Индер ауданы Елтай ауылдық округінде 50-ден астам малшы қыстағы бар. Шаруалар қысқа дайындықты бастап кетті.
Бірнеше күн қатарынан жауған жаңбыр топыраққа сіңіп үлгерген. Бұған өткір жел де сеп болуы мүмкін.
Жазда өртенген далалық сол жұтаң күйде қалыпты. Жайылым жерлерді құм басып барады. Бұл шаруаларды алаңдатып отыр. Ал жерді құнарландыру туралы сұраудан еш нәтиже шықпайтыны белгілі. Әкімдер бұл өңірлерге сирек келеді. Сондықтан бұл мәселелерден олардың хабары аз.
- Не айтуға болады, жайылыс жұтаң, - дейді шаруалар. - Осыдан қаңтардың қақаған қысы келгенше қой малын жайылысқа шығарамыз. Қар қалың түскеннен кейін қолға ұстаймыз. Ірі қара да сол. Ал түйе мен жылқы түздің малы ғой. Қазір көбі ірі қараға көшіп жатыр. Себебі, қой ұстау көп шығын әкеледі, пайдасы жоқ.
Қырдағылар қыстық қи-тезектерін жазда дайындап алады. Малдың көңін ойып, күнге кептіріп, текшелеп жинайды. Бір қысқа шамамен үш машина қи жұмсалады. Қызуын көмірдей өте ұзақ сақтамағанмен үнемді, әрі тегін.
- Түн ортасында бір тұрып, пешке қиды молырақ қаласа, шоғы таңға дейін сөнбей, жылылықты сақтап тұрады. Таңертең шай тез қайнауы үшін шайнекті плитаның бір бұрышына қойып қоямыз, - дейді «Айсақызылдағы» қыстағының тұрғыны Қымбат. - Біз осы қыстақты қыстағалы он жылдың үстінде шықты. Көп малшылар көмекшілерін қыстақ басына тастап, өздері Елтай ауылында тұрады. Біздің де үйіміз бар ауылда. Бірақ, біз үнемі осындамыз. Жаздай түйе, сиыр сауып, содан өнімдер дайындаймын. Сары май, құрт, ірімшік үзілген емес.
Қымбат пен Абай САЛДУҰЛЫНЫҢ қыстағы ауылдан 35 шақырым жерде, қар қалың түссе, жол қатынасы біренеше күнге дейін болмайды екен. Ерте күзде қалада тұратын ұлы Асылбек бар тамақты қапшықтап тасып бергендіктен мұқтаждық болған емес.
«Қобданқызыл» қыстағында отырған Берік СИДЕҒАЛИЕВ (суретте) аула-қораның кем-кетігін қалыпқа келтіруде. Қысқа сақадай-сай екенін айтады. Өзінің малынан бөлек, ауылдың малын бірге бағымға алған. Беріктің әйелі Қарашаштың (суретте) әзірлеген құрттарының дәмі тіл үйіреді.
- Құрғашылықтан ба жайылысты құм басып келе жатыр, - дейді «Нұрбол» ШҚ басшысы Ербол МҰҚАТОВ. – Бұл ешкімді алаңдатып отырған жоқ. Жайылыс тарылса, мал өсіру қиындайды. Енді жайылыс одан сайын тарылды, бос жер жоқ, жан-жағымызда малшы қыстақтары бар. Кім өзінің жері мен құдығын берсін? Оның үстіне жеріміздің көп бөлігі өртеніп кетті. Сондықтан жем-шөпті көршілес Батыс Қазақстан облысынан сатып алуға тура келеді. Бір орам шөпті 4,5 мың теңгеден сатып алдық. Көп шығынға қалдық. Ең болмаса үкімет тарапынан шөпке субсидия берсе, көп көмек болар еді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА