Атырау, 27 қараша 00:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Балықтың қай түрі үшін де жаза қатал

7 712 просмотра


Балық қорғау заңнамасын бұзушыға қара уылдырықтың бір келісі үшін жарты миллион теңге айыппұл мен қылмыстық іс қаупі төніп тұр. Заңсыз ауланған қара балықтың бір қапшығы үшін де Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша емес, Қылмыстық кодекс бойынша жауапкершілік қарастырылады.

Бекіре тұқымдас балықты (қортпа, бекіре, кертік, шоқыр және сүйрік) заңсыз аулау фактісі үш мың АЕК-ке дейінгі (6,8 млн теңге) мөлшердегі айыппұлдан бастап, 3 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны қарастыратын ҚР ҚК-нің 339-бабы («Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысу») бойынша қылмыстық іс қозғауға әкеледі.

- Қылмыстық жазадан басқа балық ресурстарына тигізілген зиянды өтеу туралы талап арыз ұсынылады. Егер бұрын сома заңсыз ауланған 1 келі қызыл балық үшін 14 АЕК-ке (32 мың теңге шамасында) тең болса, енді – 100 АЕК (226 900 теңге). Ал егер ол аса ерекше қорғалатын табиғи аумақтан ұсталса, онда 3 коэффициенті қосылады, - деп комментарий берді Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі (балық қорғау) инспекциясының ресми өкілі Олег ТУШКАНОВ.

Қара балық та заң бұзушыға қымбатқа түседі. Көксерке, сазан, тұқы, ақмарқа, беріш балығы, жайын, нәлім, дөңмаңдай, шортанға заң бұзушы бір келісі үшін 1,3 АЕК мөлшерінде зиян өтейді. Ал ол қорық аймағында (Дамбы, теңіз) ұсталса, бұл сома автоматты түрде үш есеге көбейеді. Бұдан басқа, зиян сомасы 100 АЕК-тен асып кетсе, іс қылмыстық іске айналады. Ақтабан, қаракөз, аққайраң, мөңке балығы, алабұға, оңғақ (линь), қызылқанат, балпанбалық, қылышбалық секілді түрлерге қатысты бір келі үшін зиян мөлшері 0,4 АЕК деп белгіленді.

Каспий итбалығын өлтіргені үшін жауапкершілік күшейтілді: бір балық үшін бұрынғы 50 АЕК-ке (113 450 теңге) қарсы 193 АЕК-ке (438 мың теңгедей) көбейді.

- Бұдан басқа, енді бекіре тұқымдастардың әрбір 100 грамм уылдырығы үшін балықтың ересек түрі үшін зиян өтеу мөлшерінен 100 пайыз өндіріледі. Мәселен, заң бұзушы қала шеңберінен 2 келі уылдырықпен ұсталса, қылмыстық жауапкершіліктен басқа оған 4,5 млн теңге сомада талап арыз беріледі. Ал қорық аймағында бұл сома үш есеге көбейеді, - деп түсіндірді мысал келтіріп Тушканов. – Аңшылық желісі бойынша да өзгерістер орын алды. Мәселен, заңсыз ауланған бір қабан үшін 200 АЕК-ке емес, 250 АЕК-ке, бір мүйізді киік үшін 500 АЕК-ке талап арыз береміз.

- Балықтың нарықтық бағасы күрт өсуі мүмкін. Браконьерлік те жоғалмайды. Өйткені бұл қауіпті «бизнестің» маржасы одан да жоғары болады.

- Көбінесе балықтың негізгі ғайып болу себебі - су ортасының ластануы, теңіз деңігейінің тербелісі (судың қайтуы) және браконьерлердің ихтиофаунаны жоюы болып отыр. Браконьерлік – кедейшілік пен жұмыссыздықтың нәтижесі деуге болмайды. Бұрын табиғат қорғау заңнамасын бұзғандар соңғы жылдары көктемде және күзде кәсіпшілік балық аулауға рұқсат құжаттарын алып, максималды түрде «заңдастырылуға» тырысады. Бұл процесс тек осы шаралардың нәтижесінде күшейеді деп ойлаймын. Іс жүзінде биоресурстарды қорғау тиімділігі өте төмен. Браконьер үшін ең жоғарғы жаза бұл айыппұл немесе шартты түрдегі мерзім. Браконьерлік үшін айыппұл өте аз, ал оның кірісі бүкіл шығындарды жабуға мүмкіндік береді. Салыстырып көрейік. Мәселен, браконьер теңізге шығу үшін орташа алғанда 50 мыңдай доллар жұмсауы керек: байда 10-15 мың доллар тұрады, 250-300 ат күші бар екі қуатты мотор әрқайсысы 15 мыңнан, оған қоса теңізде әрқайсысы 500 доллар болатын 2 гармин (GPS навигаторлар болу керек - З.Б.) болу керек және балық аулау құралы мен бензин құнын қосыңыз. Ал теңіздегі бір браконьерлік ауға жақсы балық түскен кезде 3 балық қорғау қызметкерінің 3 айлық табысына (табысы айына 68-тен 95 мың теңгеге дейін болса) жетеді. Суда принципшілдік пен адалдықты сақтау оңай емес, ал инспекторлардың жалақысының аз болуы біз бәріміз күресіп жүрген сыбайлас жемқорлықты тудырады.

- Сізге анығырақ шығар, әрине, бірақ жаңа айыппұлдар өте көп көрінеді. Біздің балығымызға тағы қалай көмектесуге болады?

- Жайыққа балық кірмейді, өйткені, бүкіл жайылма тармақтар лайланып қалған, олардың қолтықтарда тұрғанын браконьерлер біледі.

Біріншіден, жер өңдеу жұмыстарын жылдамдатып, жайылма тармақтарды тазарту керек. Сонда бұрынғы кездегідей көктемде балық ағысқа қарсы жүреді. Балық қай жер жақсы әрі терең екенін іздейді.

Екіншіден, заңнамалық деңгейде балық уылдырық шашатын кезде теңізден кәсіпшілікпен балық аулауға тыйым салу немесе реттеу туралы мәселені шешу керек деп есептеймін. Осылайша, заңды балықшылардың атын жамылып жүретін браконьерлік кемелерді бақылау оңайға түседі.

Браконьерлік фактілерді азайту мақсатында бүкіл тәркіленген байдаларды браконьерлік құралы ретінде жою, қайтадан айналымға түсуіне жол бермеу мақсатында оларды кейін жою үшін мемлекет есебінен сатып алу орынды болады деп есептеймін.

Келесі қадам – квотаны игермеген балық аулау кәсіпорындарына бақылауды күшейту. Балық аулау саласында мемлекеттік бақылау механизмін жетілдіріп, браконьерлік балық аулауға жол беретін заңнамадағы іліктерді жабу керек.  Әңгіме кәсіпшіліктен «мизерлік» квотасы бар кәсіпорынды табу секілді ұйымдастыру-құқықтық проблемалар туралы болып отыр. 2 жыл қатарынан 50% игермей отырғандардың да квота үлестерін алып қою керек. Бизнес қаржысы тартылатын балық аулау учаскелері мен балық қабылдау пункттеріне бақылау камераларын орнатқан орынды болар еді.

Сонымен қатар, қыстайтын шұңқырларға ерекше қорғалатын табиғи аумақ құқықтық мәртебесін беру қажет деп есептеймін.

Тұтынушы каналын жабу үшін бекіре балықтары сатылатын және ас мәзірінде осы жеңсік тағам жазылған базаркомдар мен мейрамхана қожайындарын жауапкершілікке тарту керек.

- Бүгінде браконьерлікпен көп ведомостволар күресуде. Кейде сіздер өте көп секілді көрінесіздер. Қойшы көп болса, қой арам өледінің кері болып шықпасын.

- Атырауда балықты көп күш құрылымдары қорғайды – балық қорғау, полиция бөлімдері, теңіз және жағалау шекарашылары, «Ақжайық» МТР және т.б. ведомостволар. Бақылаушылардың басым бөлігі көбінесе суда шиеленіскен жағдай тудырады. Өткізіліп жатқан шаралар туралы ақпаратты құпия ұстау мүмкін емес, рейдтер туралы ақпараттар үнемі ескертіліп қояды, бәрі алдын ала бірлескен жоспарлы шаралар туралы алдын ала біліп отырады да, шараның маңызы жоғалады. 

- Жаңа айыппұлдарға оралайық. Олар мамырдың аяғында күшіне енді, бірақ жаңа талаптар бойынша жауапкершілікке тарту фактілері жоқ. Неліктен?

- Біз бұл уақытта балық пен уылдырық тәркілеген жоқпыз.

- Балық аулау маусымында БАҚ-тарға күн сайын дерлік браконьерлік балықтың табылып жатқаны туралы хабарланды ғой.

- Мұны полиция хабарлаған.  

- Ал полиция заңдағы өзгерістерді басшылыққа алмайды ма?

- Алуы тиіс. Бірақ мен өз органым үшін жауап беремін. Оларда қалай екенін білмеймін, бәлкім, жауапкершілікке тартқан жағдайлар болған шығар. Бірақ болмаған сияқты. Өйткені олар, әдетте, суда емес, трассаларда ұстайды. Мұндай жағдайда бұл браконьерлік және заңсыз балық аулау емес, ҚР ҚК-нің 196-бабы – сатып алу («Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу») болады. 

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

17 қазан 2017, 17:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.