2015 жылдың ақпанында синхронды суға секіру бойынша Атырау байрағын желбіретіп украиндық екі спортшы – 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының жүлдегері Алексей ПРИГОРОВ пен Еуропа чемпионы ЗАХАРОВ өнер көрсетуді бастаған еді. Олардың тәлімгері Украинаның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир МОЛЧАНОВ (суретте) болды. Екі жылдан соң олар біраз жоспарларының болғанына қарамастан кетіп қалды. Неге? Біз Молчановпен байланысқа шықтық.
- Владимир Алексеевич, сіз Атырауға қалай тап келдіңіз?
- 2012 жылғы Алексей 4-ші орын алған Лондон олимпиадасынан кейін Украина құрамасында даулы жағдай орын алды. Мен 2016 жылы Рио олимпиадасына барсақ бізде проблема туындайтынын алдын ала сездім. Сол тұста мен өзімнің алматылық досым Қазақстан құрамасында жиырма жыл жаттықтырушы болып жұмыс істеген Ярослав Семеновпен хабарластым. Ол біздің судағы спорт түрлері федерациясына ауысуымыз туралы мәселені келістірмек болды. Дәл сол кезде біздің үкіметіміздің спорттың осы түрін дамыту туралы қаулысы шыққан болатын. Атырауда керемет бассейн жұмыс істеп тұрды және тұру шығындарымен қоса 1000 доллар еңбекақы төлеуді уәде етті. Біз бассейн директоры Рашид Мусинмен бірге Алматыға Федерация кеңесінің отырысына бардық, онда Рашидке қолдау көрсетілетіндігін айтты. Біздер Атырауға көтеріңкі көңіл күймен оралдық. Бәрі жақсы сияқты болатын. Жалақы 200 мың теңге және бізге пәтер де жалдап берді. Бірақ кейін оның бәрі тоқтатылды, өйткені, біздің азаматтық алу жөніндегі мәселемізбен ешкім айналыспады. Ұлттық командалар дирекциясында бізге әзірге қазақстандық төлқұжат болмайды, онсыз келісімшарт та болмайды деп айтты. Біз қандай да бір бос кеңістікте қалғандай болдық. Астанада барлық спорт жетекшілерімен кездестік, барлығы да бастарын шұлғып келіскендерімен, мәселе шешілген жоқ. Кейін біз қалай болғанда да қазақстандық төлқұжатты жасатып алдық. Бірақ, Рио олимпиадасына үлгермей қалдық, өйткені, барлық лицензиялық жарыстар өтіп кетті. Ал, бұл спортшылар үшін үлкен күйзеліс. Ол аз болғандай доллар бағамы өсті... Ақыры біз кетіп тындық. Атырауда жұмыс істеген жылдары мен Рашидтің шәкірті мықты спортшы Артем Карепановты дайындадым. Рашид бізге үнемі көмектесуге тырысты. Бізде Қазақстан чемпионатында бірнеше медаль болды, бір жылда басқа медальдарды есептемегеннің өзінде алтынның алтауын жеңіп алдық. Суға секіру секциясына балалар жазылды. Айналысам деушілер көп болды. Айталық, Ильнур Мұхамедиев деген баланың болашағы зор еді, Одан басқа да мықты балалар болды. Алайда, бәрі осылайша аяқталды.
- Артем Карепанов бүгінгі күні қайда?
- Біздер кетіп қалдық, Артем үшін бәрі аяқсыз қалды. Мен оны жақсы түсіндім, бірақ не істей аласың? Ол сарыуайымға салынды, өйткені, біз 2020 жылғы олимпиадаға қатысамыз деген жоспар құрғанбыз. Сонымен, мен оны Оңтүстік Кореядағы спорттық шоуға орналастырдым. Басқа жолы болмады. Ол бұған төзбейтін еді. Ата-анасы жоқ, білімі жоқ, біз ол үшін оның болашағына үміт сәулесін жаққан едік.
- Қазір сіз қайда тұрасыз және қайда жұмыс істеп жатырсыз?
- Харьковте, үйдемін. Жазда Алексей Пригоров биіктен секіру бойынша әлем чемпионатында 27 метрден секіріп, 11-ші орынды иеленген еді. Дегенмен, Қазақстандағы екі жылда толыққанды жаттығулардың болмағандығы сезілді. Өйткені, біз көбіне жарыстарға қатысумен болдық. Енді біз Токиода өтетін олимпиадаға дайындалатын боламыз. Захаров болса, Америкаға тұратын жерімен қоса, 4000 доллар еңбекақысы бар спорттық шоуға кетіп қалды. Ал біз Пригоровпен бірге үлкен спортты жалғастырмақпыз. Тұрақты түрде үйде дайындаламыз және не істеу керектігін білеміз. Украинаның спорт басшылары көмектесе бастады.
Және қалай болғанда да Атырау туралы бізде жақсы естелік қалғанын міндетті түрде жазыңыз. Ол жердің адамдары өте қайырымды, бауырмал, біздер көп достар таптық, әлі де Рашид, Ринат, Бауыржан, Нұржан және басқа жігіттермен байланысымыз үзілген жоқ. Маған тек жаттықтырушы ретінде өкініш болып қалған нәрсе, ойлағанымды жүзеге асыра алмағым болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет «АЖ» мұрағатынан алынды