Таяуда Махамбет ауданында атақты ақын-әнші Бала Ораз Өтебайұлының (1837-1882) туғанына 180 жыл толуына орай облыстық ақындар айтысы өтті. Оған Атырау облысынан 16 ақын қатысты. Бас жүлдеге 300 мың теңге тігілді.
Бала Оразға арналған айтыс Махамбет ауданында осыдан он жыл бұрын да ұйымдастырылған болатын. Биылғы аламанға ақындар ізденіспен, жоғары дайындықпен келгендігін көрсетті.
Солардың арасында айтыстың бас жүлдесін жеңіп алған махамбеттік Серік ҚОЙШЫҒҰЛОВ пен исатайлық Өнербек ДӘУЛЕКЕНОВТЫҢ жұбы жанкүйерлердің ерекше қошеметіне ие болды. Айтысты бастаған Өнербек Жайық бойын жайлаған Махамбет тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін көркем суреттеді. Махамбеттіктер жайында:
Өздері арғы бетте отырса да,
Бергі беттің жағдайын уайымдаған.
Ақжайық, Алға менен Есболыңды
Жырына арқау қылсын шайыр балаң.
Осылар арғы бетте отырса да
Сіздер үшін көп нәрсе дайындаған.
Ассалаумағалейкүм Махамбетім
Салт-дәстүр тағылымы жойылмаған.
Тірлігі екі бетте болғанымен
Құдайым бірлігінен айырмаған, - дей келе бірден қарсыласына бұрылып, оның соңғы кезде айтыс сахнасына шықпай кеткенін билікке қызметке тұрғанымен байланыстырды.
Қазір бастық болғалы қатты өзгердің,
Білмеймін саған сенім арта алам ба?
Талай-талай айтысқа келмей қалдың
Ерініп аманатты арқалауға.
Ал, Серік бастық болдың жағдай қалай?
Санаңыз бөліне ме сан тарауға.
Бұл күнде сені табу мүмкін емес
Мекен-жайын шықпайды картадан да.
Жұмыс орнына келіп ұстамасақ
Ұстатын түрің жоқ жалпы адамға.
Бағытыңды бұрып алып билік жаққа
Шабытыңның базары тарқаған ба?, - деп түйреді.
«...Найзағайдай дүркіреп қолдасаңдар
Найзалыға бермеспін намысыңды», - деп жерлестерінің алдында сенімді сөз бастаған Серік Қойшығұлов болса қарсыласының әлі бойдақ жүргенін айтып,
«..Етектіге бір сөзің өтпеген соң,
Етіктіге тиісе бастадың ба»?
...Шалқарбайға маған да құда болған,
Қойшығұл ақындардың бапкері еді.
Сен де енді тезірек қимылдасаң
Саған да сара жолды салып береді.
Мекен-жайы мен пәтерін айтсаң болды
Қойшекең өзі барып алып келеді, - деп өнердегі әкесі Қойшығұл Жылқышиевті жырына араластырды. Осы жерде Өнербек те ұтымды жауап қайтара білді. Өнербектің:
Шалқарбай екеуіңе Қойшағаңның
Еңбегі көп сонда да тоймадыңдар.
Әйелді де алып берді, жүлдені де
Жақсылықты түсінбей тойладыңдар.
Үйленіп балалы боп алғаннан соң
Керемет болып кеттік деп ойладыңдар.
Тым болмаса балдарыңның есімін де
Қойшағаңа ұқсастырып қоймадыңдар.
Шалқарбай баласының атын Жүрсін қойды,
Сен Нұриман деп қойдың балаң атын,
Білмеймін қандай арам ойларың бар?
Балалы боларсыңдар әлі талай
Сол кезде Қойшағаңды ойға алыңдар.
Ойларыңа түспесе кім арқылы
Қалай адам болдым деп ойланыңдар, - деген шақпа жырына Серік ақын:
Бұйырса қоямыз ғой бір балаға,
Үйімде жиналмаған бесік жатыр.
Аттары басқа сәби болғанымен
Барлығы Қойшығұлов болып өсіп жатыр.
...Қойшығұл деп балаға ат қой дейсің
Қойшығұловқа Қойшығұл деп есім қойсам
Андрей Андреевич боп кетпей ме?, - деп залды бір күлдіріп алды.
Бұдан кейін Өнербек тақырыпты да кеңінен аша білді.
«Кезінде Бала Оразды зерттегендер,
Нақтылап бере алмады хабарды онша.
Бабамыздың тегінен қателесіп,
Қотырбайұлы депті амал қанша?
Ақтөбеде, Қобдада туылған деп,
Жазыпты ел ішіне таралғанша.
Бұл қатенің барлығын түзеп берген,
Ағайын біле қоймас адамды онша.
Бала Оразды басқадан көп зерттеген
Әнуарбек Қосановтай ағам болса,
Қайда, қашан өлсең де арман жоқ қой
Артыңда іздейтұғын адам болса.
Әй, бірақ Бала Оразың мәңгі өлмейді
Сіздердей ағайын-жұрт аман болса, - деп тарқатқан Өнербек айтыстың ұйымдастырылуы жөнінде:
...Басында бас жүлдесі машина деп,
Ағалар жомарттығын танытты ғой.
Ал бүгін бас жүлденің конвертіне,
Ағалар 300 мыңды салыпты ғой.
Машина деп басталған бас жүлдеңде
Моторының ақшасы қалыпты ғой, - деп әзілмен түйіндеді.
Айтыс барысында қызылқоғалық жас ақын Бимырза ӘБІЛҚАЙЫРОВ пен айтыс сахнасына алғаш рет шығып тұрған Атыраудағы кіші өнер академиясының оқушысы Фариза ЖЕТПІСБАЕВА да қыз бен жігіт айтысының керемет нұсқасын көрсетті.
Жиналған көрермен Шалқарбай ІЗБАСАРОВТАН да ерекше айтыс күтті. Жеребе арқылы оған қарсыласы ретінде осы мақаланың авторы, яғни мен таңдалған болатынмын.
Жақында өткен халықаралық айтыста Ринат ЗАЙЫТОВТЫ жеңіп бас жүлдеге 2 млн алса да, жастарға орын бермей бүгінгі айтысқа жағаласып қайта келгенін айтып әзілдеген қарсыласына Шалқарбай: ол ақшаға несиемді жауып «Каспий банктегі» шаруамды шешіп алдым, енді Алмалыдан үй салып жатыр едім қыс болмай жаңа үйге көшу үшін жедел түрде 300 мың теңге керек болып, амалсыз осы айтысқа шығып тұрмын деп айтыстың бас жүлдесіне тігілген жүлдені әзілмен астарлады.
Екі миллион теңгені алғаныммен,
Біраз шаруа тұрды оның тосып алдын.
800 мыңмен несиемді жауып тастап,
«Каспий банктегі» шаруамды шешіп алдым.
200 мыңға әйеліме шуба әпердім
Жағдайын жасамасам несіне алдым?
500 мыңға қонақтап достарымды
Жүлде жуып алғыстарын қосып алдым.
Үй салып жатыр едім Алмалыдан,
Мен былтыр сол ауылға көшіп алдым.
Құрылыс материалы удай қымбат,
Қан қысымын көтереді есі бардың.
Қалған 500 мыңға сол үйіме
Терезе, ленелюм мен есік алдым.
...Сонда да әлі үйіме көшкен жоқпын,
Бітпей тұрған екі-үш бөлмелер көп
Қысқасы түсіндің ғой қайда кетті
Інім болып бермейсің сен де көмек
Қар түспей сол үйіме көшу үшін,
Жедел түрде 300 мың теңге керек, - деп әзілмен жеткізді.
Айтысты сағынған ауыл халқы ақындардан қошеметін аяған жоқ.
Ақындардың өнеріне жергілікті ақын Жәниба ҚАРАСАЕВА төрағалық еткен қазылар алқасы бағасын берді. Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені (300 000 теңге) махамбеттік Серік ҚОЙШЫҒҰЛОВ жеңіп алды. Бірінші орынды (200 000 теңге) Серікпен жұп болып айтысқан исатайлық Өнербек ДӘУЛЕКЕНОВ иеленді. Ал екінші орын (150 000 теңге) қызылқоғалық жас ақын Бимырза ӘБІЛҚАЙЫРОВҚА бұйырды. Үшінші орынды (100 000 теңге) Бимырзамен айтысқан, үлкен айтыс сахнасына алғаш рет шығып тұрған Атыраудағы кіші өнер академиясының оқушысы Фариза ЖЕТПІСБАЕВА мен Жәнібек САДЫРОВ бөлісті.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет және видеоны түсірген автор
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет және видеоны түсірген автор