Күрделі жөндеуден өткеніне қарамастан, аз уақытта күйі қашқан Атырау-Орал республикалық трассасымен жүретін көліктер бағытын Жайықтың сол жақ жағалауына ауыстырды.
Бұл жаңа жолмен жай көліктер ғана емес, Индер ауданындағы кен орындарынан қиыршық тас, құмды-тасты қоспа (ПГС) және басқа да құрылыс материалдарын таситын жүк көліктері де жүреді. Оған алысқа жүк тасымалдайтын фуралар да қосылған. Себебі, 160 шақырымнан кейін аудан орталығындағы көпір арқылы Орал тас жолына шығуға болады.
Сәл кейінге шегінсек, Индер ауданына іссапарында осы жағдайды көзімен көрген облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ Атырау-Орал тас жолының бойына жол сапасын бұзатын ауыр көліктерді өткізбейтін полиция бекеттерін қоюды тапсырған болатын. Бірақ қазір ол бекеттер көрінбейді. Біз осы тас жолдағы қозғалысты бақылауға қатысты сауалымызды Индер ауданы әкімі Серік АРЫСТАНҒА брифингте қойған едік. Әкім сауалымызға: «Бұл жұмысты қадағалайтын көліктік бақылау инспекциясы. Кезінде аталған мекемеге осы жұмыстарды жүйелі атқару үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, екі техника сатып алынды. Бірақ, ол техникалармен де тұрақты жұмыс жасалынып жатқан жоқ» деп жауап берген болатын.
Индер ауданы әкімінің айтқанын Көлік комитетінің Атырау облыстық көлік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Найзабек СҮГІРОВ растады. Ол бұл жолдағы бақылау жылдың белгілі бір кезеңдерінде ғана жүргізілетінін айтады.
- Біздер негізінен республикалық трассаны көктемгі су тасқыны, сондай-ақ, жазғы ыссылықтан тас жол еритін болғандықтан бақылаймыз. Қалған уақытта температура режимі жоқ. Негізі, Атырау-Индер тас жолында 8 тоннаға дейін ауыр көліктерге жүруге рұқсат етіледі. Ал, жалпы трассаларда 8-ден 13 тоннаға дейінгі ауыр көліктерге жүре беруге болады.
- Ауыр көліктердің Атырауға Жайықтың сол жақ жағалауымен кетіп жатқанын бірнеше рет кездестіріп жүрміз және бұл жағдайдың жиі қайталанатынын аудан тұрғындары да растап отыр.
- Иә, Индер бағытында біздің бекеттер жоқ. Қазіргі уақытта жылжымалы бекеттер негізінен респбликалық трассаларда: Атырау- Доссор-Құлсары-Бейнеу және Атырау-Астрахань бойында жұмыс жасап жүр. Олар қалааралық және халықаралық тасымалдаушыларды бақылайды.
Мен еңбек демалысынан кейін жұмысқа жақында шықтым. Сол себепті, жиналыс өткізіп, жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға алуды тапсырамын.
Біздің бұрынғы көліктеріміздің барлығы істен шықты. Қазір сатып алынған екі көлікпен жұмыс атқарудамыз. Тағы бір проблема - бізде жұмысшылар саны жетіспейді.
- Алысқа жүк тасымалдайтын көліктер де Жайықтың сол жақ жағалауындағы тегіс жолмен жүруді әдетке айналдырған. Олардың біреуінің артқан салмағы талапқа сай болғанымен, барлығы қосылғанда трассаға күш түсетіні анық қой?
- Бүгінде Атырау-Орал трассасы шұрық-тесік болып қалғасын, барлық көлік иелері одан қашады, яғни бәрі дұрыс жолмен жүргісі келеді. Әрине, бірнеше жүк көлігі қосылғанда тас жолға салмақ түседі. Бірақ, біз оларға тыйым сала алмаймыз. Себебі, халықаралық келісімшарттар бар! Олардың қай жолмен жүрсе де қақысы бар.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суретті түсірген автор