Эскиздік жобаларды келістіру, жер телімдерінің мақсатты нысанасын өзгерту және сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру мәселелері Өңірлік кәсіпкерлер палатасының (ӨКП) кеңес отырысында талқыланды.
Оған қалалық жер қатынастары бөлімінің, прокуратураның, антикоррупциялық ведомствоның өкілдері қатысты. Отырыстың жаңа форматын (бизнесмендерді шақырмады) ӨКП-ның құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ түсіндіріп өтті:
- Кез келген кәсіпкер бірінші кезекте өз проблемасын шешуге ұмтылады және кездесулер «сұрақ-жауап» форматында өтті. Біздер бизнесмендердің өтініштерін талдадық және республикалық деңгейде шешімін талап етіп отырған жалпыға ортақ мәселені қарастырғымыз келеді.
Кәсіпкерлер эскиздік жобалардың келістіру мерзімінің сақталмауына жиі шағымданады. Стандарт бойынша, бұған 10 күн беріледі, егер жоба күрделі болса, онда - 15 күн. Іс жүзінде процесс көп айларға созылады. Орталық көшелерде салу жоспарланып отырған маңызды нысандар әдетте, Атырау әкімінің қатысуымен қала құрылысы кеңестерінде талқыланады. Алайда әкім үнемі бос емес, сондықтан қала құрылысы кеңестері жылына үш-төрт рет қана болады. Қала құрылысы кеңесінде тек қана әкім емес, оның орынбасарлары да төрағалық ету ұсынылды. Сол кезде кәсіпкерлер өз жобалары бойынша мәселелерін реттей алады.
Кәсіпкерлік қызмет үшін берілетін жер телімдері бойынша аукцион өткізу басталғалы бері жер қатынастары бөліміне түсетін шағым азайған, бірақ адамдар БАҚ-та байқауларды жариялау тәртібіне наразы. Бүгінде әкімдік аукционға мақсатты нысанасы – дүкен, техникалық қызмет көрсету станциясы, дәріхана және т.б. көрсетілген жер телімдерін шығарады. Және Жер кодексінің 44-1-бабының 8-тармағына сәйкес, жер телімінің мақсатты нысанасы құрылыс үшін «ғимаратқа қызмет көрсету» деп көрсетіледі, ал онда не салады, кәсіпкердің өзі шешеді. ӨКП аукционды нақты мақсатты нысанасымен бірге жариялау алдағы уақытта кәсіпкерлерді әкімшілік және қаржылық шығындарға алып келуі мүмкін деп есептейді.
- Біз де бұл тақырыпты бірнеше рет талқыға салғанбыз. Бірақ мұнда бір нюанс бар. Жер телімдері қаланың бас жоспарына және детальді жоспарлау жобасына сәйкес шығарылады. Мәселен, егер мұнда мектеп немесе балабақша болса, онда оның қасына көңіл көтеру ғимаратына арналған жер телімін беруге болмайды. Ал егер жерді дәл сол үшін алып жатса ше? Ол кейін ақшасы мен уақытын жұмсағанын алға тартып, шағымданады ғой, – дейді жер қатынастары бөлімінің басшысы Каким ШАЛТАНОВ.
Отырысқа қатысушылардың пікірінше, мұндай жағдайда жердің мақсатты нысанасын өзгерту процедурасын жеңілдету керек.
Тағы бір өзекті тақырып – сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру. Кәсіпкер сәулет бөлімінен оны «бір терезе» принципі бойынша аларда бір уақытта инженерлік коммуникацияларға қосылуға берілетін техникалық шартты да алу керек. Іс жүзінде техникалық шартты оған ешкім бермейді – монополистер әртүрлі сылтаумен бұл қызмет стандартын орындамайды. Және адамдар техникалық шарттарды олардан өздері барып алу керек, ал бұл уақыт пен қаржы жағынан қосымша шығын. Проблема еліміздің көптеген өңірлері үшін өзекті. Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан басқа, бұл қалаларда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жұмыс жасап тұр.
- Бұл мәселелер жүйелі деп аталатыны сол, себебі көп жыл бойы шешімін таппай келеді. Бірақ, ӨКП-нің Бас прокуратурамен кенлісімі бар және біз бір күнде болмаса да, бұл мәселелерді қалай да реттеуіміз керек, – деп қорытындылады С. Жолдыбаев.
Зульфия ИСКАЛИЕВА