Аустрияда Парламенттік сайлау аяқталды. Азаматтары 16 жастан бастап дауыс беру құқығына ие мемлекетте сайлауға 8,7 млн халықтың 6,4 млн қатысты. Сайлау қорытындылары толық белгілі болмаса да, оның алғашқы нәтижелері мен жеңімпаздар туралы болжамдар жарық көріп үлгерді. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.
Алдын-ала болжамдар бойынша, 31 жастағы Себастьян Курц басқаратын Консервативті Халықтық Партия 31,5 пайыз дауыспен алдыңғы орында тұр. Онан кейінгі кезекке 27,1 пайыз дауыспен Социал-Демократиялық Партия тұрақтаса, оң қанаттағы Еркіндік Партиясы - үшінші орында.
Аустриядағы парламенттік сайлау мерзімінен бір жыл бұрын өткізілді. Оған себеп - Консервативті Халықтық Партия мен Социал-Демократиялық Партия одағының ыдырауы. Енді сарапшылардың пікірінше, жаңа одақтас байланыстар Консервативті Халықтық Партия мен Еркіндік Партиясы арасында орнайды.
Дереккөз: qazaqtimes.com