Атырау, 27 қараша 00:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Айрықша алаңдатқан ауыл

Сурет
6 025 просмотра


Жақында «АЖ» Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылында полиция бөлімшесінің ашылғанын жазған болатын. Браконьерлікпен аты шыққан ауылда жергілікті тұрғындар мен күштік құрылымдардың арасындағы қақтығыстар соңғы кездері жиілеп кеткен болатын. Ауылдағы бүгінгі ахуал қалай? «АЖ» тілшісі сонда болып, бәрін өз көзімен көріп қайтты.

ҚАЙЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ

Жанбай ауылы Каспий теңізінің жағасында орналасқан, жергілікті тұрғындардың басты кәсібі- балық аулау.

ҚР үкіметінің 2013 жылғы қаулысында көрсетілгендей, балық аулау маусымы кезінде қуаты 40 ат күші болатын «казанка» қайықтарының теңізге шығуына тыйым салынған. Қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрлігі бекіткен ережелерге сәйкес, балықтардың уылдырық шашу кезінде 20 ат күшінен аспайтын моторлы қайықтарды пайдалану керек. Бірақ, талапқа сәйкес келетін қайықтар бәрінде жоқ. Бұрын балық аулау мекемелерімен келісімшартқа отырып, қайығымен балық аулап тапсырып, қолма-қол ақшасын алып отыратындардың біразы бұл мүмкіндіктен айрылып қалды.

...Ауыл ішін таңертеңнен кешке дейін аралап, балықшылардың жай-күйімен танысқымыз келгенімен соқталтай жігіттер тұрмақ кейбір ақсақалдар ол тақырыпты қозғағысы келмей қашқақтады. Ауласыз үйлер жанындағы төңкерілген қайықтарды суретке түсіре бастағанымызда жас келіншек келіп айтарлары көп болса да, тексерістен шаршаған ауыл тұрғындары бұл жайында ештеңе айтқысы келмейтіндіктерін айтты.

Одан соң алдымыздан бұрын балық аулаумен айналысқан тұрғын кезігіп, жағдайды түсіндірді:

- Біз тек балықпен нәпақамызды таптық. Бұл баю емес, ауылда басқа кәсіп түрі жоқ. Бұдан бір ай бұрын теңіз жағасында тұрған ауылдағы жігіттердің 10-12-і «қырықтық» және байда қайықтарын тәркіледі.Бізге кері қайтары ды ма, белгісіз. «Қырықтық» қайықты кезінде 600 мың теңгеге сатып алғанмын. Былтырдан бері тұр пайдаға асусыз. Енді бударка қайық алу керек, ол 1 млн теңгеден асады. Оны сатып алуға шамамыз келмей тұр. Енді жатырмыз. Мал да жоқ. Соқталдай еркектің үйде бос жатуы қиын екен. Теңіз ауылдан 10 км жерде. Бірақ жағасына бара алмайсыздар, себебі бір апта бұрын жел тұрып, теңіз көтеріліп тасыды.

«ЖҰМЫСЫ ЖОҚТЫҚ...»

Күштік құрылымдар мен жергілікті тұрғындардың арасындағы жанжалдан соң жергілікті әкімшілік тұрғындарды жұмысқа орналастыруға уәде берген. Тіпті көктемде жұмыс жәрмеңкесі бірнеше рет ұйымдастырылып, біраз адам жұмысқа алынғаны жөнінде мәлімдеме таратылған да еді.

- Ауыл жайы мүлдем жаман деуге болмайды. Дегенмен күн көру қиындап кеткені жасырын емес, ауылдағы басты проблема - жұмыссыздық. Бұған дейін көп адам балық кәсіпшілігімен айналысқанымен өзара шиеленісіп, жағдайды қиындатып қойды. Біз, ақсақалдар тиісті орындарға мәселе етіп қойдық, «теңізге шығармай қойдыңдар жастарымыз немен күнелту керек» деп. Олар жұмыс тауып береміз деді. Жәрмеңкеге түрлі мекемелерден келіп, 200-тарта адам жұмыс сұрап резюме тапсырды, соның отызшақтысының тізімін алып, жұмысқа алса да, бірер айдан кейін қысқартуға ұшырады. Бастан уақытша емес, тұрақты жұмысқа неге орналастырмаған? Осы ауыл маңында отырған «ПотенцОил», «Сазанқұрақ» т. б. мұнайлы мекемелерде еңбек ететін жанбайлықтар саусақпен санарлық. Ал олар жұмысшыны сырттан әкеліп отыр. Неге осыған биліктегілер араласпайды? Менің үш балам бос отыр. Бір жиенімді бір айлық курсқа жіберіп еді, бірақ жұмыс тауып бере алмады. Заңдық тұрғыда балық аулауға тыйым салғаны дұрыс, бірақ қарапайым халықтың жағдайын неге ойламайды? - дейді зейнеткер Теміртас ИГІЛІКОВ (суретте).

Сиғуат ЕЛЕШОВ (суретте) жұмыс жәрмеңкесінен Теңіздегі «Сичим» мекемесіне жұмысшы болып орналасақанымен екі аусымнан кейін жұмыссыз қалыпты:

- Күрделі жөндеу бітті деп жұмыстан босатып тастады. Менімен барған басқа төрт жігіт те жұмыссыз отыр енді.

Осы кезде жолдасының әңгімесін Тұрсын ТӨЛЕНОВА жалғастырды:

- Бір балам қалада тұрады, алатыны айына 80 мың теңге. Оның жартысын пәтер жалдауға, қалғанын үйленгенде алған несиесін жабуға жібереді. Келіншегі баламен отыр. Бір балам студент, ақылы оқуда. Кіріс жоқ. Көшенің қоқысын жинаймыз, бірақ бұл да уақытша.

Мал өсіру қиындап отырғанын да ауыл адамдары жасырмады. Жердің құнарсыздығынан егіншілік те дамымай отыр. Ал өріс мұнай кеніштерінің орналасуынан тарылып отырған көрінеді. Құм өңірінде отырған мал арасында белгісіз дерттен өлім-жітімнің көбеюін мал дәрігері Асқар ҚАЗБЕКОВ жасырған жоқ. «Құрасов» ШҚ белгісіз аурудан 82 ірі қара өлген.  


ЖАҒЫМСЫЗ АУА, САПАСЫЗ СУ ЖӘНЕ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

Жанармай қымбаттайды дегелі бір аптаның ішінде Атырауға дейін такси бір адамға 1400, ал аудан орталығы Аққыстауға 400 теңгеге шарықтап шыға кетуіне шағымданушылар көп болды. Қымбатшылық ауыз суға да жеткен, текше метрі 257 теңге 60 тиын.

- Су тым қымбат, айына кейбір үйлер 4-5 мың теңгеге дейін төлеуде. Оның үстіне ауыз су сапасыз. Ауыз су ретінде пайдалану мүмкін емес, сондықтан кейбір тұрғындар сүзгіштен өткізіп амалдауда. Адам денсаулығына қажеттісі су ғой, ал үнемі дүкеннен сатып алу мүмкін емес. Оған кім-кімнің де қалтасы көтермейді, - дейді Венера ҚАПСАЛИХОВА, Марат СӘРСЕНҒАЛИЕВ. 


Тұрғындардың сөзін ауыл емханасының бас дәрігері Жұпар САЛАМАТОВА (суретте) былай деп толықтырды:

- Су ішуге жарамайды. Жуынуға да лас. Өз басым су келетін түтікшеге мақтаны тығып, матамен сүзіп пайдаланудамын. Соның өзінде де су қоңыр түсті. Біз тиісті орындарға айтып жатырмыз, бірақ нәтижесіз.

- Ауыл адамдары үнемі топырақ жауып, шаң болып тұратынына жиі шағымданады...

- Соңғы жылдары қан қысымы, жүрек қан тамырлары көбейіп кетіп отыр. Биыл ересектер мен балалар арасында аллергиялық дерматит көбейіп кетті. Ол ауадан ба, тамақтан ба. Негізі ауадан сияқты. Бір ғана мысал, ауыл мұғалімі көшеге, яғни ауаға шықса болды аллергия пайда болады, ал жабық орында отырса ондайы байқалмайды. Былтырғы тоғыз айда тыныс ауруымен 706 адам ауырса, биылғы тоғыз айда 722-ге жетіп отыр. Ал жүкті әйелдер арасында қаназдық өткен жылы 21 болса, биыл - 47. Қаназдық ер адамдар арасында да кездесуде.

КӨПІРДІ КІМ ДҰРЫСТАП БЕРЕДІ?

Ауылда үш мыңдай адам тұрады. Олардың ішінде жағдайы төмен отбасылар да бар. 35 жастағы Гүлнази САРМОЛДИНА (суретте) бес баланың анасы. Алды  мектеп жасына жетсе, кішісі бір жаста. Барлық балаларына 9200 теңге жәрдемақы алады. Отағасы жұмыс таба алмай отырғандықтан, үйдің басты табысы- науқас анасының зейнетақысы.


Жанбайға сапарымызда жергілікті билік өкілдерінен коментарий алу мүмкін болмады. Біз округ әкімі Дидар ЕСМҰХАНОВТЫ екі рет аяқтай іздеп барғанымызбен жолықтыра алмадық. Көп сұрақ көкейімізде кетті. Оқырмандарымыздың есінде болса ауылдан 4 км жерде жырақ орналасқан  Табылды УТЕБАЕВТЫҢ жапандағы жалғыз үйі туралы жазған едік. Бұл үйдің мәселесі әлі шешілмеген, әкімнен бұл туралы да сұрай алмадық. 

Жуырда ғана ашылған құраманда 13 қызметкері бар ауылдағы полиция бөлімшесіне бардық. Бөлімше бастығы Жұмагелді ХАНГЕРЕЕВ те жаңадан құрылып жатқандықтан көп ештеңе айта алмайтынын айтты.

- Ауылға кіре берісте «шекаралық аймақ» (суретте) деп жазылған тақтайша тұр. Мұндай тақтайша Забуырын ауылында да бар. Бірақ бұл жағымсыз әсер қалдырады екен. Негізі елімізде шекаралық аймақтар бар. Менің түсінігімде шекаралық аймақты бұзғанға қатаң жаза қолданылады. Бұл белгінің осы жазда қойылуы түсініксіз күйде қалдырып отыр, - дейді Дидарбек САХАРБАЕВ.

Теңіз жағасында отырған, ауылды айналдыра мұнай кәсіпорындары орналасқан жанбайлықтардың бүгінгі қалі осы.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суретті түсірген автор

16 қазан 2017, 16:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.