Ирак армиясы күрдтердің бақылауындағы Киркук провинциясына кірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Күрдістан Қауіпсіздік кеңесі Ирак күштері мен үкіметке қарайтын шииттік «Аль-Хашд аш-Шааби» жасақшылары күрдтер бақылайтын Киркук провинциясына кіргенін мәлімдеді.
«Ирак күштері мен «Халықты мобилизациялау күштері» («Аль-Хашд аш-Шааби» - ред.) қазір Таза қаласынан Киркук қаласына қарай жақындап келеді. Ондағы мақсаттары – қаланы, K-1 базасы мен мұнай кен орындарын басып алу», - делінген Қауіпсіздік кеңесінің твиттердегі парақшасында.
Ирак Күрдістанының вице-президенті Косрат Расулдың бұйрығымен Киркукке үш мың күрд жасағы жіберілді.
Ал Ирак премьер-министрі Хейдар аль-Абади ел армиясына Киркук провинциясындағы мемлекеттік нысандар мен әскери базаларда қауіпсіздікті қаматамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, ол әскерилерге Ирак Күрдістанының жасағымен қақтығысқа бармай, керісінше олармен өзара әрекет етіп, бейбіт тұрғындарды қорғауды бұйырды. Алайда қазір екі тарап та бір-біріне қарсы оқ атып жатыр.
Бұған дейін Бағдат күрдтерді Киркук қорғанысы үшін «Күрдістан жұмысшылар партиясын» жұмылдырды айыптаған еді. Алайда күрд жасақтары бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Киркук пен күрд автономиясының ресми шекарасының маңындағы басқа да өңірлер күрдтердің бақылауында. 25 қыркүйекте Ирак Күрдістанында тәуелсіздік жөнінде референдум өткеннен кейін, Ирак парламенті Киркук провинциясына әскер кіргізу туралы шешім қабылдады.
Кейін премьер аль-Абади Ирак армиясы ел азаматтарына қарсы соғыс ашпайтынын мәлімдеп, күрдтерді диалогқа шақырып, референдум нәтижесінен бас тартуын талап етті. Күрд билігі диалогқа дайын екенін, алайда дауыс беру нәтижесін жоққа шығара алмайтынын мәлімдеді.
Айта кетсек, Ирак Күрдістанындағы референдумда дауыс бергендердің 93 пайызы тәуелсіз мемлекет болуды қолдады. Референдумға 3,3 миллионға жуық адам қатысқан.
Ирак Күрдістаны – Ирактың солтүстігі мен солтүстік-шығысындағы Күрд автономиясының бейресми атауы. Күрдтер осы аймаққа кіретін Дахук, Сулеймания және Эрбиль провинцияларында тұрады. Билік басында – Масуд Барзани басқаратын Күрдістан демократиялық партиясы.
Дереккөз: Baq.kz