5 жылдан бері білім және ғылым министрлігі «Нұрбағдар» ЖШС-мен бірге жоғары сынып оқушыларының кәсіптік бағдарлануына бағытталған республикалық жобаны жүзеге асырып келеді. Жыл сайын респонденттер саны көбеюде, алайда мектеп оқушылары толық қамтылмайды – бірнеше мектептегі белгілі бір топ таңдалынады.
Мұндай сыныптарда мамандар педагогтар мен психологтардың қатысуымен кеңестер өткізеді. Тестілеуден кейін оқушы қолына қандай мамандыққа қызығушылық танытатыны және сәйкесінше білімді қай жерде алуға болатыны туралы нәтижесін алады. Еңбек кадрларының қажеттілігі туралы жалпы ақпарат облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында бар.
- Біздің облыста көп жылдан бері тұрақты түрде келесі мамандықтар бойынша инженерлер сұраныста: механик, құрылысшы, электрик, жобалаушы, бағдарламалаушылар, бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика (КИПиА). Үнемі арнайы орта білімді техниктер: технологтар, механиктер, электриктерге өтініштер түседі. Сонымен қатар сәулетшілер, сапаны бақылау бойынша мамандар қажет. Ағылшын тілін білгендерге басымдық беріледі. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтар: аргонды дәнекерлеушілер, жоғары білікті монтаждаушылар, 5-6 разрядты дәнекерлеушілер, дефектоскопистер де назардан тыс қалмайды, - дейді облыстық басқарманың жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат АМАНҒАЛИЕВА. – Көктемде жаңа үлкен жоба – ТШО-ның үшінші буын зауыты басталады, сол кезде мамандар қажет болады. Қазірдің өзінде мердігер және қосалқы мердігер мекемелер арқылы персонал жинау жүргізілуде.
Еңбек нарығы туралы өзекті ақпаратты рекрутингті компаниялар да ұсына алады. Мәселен, Кеден одағын енгізуге байланысты кеден брокерлеріне деген сұраныс жойылды. Банктердің бірігуі қызметкерлерді қысқартуға әкелді. Үш жылдан бері компаниялар бұрғылаушыларға қызығушылық танытпайды, ал біздің жоғары оқу орындарымыз оларды жыл сайын оқытып шығаруда.
Бір жағынан, жұмыс берушіге қажет мамандықтар санаты бар, алайда жергілікті нарықта оларды табу оңай емес. Мысалы, қытай тілінің сауатты аудармашылары. Бүгінгі таңда оларды Алматы, Ақтөбе және басқа өңірлерден шақыруда. Жергілікті оқу орындары сапаны бақылау бойынша менеджерлерді оқытпайды (отандық компанияларда бұл позицияны техникалық бақылау маманы деп атайды). Ал олар түрлі салада қажет – құбыр желілерінің, құрылыс жұмыстарының, т.б. сапасын бақылау керек. Негізінде компаниялар жұмысшыларды мамандандыратын арнайы орталықтарға оқуға жібереді. Сонымен қатар компанияларға жылыту, салқындату және ауаны кондициялау мен алмастыру бойынша мамандар табу қиын.
- Экономистер – кең ауқымды мамандық, алайда бұл салада есепшілер мен аудиторлар жұмыс таба алады, - дейді бір кадрлық агенттіктің директоры Жансая ОСПАНОВА. – Кез келген уақыт оларға деген сұраныс тұрақты. Бүгінде көпшілік өздерінің бизнесі болғанын қалайды, сондықтан ЖК бухгалтерлік есеп жүргізіп, салық төлеуі керек.
Зульфия ИСКАЛИЕВА