Елімізде, соның ішінде Атырау облысында да емханаларға тіркеу науқаны жүруде, ол 15 қарашаға дейін жалғасады. Көпшілік түсіне алмауда: 1 шілдеден бастап жұмыс берушілер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар жасауда, ал мекемелер мен қызметтер таңдауы кең емес.
АРТЫҚ ЖҮКТЕМЕ АЛҒЫЛАРЫ КЕЛМЕЙДІ
Қор сайтында «Емхананы таңдау» опциясы мен міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында қызмет көрсетуге үміткер мекемелер базасы бар. Атырау облысы бойынша 74 субъект болса, олардың арасында жеке емханалар саны да аз емес. Алайда олардың бірнешеуіне (жеке емханалар) менің жеке тіркелгім келгенмен, еш нәтиже шықпады. Сонда тізімде неге тұр?
«Әлеуметтік-медициналық сақтандыру» КЕАҚ Атырау филиалының медициналық қызметтерді сатып алу бөлімінің меңгерушісі Рамиля ЖҰМАҒҰЛОВА біздің мұнайлы астанамызда тек «Медикер Жайық» пен «Интертич» екі жеке емханасы ғана тіркелген тұрғындармен жұмыс істеуге ниет білдіргенін, алайда соңғысы кейін бас тартқанын растады.
- Көбіне мемлекеттік емханалардағыдай жүктемені өздеріне алудан қорқып, бас тартып жатады: халықты қабылдау, шақыртулар бойынша үйге бару, алдын алу жұмыстары, вакцинация, жүктілікті жүргізу, патронаж, - дейді Р. Жұмағұлова. Жеке емханалардың қолынан келетіні – консультативті-диагностикалық көмек көрсетуге мемлекеттік емханалармен келісімшарттарға отыру.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі медициналық қызметтің 2 пакетін қарастыратыны белгілі. Бірінші ҚР барлық азаматтарына арналған мемлекетпен кепілдендірілген пакетке – олардың сақтандырылғаны-сақтандырылмағанына қарамастан жедел жәрдем көмегі мен әлеуметтік маңызды аурулар мен жедел жағдайларда ұсынылатын көмек, амбулаторлық-емханалық қызметтер, алдын алу мақсатында салынатын екпелер енеді. Екінші пакетке (сақтандырылғандар үшін) жоспарлы түрде ауруханаларда ем алу, күндізгі станционарларда емделу, жоғарытехнологиялық медициналық қызметтер, медбике күтімі, паллиативті көмек (емделмейтін ауруға шалдыққан науқастардың өмір сапасын сақтау) кіреді. Ересектерге арналған стоматологиялық қызмет пен перзентханалар қызметі бұл пакеттерге кірмейді.
Алайда бұл жүйенің 2018 жылдың қай айынан бастап жұмыс жасайтынын үкімет әзір нақтылаған жоқ. Біздің оқырмандарымыз аударымдар мерзімдері мен мөлшері бірнеше рет өзгертілгенін естен шығармаған болар.
- 2020 жылға дейін біз амбулаторлық-емханалық көмекті қазіргі түрде алатынымызды нақты айта аламын. Әрі оны аударымдарға қарамай азаматтардың бәрі ала алады, себебі бұл қызметтерге арналған қаражат бюджетке бұрын салынған, - дейді Р. Жұмағұлова.
ТАБЫС ПЕН ПАКЕТТЕР
Жұмағұлова сонымен қатар көпшілікті толғайтын мәселеге қатысты нақты түсінік берді: бірнеше мекемеде еңбек ететін жұмыскерге немесе негізгі жұмысынан бөлек жеке кәсібі тұлғаға аударым қалай аударылады? Бұл жағдайда әлеуметтік аударымдар төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінен аспайтын жиынтық табыстан аударылады. 2017 жылы Қазақстандағы төменгі жалақы 24 459 теңгеге тең, оны 15-ке көбейтеміз – 366 885 теңге. Осы сомадан артық табыстан аударымдар жүргізілмейді.
Әлеуметтік пакет аясында өз қызметкерлерін жеке емханаларда медициналық сақтандыру келісімшарттарына қол қойған жұмыс берушілер қиын жағдайда қалды. Жыл сайын көптеген фирмалар ұжымның медициналық қызметі үшін үлкен көлемдегі қаражат жұмсайды, бұл арада заң бойынша олар МӘМС-ға да қаражат бөлулері керек.
- Мұндай жағдайда жұмыс берушілерге бұрын таңдаған қызметтер пакетін алмай-ақ қоюларына болады, ал, МӘМС бойынша қосымша медициналық сақтандыру (ҚМС) келісімшартын жасауға болады. Яғни, МӘМС-те көрсетілмеген қызмет түрлерін жеке емханалардан сатып ала алады, мәселен, сервистік және стоматологиялық қызметтер. Бұл мәселелер жұмыс берушілер мен емханалар арасында талқылануы керек, - дейді Р. Жұмағұлова.
Осыдан жеке емханалардың неліктен өздеріне халықты тіркеуге асықпайтыны түсінікті болды. Олардың активтерінде ірі компанияларға қызмет көрсету келісімшарттары қалып отыр. Себебі, МӘМС аясындағы қызмет түрлеріне қымбат тексерулер, КТ, МРТ (бұлар тегін түрде жедел жағдайларда, сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетіледі), стационардың жайлы палаталарында емделу, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету (МӘМС аясында бұл қызмет пацинеттердің белгілі бір санатына ғана тиесілі) кірмейді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА