21 сәуірде Атырауда жалпықалалық «Жасыл жапырақ» акциясы өтті.
Біз ертемен қаланы аралап шыққан едік. Көше бойлары мен аулаларда жұмыс қызып жатты. Қала тұрғындары шұңқыр қазып, кейін суаруға ыңғайлы болу үшін араларынан ор жырыпты. Ал ағаштардың өздерін топырақ пен тыңайтқыштардың қабатын кезектестіріп, отырғызып жатты.
3 мыңдай көшеттер бюджеттік мекемелерге тегін берілді, ал жеке кәсіпорындар оларды өздері сатып алды. Қалалық әкімдік оларға (әрине, біздің фирмаға да) учаскелерді бөлуден басқа, көшет сатушылардың мекен-жайлары мен прайс-парақтарды таратты. Ең арзаны - қарағаш пен басқа күй талғамайтын түрлері екен, олардың 0,5-1 метр биіктегілерінің бағасы 350-700 теңге. Ең қымбаттары - мәңгі жасыл боп тұратын қылқанжапырақтылар, биіктігіне байланысты қарағай мен шыршалардың құны 2 мыңнан 7 мың теңгеге дейінгі аралықта. Ресми мәліметтер бойынша, бұл күні барлығы 20 мыңдай ағаш отырғызылыпты. Бюджеттік мекемелерге Құрманғазы, Махамбет және Индер аудандарының орман қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерінен әкелінген жас өскіндері берілсе, жеке мекемелер сырттан әкелінген ағаштарды сатып алды.
- Терек, қарағаш, шетен, талдар мен үйеңкі отырғызылды, өйткені жергілікті климатта осылар жақсы жерсінеді, - дейді табиғат қорлары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ербол ҚУАНОВ. – Суару әзірге мекемелердің өздерінің және арнаулы автобазаның күшімен жүзеге асатын болады. Бірақ қалаға тезірек суару құбырын іске қосу керек.
Зульфия ИСКАЛИЕВА