Атырау маңында мамырда басталатын су тасқынының шарықтау шегінде Жайық өзеніндегі су деңгейі өткен жылға қарағанда анағұрлым төмен болады. Бұл туралы Жайық-Каспий бассейндік су қорларын пайдалануды реттеу және қорғау инспекциясының бастығы Бисен ҚУАНОВ хабарлады.
21 сәуірде қала маңындағы өзеннің су деңгейі 344 см құрады. Өткен жылы су тасқынының шарықтау шегінде бұл деңгей 487 см болған. Таяудағы 10 күн ішінде су 420-450 см-ге көтеріліп, содан соң біртіндеп қайтады деп жорамалданып отыр.
Қуановтың айтуынша, биылғы тасқын өткен жылдағыдай тез өтіп кетпейді екен. 3 жыл бойына Орынбор облысында орналасқан Иректі су қоймасынан судың келуі секундына 15 текше метр құраған. Бұл ылғал қорының аздығымен байланысты болып отыр. Бүгінгі таңда ресейлік сушылар резервуарларды кенеріне дейін толтыруға қол жеткізген. Сөйтіп 21 сәуірден бастап олар секундына 170 текше метрден өзен арнасына су жібере бастаған.
Енді ресейліктер өздеріне өзен бастауынан келетін бүкіл суды өзен ағысымен төменге қарай жіберуге уәде етіп отыр. Ал бұл өзендегі су деңгейінің төмендеуі ұзақ уақыт алады деген сөз. Жазда жағажайларда өткен жылдардағыдай ағынсыз балдырлы сулар болмайтын болды. Балық та көктемде тайыз суларға уылдырық шашып, ыстық өзенге оралып үлгереді.
Облыстағы ұсақ өзендерге келер болсақ, Ойыл, Сағыз және Ембі өзендері бастау алатын Ақтөбе облысының тауларындағы қар қорлары мол болғандықтан су мол болады деп күтілген еді. Алайда ыстықтың салдарынан ол еріп кетіп, ұсақ өзендердегі су тасқыны нормадан 2 есе төмен боп шықты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ