Атырау, 27 қараша 00:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қоғамдық көліктер: Ақтау, Орал, Ақтөбе

Сурет Бейнежазба
7 342 просмотра

Жақында жұртшылыққа «2017-2022 жылдарға арналған Атырау қаласындағы қоғамдық көліктерді дамыту тұжырымдамасы» таныстырылған болатын. Оны әзірлеуге қазынадан 22 млн теңге бөлінген болатын. Автордың пікірінше, оны жүзеге асыруға бюджеттен 12 млрд теңге бөлінуі керек. Ал жеке инвестиция салу - әркімнің өз еркінде болғандықтан оны санау мүмкін емес. Осы жұртшылық тыңдауларында қоғамдық көліктердің жүйесін бір ізге келтіруге болмай ма деген пікірлер айтылды. «АЖ» көршілес үш облыстағы қоғамдық көліктердің жай-күйін баяндайды.

АҚТАУ

Ақтаудан қашық орналасқан Маңғыстау вокзалына келген №104 қоғамдық көлікті көзіміз шалды. Өзіміздегідей DaewooBus маркалы үлкен қоғамдық көлік. Қала ішінде жол жүру ақысы - 50 теңге, балалар мен оқушыларға - 25 теңге (естеріңізге сала кетсек, Атырауда жол ақысы – 80 теңге, зейнеткерлерге - 40 теңге, ал оқушылар сабақ күндері тегін жүреді). Ал қала маңындағы ауылдарға (Мұнайлы ауданы Маңғышлақ-1,2,3, Қызылтөбе ауылдары және т.б.) қатынау үшін жолақы қаладан алыстаған сайын қымбаттай береді.

Ақтауда қоғамдық көлікке бір мезетте екі мүгедіктігі бар азамат кірсе, қайсысы бірінші кірсе, сол тегін жүріп, екіншісі жолақыны толық төлейді. Бұл бір түрлі қызық әдіс екен. Осының салдарынан кейде ұрыс шығып тұратындығын жолсеріктер жасырмайды.  

Қала тұрғындарының айтуынша, соңғы жылдары қала ішінен «ГАЗель» маркалы қоғамдық көліктерді алып тастап, орнына DaewooBus пен «ПАЗ» маркалы автокөліктерді шығарған. Бірақ тұрғындар «Пазиктен құтылатын да кез жетті ғой» дейді. ГАЗельдерді қала ішінен алып тастағаны көп болды. Олар тек ауылдар мен аудан орталықтарына ғана қатынайды.

Бір жақсысы, Ақтауда біздегідей қоғамдық көліктерде сығылысу көп байқалмайды.  

Алтынгүл, Ақтау тұрғыны:

- Қоғамдық көліктерге айтарлықтай шағымымыз жоқ. Бұрын уақыттарына байланысты көптеген шағымдар болатын еді. Кейін жергілікті журналистер осы мәселе бойынша қоғамдық көліктердің жүру уақытын тексергенде айтарлықтай уақыт сақтамаушылық таппаған. Көш жүре келе түзеледі, болашақта пазиктерді алып орнына қазіргідей үлкен автобустарды қоятын болар деп үміттенеміз.

ОРАЛ

Жергілікті тұрғындардың пікірінше, мұнда қоғамдық көлік мәселесі біздегі жағдайдан да нашарлау болып шықты. Қыркүйекте ғана 80 теңгеге көтерілген жолақысы қордаланған мәселелерді шеше алмай отырған көрінеді.

- Ең қиыны – қалада халық көп мінетін уақыттарда автобустардың жүрісі еш реттелмегені. Онымен қоса көшелерде асфальт жоқ, болса да, шұрық-тесік, нашар. Қазір қала сыртында ықшамаудандар көбеюде, бірақ ол бағыттарға қатынайтын жолаушылар тасымалы ақсап тұр, себебі – жол жоқ. Көліктердің көпшілігі ескі ПАЗ маркалы автобустар, - дейді біздің әріптесіміз, azattyq.org сайтының БҚО-дағы меншікті тілшісі Санат УРНАЛИЕВ. – Біздер Атырауда болғанда автобустардың ластығын байқадық және жүргізушілер құйындатып айдайды екен. Сіздермен салыстырғанда бізде әрине, жағдай жаман емес.

Қоғамдық көліктерде қарастырылған жеңілдіктер – балалар мен зейнеткерлерге қарастырылған. Студенттерде ешқандай жеңілдік жоқ, олар толық төлейді.

Әріптесіміз Оралда да мәселе Атыраудағыдай екенін айта келе, оқушыларды автобусқа кіргізбей, күнделіктерін көрсетуді талап етіп, сөмкелерін ақтарған жағдайлардың болмағанын айтады. 

АҚТӨБЕ

Қалада екі тасымалдаушы бар: «Автопарк» ЖШС және «Пассажирское автотранспортное предприятие» мекемесі. Алғашқысының балансында 300-ден аса көлік болса, екіншісі 150 көлікке ие. Қазіргі таңда Ақтөбеде осы екі тасымалдаушының арасында бәсекелестік орын алып отыр.

- Біздің қалада автобустарда жүру ақысы 55 теңге тұрады, жеңілдік бойынша балалар, зейнеткерлер, мүгедектер 25 теңге төлейді, - деп әңгімелейді біздің әріптесіміз, aktobenews.kz сайтының және tilshi.kz ақпараттық агенттігінің редакторы Асқар АҚТІЛЕУ.

Бұрын зейнеткерлер  куәліктерімен тегін жүрсе, ал, қазір олардың зейнетақысына жергілікті бюджеттен 1 000 теңгедей үстемеақы төленеді.

Ақтөбенің қоғамдық көліктерінде «ГАЗельдер» жоқ, қала көшелеріне үлкен автобустар мен ПАЗ шығады.

Кейде билет бермеу жағдайлары кездесіп жатады. Дегенмен, билеттерде Әбілқайыр хан ескерткіші бейнеленіп, келесі бетінде түрлі жарнамалар басылады екен. Ақтөбеде автобустар жұмыстарына таңғы жетіде кірісіп, кешкі тоғыздарда тоқтайды, орталық маршруттардағы автобустар онға дейін жүреді. Бұрын кондукторлардың дөрекелігіне қатысты арыз-шағым көп болған соң, көп жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде ілгерілеушілік байқалған. Қоғамдық көліктерде  де тазалық деңгейі жақсарған.

Сонымен қатар жүргізушілер мен кондукторларының аты-жөндері жазылған тақтайшаны әр көліктің ішінде байқай аласыз және автобус есіктері мен сырттарында жергілікті футбол және баскетбол командаларының логотиптері мен белгілі өнер қайраткерлерінің, батырлардың суреттері ілініп тұрады.

Алайда, екі тасымалдаушының жолақыны 100-150 теңге аралығында көтеру туралы өтініштері қоғамдық кеңесте талқыланып, әзірге қабылданбай, қайта түзетуге жіберілген.


Дайындағандар Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА, Фархат ӘБІЛОВ 

Ақтаудағы сурет пен видеоны түсірген Фархат Әбілов

16 қазан 2017, 15:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.