Фото: bbc.com
Ресейдің TASS ақпараттық агенттігі Солтүстік Кореяның Сыртқы Істер министрінің мәлімдемесіне сілтеме жасап, "АҚШ КХДР-ға қарсы соғыс өртін тұтатты" деген хабарлама таратты. Ресейлік TASS-қа сұхбат берген Ли Ён Хо Дональд Трамптың БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзін негізге алған. Бұл туралы CNN ақпараттық агенттігі жазды.
Солтүстік Кореяның ядролық қару сынақтарын өткізуіне байланысты орнаған қиын қарым-қатынастар АҚШ Президенті мен КХДР ресми билік өкілдерінің арасында бір-біріне "сәлемдемелер" жолдаумен жалғасып, "сөз соғысына" ұласып еді.
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының жиынында Дональд Трамп Солтүстік Кореяны толықтай жойып жіберуге ықылас білдіріп, оның басшысын "зымыран адам" деп атады. Солтүстік Кореяның Сыртқы Істер министрі Ли Ён Хо: "Дональд Трамп БҰҰ-дағы басқосуда өзінің ашулы келбетімен соғыстың өртін тұтатты" - деген пікір білдірді. Ресми өкіл сөзін ары қарай былай жалғады: "АҚШ өзін бүкіл әлемнің алдында масқаралағысы келмесе, ақылға салып, бізге тиіскенін қоюы керек. Біздің халқымыз Америка сияқты агрессор мемлекетті жазасыз қалдырмайды!".
Кеше Дональд Трамп Канаданың Премьер-министрі Джастин Трюдомен кездесу барысында: "Басқалардың пікірін тыңдасам, менің Солтүстік Кореяға деген қарым-қатынасым өзгеше екенін түсінемін. Мен айналамдағылардың бәрінің ойын ескеремін, бірақ түптеп келгенде Солтүстік Кореяға қатысты МЕНҢ қарым-қатынасым қалай болғаны маңызды емес пе?" деді.
TASS ақпараттық агенттігі журналисінің "АҚШ пен Солтүстік Корея арасында келіссөздер болуы мүмкін бе?" деген сұрағына Ли Ён Хо: "Қазіргі АҚШ-тың Солтүстік Кореяға қарсы санкциялар жариялап, үнемі қысым көрсетіп әрі соғыс қаупін төндіріп отырған кезі келіссөздер жүргізуге қолайлы сәт деп ойламаймын", - деп жауап берді.
Дереккөз: qazaqtimes.com