе, атыраулықтар мұз астынан балық аулауға шығады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Данияр БАЙМАҒАМБЕТОВТЫҢ айтуынша, балық аулау ережелері өзгермеген.
5 ілмекті қармақпен бір шыққанда 5 кг балық аулауға рұқсат етіледі. Атырау қаласының балық аулау аймағы 2017 жылғы 17 мамырдағы қала әкімдігінің қаулысымен анықталды. Бұл құжат Талғайраң мен MMC (Ширина) поселкелерінің арасындағы Жайық өзені аралығында әуесқойлықпен (спорттық) балық аулауды қарастырады. Балық қыстайтын шұңқырлардан және қараңғыда балық аулауға тыйым салынады.
2015 жылғы Комитет бұйрығымен жыл сайын 1 сәуір мен 15 маусым аралығында, мұз қатқан кезде сейсенбі және сәрсенбі күндері Атырау облысының шеңберіндегі Жайық өзенінен әуесқойлықпен балық аулауға тыйым салынды. Қиғаш өзенінің тармақтары мен өзектерінде 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында, «балық демалатын күндер» - сенбі, жексенбі және мереке күндерінде тыйым қолданыста болады.
2016 жылғы АШМ бұйрығымен рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес балық аулау құралдарының тізбесі бекітілді. Осы тізбеге сәйкес, рұқсат етілген балық аулау құралдарына қармақ сап (қалтқы, жерлица, шеңберлі, кішкентай жалтырауығы бар қысқы қармақ - мормышка), торлы дорба, суасты аңшылығына арналған қару, түрлі спиннингтер жатқызылады.
Атыраудағы балық аулаушыларда ең жиі кездесетін ереже бұзушылық – рұқсат етілмеген балық аулау құралын пайдалану, қармақсаптағы ілмектер санын көбейту, көпір астынан аулау, мас күйде балық аулау.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 298-1-бабы (балық аулау ережесін бұзу) жеке тұлғаларға 3-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырады.
2016 жылғы ҚР үкіметінің қаулысына сәйкес, ҚР Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар жануарлар түрлерінің тізбесіне: каспий жыланбалығы, каспий арқан балығы, ақбалық, күтім балық, сондай-ақ, бекіре тұқымдастардың барлық түрі – кертік, қортпа, бекіре, шоқыр, сүйрік енген.
Балық аулау ережесіне сәйкес, аталмыш балық түрлері қармаққа түскен жағдайда балық аулаушы тірі немесе өлі екеніне қарамастан, міндетті түрде оларды суға жіберуге міндетті.
Каспий жыланбалығы (лат. Caspiomyzon wagneri) –тұщы суда жүзетін жақсыз жыланбалықтар тобының жалғыз түрі. Каспий жыланбалығының екі түрі бар: ұсағы – 31 сантиметрге дейінгі ұзындықта болады, ірісі – 55 сантиметрге және салмағы 200 граммға дейін жетеді. Өткен қыста Фейсбук желісінде Махамбет пен Индер аудандарының тұрғындары жариялаған, Жайықтан көп мөлшерде мормышкамен жыланбалық ауланған роликтерден көз тұнатын еді.
Каспий арқан балығы (Salmo trutta caspius) – Еуропадағы арқанбалықтар арасындағы алыбы. Ең жоғарғы салмағы жарты центнерге жетеді. Ұсақ және ірі немесе күздік түрлері болады. Өзен арнасы бөгеттермен реттелген кезде Еділге уылдырық шашып, Қызыл кітапқа енді.
Ақбалық (лат. Stenodus leucichthys) арқан балықтар тобының сиг балықтар тармағына жататын Каспий теңізінің балығы. Ұзындығы 130 см-ге жетеді. Негізінен күзде Еділде уылдырық шашады. Өте дәмді балық. Көбінесе базарларда дөңмаңдай балығы ақбалық деп сатылып жүр.
Күтім балығы (лат. Rutilus frisii kutum) — тұқы тобына жататын балық. Каспий теңізінде тұщы және аз тұзды суда мекендейді. Ұзындығы 45-55 см жетеді. Бұрын күтім балығы көп болды және өнеркәсіптік ауқымда ауланды. Қарқынды балық аулау салдарынан олардың саны күрт төмендеді. Бұл балықтың еті мен уылдырығы жеңсік ас және Иран мен Әзірбайжанда жоғары бағаланады. Ихтиологтардың айтуынша, оның саны қалпына келуде және балықшылар көбінесе оны Жайық өзенінен аулап жүр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ