Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАН «АЖ»-ның инвесторларды тарту, жолдардың сапасыздығы, тұзды көл және сумен қамтудағы проблемалар туралы сауалдарына брифингте жауап берді.
Бірінші сауал - биылғы жылдың шілдесінде Индер ауданының Елтай ауылында аудан әкімдігі, облыс әкімдігі және «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы мен француздық «Issmat investment&finance» компаниясының әріптестік тұрғыда қалаған «уақыт капсуласы» жайында болды. Жоба бойынша шетелдік инвестор бұл ауданда парфюм өндіру үшін 1000 га жерге лаванда егуді, еті экспортқа шығарылатын бизондарды өсіруді және тағы да біршама уәде берген болатын. Серік Арыстанның айтуынша, «Issmat investment&finance»-мен алғашқы бірлескен әріптестік 2015 жылдың жаз айында басталған, енді француздық компанияның өкілдері Атырауға 2018 жылдың қаңтарында келеді. Сол кезде бірлескен жұмыс басталады.
- Бұл жобаға мемлекеттен бірде-бір қаражат шыққан жоқ. Олар барлық құжаттарды өз қаражаттарына жасады. Тіпті, жұмыс жүргізетін жерлерді алдын ала тексеріп, салығын да төлеп қойды. Әрине, мен өзім Франция еліндегі «Issmat investment&finance» компаниясының басшылығымен тікелей қарым-қатынас жасап отырған жоқпын. Десек те, егер жобада көрсетілген жұмыстарды атқармаса, бұл компания осыншама шығынымен сонау Франция немесе Канада елінен келмейтін шығар деп ойлаймын...
- Пайдалы қазбалар туралы айтпағанның өзінде ауданда туризмді дамытуға болады. Жыл сайын Тұздыкөлге денсаулығын түзеуге мыңдаған адам келеді. Ендеше, бұл орынды туризм орталығына айналдыруға не кедергі?
- Тұздыкөл аудан орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, күні бүгін ол жерден туризмді дамытуға ниет танытқан кәсіпкерлер болмай отыр. Себебі, қазіргі уақытта Тұздыкөлге инженерлік жүйелерді (жарық, су, газ) тарту мүмкін емес.
- Индербор аудан орталығында 65 миллион теңгеге саябақ салынды. Бірақ, онда фонтан істен шыққан, ойын алаңы төсемтас үстінде орналасқан.
- Бұл жобамен «Алау- Жайық» ЖШС айналысып жатыр. Саябақ кезінде ақ бор мен ақ тастар алынған карьердің орны болғандықтан, жұмысты бастамас бұрын ең алдымен 1 метр тереңдікте қара топырақ төгілді. Фонтандағы құбырлар жарылып, жарамсыз болып қалды, енді оны жөндеу үшін фонтанды кері бұзу қажет. Ал, ойын алаңдарының төсемтастың үстіне орналасуына келсек, жоба сараптамадан өткен.
- Құрылыс, Аққала, Ынтымақ ауылдарындағы су тазарту қондырғысының құрылысы өткен жылдың аяғында бітті. Алайда, аталған ауылдар таза суға әлі қол жеткізе алмай отыр.
- Аталған үш ауылдың да су тазарту қондырғысының құрылысын өткен жылы қабылдап, сенімді басқаруға сол ауылдағы жеке адамға беруге жұмыстандық. Бірақ, олар үшін бұл пайда әкелмейтін, тиімсіз болғандықтан, бұл жұмысты аудан орталығындағы «Индер Су» мекемесі өз міндетіне алып, атқарған жұмыстар нәтижесінде қазіргі уақытта Ынтымақ ауылына су берілді. Бірақ, бұл ауылдағы су тазарту қондырғысы мен су желілерін жүргізу осыдан 9 жыл бұрын басталып, жұмыстар ұзаққа созылғандықтан, таза ауыз суды үйден алуға халықтың сенімі әбден жоғалған. Желіге қосылған үйлер саны аз болғандықтан, насостан су айдаған кезде қайта-қайта жарып кетіп отырды. Соған байланысты біз күніне бір уақытты белгілеп, су жүргізгенде ол үйлер құдықтарына су толтырып алып отырды. Құрылыс ауылында да проблема бар - бірақ бұл ауылға да жақын арада таза су беретін боламыз.
- Құрылыс ауылындағы 100 орындық жаңа мектеп неліктен уәде етілгендей биыл пайдалануға берілмеді?
- Қазіргі уақытта жаңа мектептің ішкі және сыртқы жұмыстары аяқталуға жақын. Осы жылдың аяғында пайдалануға беретін боламыз.
- Бір кездері ауданда ауылішілік жолдар салынғанда, неге екені белгісіз, тек қана Аққала мен Ынтымақ ауылдарының кірме жолдары қалып қойды. Бұл жұмыстар қашан жүреді?
- Қыркүйек айында мердігер мекеме осы ауылдарда құрылыс жұмыстарын бастады, ол үшін облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Жұмыс 2018 жылдың тамыз айында бітеді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суретті түсірген автор