Атырау, 27 қараша 00:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жоқтан жақсы дегені ме?

Сурет Бейнежазба
2 934 просмотра

Өткен жылдың аяғында Нұрсая ықшамауданындағы 240 пәтерлік жалғыз жатақхананың кілті жетімдер үйінің түлектеріне, мүгедектігі барлар мен Химпоселке поселкесіндегі апатты үйлердің тұрғындарына, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне табысталған болатын. Жатақхана тұрғындарының бүгінгі жағдайын «АЖ» тілшілері біліп қайтты.

ГАЗ КІМГЕ КЕРЕК ЕМЕС

Нұрсая ықшам ауданындағы жатақхананың пайдалануға берілгеніне 1 жылға жуықтап қалды. Оның барлық тұрғындарына бір бөлмелі пәтерлерден үлестірілген болатын.

Мәрия әжей, жатақхана тұрғыны:

- Қыста кілтін берді. Ішін бір ақтатып, кіріп алдым. 1 бөлме болса да, бұрынғы сыз тартқан ескі үйімнен жылы ғой. Көшіп келген кезде өзге жас жігіттер  келіп подьезде арақ ішіп, жиі төбелес шығаратын. Қазір ондай жоқ. Өзім сияқты кемпірлер көп тұрады. Одан қалы балалар үйінің балалары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері тұрады. Шыны керек мынадай бөлмеде жағдай керім, асып- тасыған ешкім тұрмайды. Ешқайсымыз оңғаннан келген жоқпыз.

Тұрғындардың айтуынша, газ жүргізуге қаңтар айларында ПИК-ке 5400 теңге төлеген, ал ақпан айында келгендер 6400 теңге төлеген. 8 ай өтсе де газ әлі жүргізілмеген. Тұрғындар газ жүргізушілерге хабарласқанда: «Барлық тұрғындар ақшаларын толық жинап берс ғана газ жүргізіп береміз жүргізіп береміз. Сол себепті тұрғындардың барлығы ақшаларын төлеуі тиіс», - деп жауап берген.

Бөлмелерді аралап көргенімізде бір бөлмеге газ жүргізілсе, енді біріне жүргізілмегенін көрдік. Кейбір көршілері газ жүргізуге тиісті төлемді төлемегеннің кесірінен өзге тұрғындар зардап шегіп отыр. «Қалада тұрып, ортағасырдың адамдары сияқты баяғыша плитка жағып күн кешеміз бе?» деп ашынады тұрғындар.

Аталмыш жатақхана туралы «АЖ» сауалына  қалалық ТКШ бөлімінің басшысының м.а Эдуард ОСПАНОВ редакция сауалына жауап берді:

- 2016 жылдың желтоқсан айында Нұрсая шағынауданының №14 көшесінде орналасқан №14 «а»  үй жатақхана емес, 240 пәтерлік тұрғын үй. Бұл үйге газ беруге «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалынан рұқсат берілгенімен, газ қосу үшін төленетін қаржыны тұрғындар төлемеуіне байланысты газ толық берілмей отыр. Барлық подъездерге өрт сөндіру құрылғылары толық орнатылғанымен, тұрғындар тарапынан өрт сөндіру шлангаларын кесіп алу фактілері тіркелген. Сол себепті шлангалар жоқ. Лифтілерде жұмыс жасап тұрған болатын. Бірақ тұрғындар лифтілерді дұрыс пайдаланбағандықтан, істен шыққан.

ҰРЛЫҚ ТҮБІ - ЛИФТІСІЗ, ҚАРАҢҒЫ ПОДЪЕЗД

Бір-біріне қарама-қарсы орналасқан жатақхананың лифтілері де жұмыс істеуді қойған. Тек бір ғана подъездің лифтісі жұмыс істеп қалғандары тоқтап тұр. Тұрғындардың айтуынша, лифтінің сым-кабельдері ұрланып, содан кейін тоқтап қалған. Жоғары қабатта тұратын тұрғындар үшін үйлеріне мініп-түсу мұң болып отыр, оның үстіне подъезд ішіде тас қараңғы. Тұрғындар «ұрылар алыстан келмеді, подъезд ішінен келген тұрғындар ұрлады. Бірақ полиция әлі ұстамады» дейді.  Жатақхананың бірінші қабатында №14 учаскелік полиция бөлімі орналасқан. Бірақ есігіне ілінген қара құлып ілінген. Тұрғындар учаскелік инспектор күн сайын кешке қарай, кейде аптасына 1 рет келетінін айтады. Жатақханадан пәтер алу мәртебесіне ие болғандардың бірі - Аслан. Анасы туа сала тастап кеткен Аслан 9 қатарда тұрады.

- Желтоқсанда бөлме берді. Бөлмем пәтерден кем емес.Өзім тұрамын ғой, бір бөлмеде бірге тұратын отбасым да жоқ... Күндіз мекемеде бағдарламашы болып жұмыс істеймін, үйге келген соң кешке қарай жиһаз дизайнын істеймін. Ай сайын үйдің шығындары азық-түлікпен 30-мыңдай шығады. Жалақымды жинап, қазір бөлмеме жөндеу жұмыстарын істеп жатырмын.

- Көршілермен қарым- қатынасың қалай?

- Көршілерім де өзім сияқты жетімдер. Төменде көршілеріміз - мұғалімдер. Көбі күндіз жұмыста, кешкі 6- дан кейін  келеді. Бәрін болмаса да, жартысын танимын. Араласып тұрамыз.

- Лифтінің кабелі ұрланып, соны жетімдер үйінің түлектерінен көрген. Бұл туралы не білесің?

- Жетімдер үйінің балалары - тентек, сотқар дейді. Осындай түсінік қалыптасып қалған. Бірақ, біз де тәрбие көрдік, оқыдық, өмірден көп нәрсе түйдік. Ұрлық болған күні полиция келіп көп адамнан түсініктеме алдық Кейін балалар үйінің түлектерінен көрді. Содан кейін бізге деген қарым-қатынас күрт нашарлап кетті. Былайша айтқанда ала көзбен қарайтын болды. Бірақ кейін басылды. Кім ұрлағанын білмеймін, бірақ ешқандай дәлелсіз балалар үйінен шыққан жігіттер ұрлады деу дұрыс емес.  

- Қазір жағдайларыңыз қалай?

- Шүкір, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Бастысы - басымда баспанам бар, жұмысым бар. Болашаққа жоспарым көп. Жатақхана подъезінде жарық, лифт жұмыс істемейді. Соны жөндесе жақсы болар еді. Шыны керек, көшкенімізге 8 ай болса да, жағдайымыз енді оңалып келеді.


Фархат ӘБІЛОВ

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ


16 қазан 2017, 15:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.