Атырау, 26 қараша 21:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Сен құрметте оны!

5 814 просмотра

Әбу СӘРСЕНБАЕВТЫҢ бұл өлеңі елімізде кең тарап, мектеп оқулығына енген еді. Оны бүгінгі ұрпақ та жырлауда. Ол былай басталады:

Сен құрметте оны!

Түсіндің бе, қарағым?

Ол ақшаға сатқан жоқ,

Тізеден кесіп аяғын...

Жырдың кейіпкері - Атырау облысы Құрманғазы ауданы ММС (қазіргі Арна) ауылының тұрғыны, майдангер Құсайын ӨТЕШҚАЛИЕВ.

- 1960 жылдардың аяқ кезі болуы керек, Әбу Сәрсенбаев елге келіп, халқымен кездеседі. Сонда ақынның көзі омырауы орден мен медальге толы, екі аяғы жоқ менің әкеме көзі түсіп тани кетеді. Сол жерде майдандастар қуаныса қауышып, ақынның тебіренгені соншалық, көзіне жас ала тұрып, әкем Құсайын Өтешқалиевке арнап, жыр жолдарын төгілдірді. Кейін ол кеңінен елге тарап кетті. Мектепте оқитын мен әкемді осы жиынға қол арбаға отырғызып алып келген едім, - деп еске алады Құсайынның ұлы Максим ӨТЕШҚАЛИЕВ.

Құсайын Өтешқалиев 1915 жылы 24 қазанда дүниеге келген. Құсайын ұста Өтешқалидың «өліп-өліп, өлім сарқыты болған» бірнеше баладан жалғыз қалған тұяғы еді. Ал 1940 жылы Құсайын 18 жастағы Нағимаға үйленіп, бір жылдан кейін соғысқа аттанды. Артында аңырап әке-шешесі, жары Нағима және құндақтағы ұлы қалған еді. Майданда Құсайын өзінің ерлігімен көзге түсіп, оны барлау полкіне алды. Құжаттарда батыл барлаушының 14 немісті тұтқынға алғаны жазылған. Ол майданда үш рет жараланып, өз полкіне оралды. Алайда, ең ауыр жарақат алған кез 1943 жылдың 13 ақпаны болатын. Днепр үшін жойқын шайқаста ауыр жараланып, қос аяғынан айрылған Құсайын ауылға мүгедек болып қайтады. 


- Әкем екі бірдей аяғынан айрылып, қол арбаға таңылып қалса да оның өмірге деген құштарлығы арта түсті, - деп еске алады Максим. - Анамыз Нағима МЕҢДЕШҚЫЗЫНЫҢ өлшеусіз қамқорлығы әкеме күш-қуат беретін. Әкем дәретке өзі отыра алмады, бұл ол үшін психологиялық соққы болса да анам бәріне шыдады. Жүйкесі сыр берсе де оны да төзімділікпен жеңе білді. Әкем тән жарасы шыдатпай қиналғанда дауысы шығып кетпес үшін тістене, қып-қызыл болып, жан қиналысы бетіне шығып тұрса да сыр бермеуге тырысатын. Балалар есейе келе әкемді қол арбаға салып алып, баратын жеріне апаратын. Анам әкемді жас балаша шомылдырып, бойына қан тарамағандықтан денесін уқалап массаж жасайтын. Осы қиындықтарға қарамастан шөп шабу жұмысынан да қалмайтын, балаларын да сонда бірге апаратын. 34 жыл бойы арбаға таңылған әкем 1977 жылы 62 жасында өмірден өтті. Анамыз  да бүгінде өмірде жоқ. Біз 8 бала болдық, бұл үлкен отбасы - батырдың ұрпақтары.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

30 қазан 2017, 11:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.