Атырау, 19 сәуір 18:10
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Химиялық реакция

4 727 просмотра


Атыраудан тағы бір өнеркәсіп зауытын салу жоспарланған. Бұл жолы ол химиялық реагенттер өндіретін кәсіпорын болмақ. Жергілікті ғалымдар мен белсенділер қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) жөніндегі қоғамдық тыңдауда өз наразылықтарын білдірді.

 

ЖОБА ТУРАЛЫ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТТІК «АЛИБИ»

Қала шеңберінде орналасқан танымал кәсіпорындардың зиянды қалдықтарды жаппай шығаруы жалпы ахуалды ушықтырғаны сондай, енді Атырауда мұндай жобаларды өткізу қиынға соғуда. Химреагенттер зауытын салу жөніндегі «Chemical Solution» ЖШС жобасы тыңдау қатысушыларының теріс реакциясын тудырғаны таң қаларлық емес.

Жобаны қорғаған «Caspian constractors trust» ЖШС филиалының директоры Павел ЗАХАРОВ зауытта 140 жұмыс орны бар екенін - өндірістің шағын екенін әңгімеледі. Қауіптілік сыныбы – ІІ (адамға және қоршаған ортаға әсер ету деңгейі бойынша қалдықтар қауіптіліктің (улылықтың) бес сыныбына бөлінеді, бұл өндіріс «Жеке және заңды тұлғалар іс-әрекеттерінің процесінде пайда болатын қауіпті қалдықтарды қауіптіліктің  нақты сыныбына жатқызу ережесіне» сәйкес, жоғары қауіпті сыныпқа жатады – З.Б.).

Зауыт шынымен де шағын, жоба авторлары да «цех» тұжырымдамасын қолданғанды жөн көреді: оның жобалық қуаты жылына 9,6 мың тонна. Өндіріс қуатын барынша пайдаланған кезде бұл тәулігіне 30 тоннадай болады. Деэмульгаторларды, депрессорлық қоспаларды, коррозия ингибиторларын, тұз шөгінділері ингибиторларын, турбулентке қарсы қоспаларды, күкіртсутегіні сорғышты өндіруді жоспарлап отыр.

Химпоселкедегі өнеркәсіптік аумақтағы 2,5 га алаң болатын жер телімі меншік құқығы бойынша «Chemical Solution» ЖШС-не тиесілі. Қожайындар өздеріне зауыттың қалада орналасқаны қолайлы екенін жасырып отырған жоқ. Учаске толықтай инфрақұрылыммен қамтылған.

- Тұрғын үй секторына дейінгі қашықтық – 800 метр, зауыттың осы санитарлық-қорғау аймағын есептегенде 500 метр болады, - деді Захаров.

Экологиялық «алибимен» шымкенттік «Мурзин» ЖК қамтамасыз еткен. Қоршаған ортаны қорғау (ҚОҚ) туралы бөлімді әзірлеуші болашақ өндірістің әсерін «болмашы» деп атады. ҚОҚ авторлары белгіленген қызметтің «жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын нашарлатпайтындығына» сенімді. Бір қызығы, ҚОҚ туралы бөлімде «Қазақстанның мұнай өндіруші кәсіпорындарын химиялық реактивтермен қамтамасыз ету және қосымша жұмыс орындарын құру» позитивті дәлелдер ретінде келтірілген. Айта кету керек, ЖК туралы мәлімет ашық дереккөздерден табылмады. Фирманың өз сайты жоқ, тиісінше, бұрын орындалған жобаларына сілтемелер де жоқ.

ҚАРАБАТАНҒА БАРЫҢЫЗДАР

Таныстырылымнан кейін ұйымдастырушылар соның алдында өткен алдын ала, консультативтік кездесуде тыңдауға қатысушылар қойған сұрақтарға жауап берді. Айта кету керек, әдеттегідей, тыңдауға журналистерден басқа, лауазымды өкілеттіктеріне сәйкес қатысқан тұлғалардан басқа, белгілі бір шағын топ қатысады. Олар үнемі жобалармен онлайн түрінде танысуға уақыт табады, қолайсыз сұрақтар қойып, бізге қажет емес жобаны тоқтатпаса да, өзгеріс енгізуге мәжбүр етеді. Бәріміз үшін аяғын әзер сүйретіп, 84 жастағы академик Мұфтах ДИАРОВ та барыпты. Ол атмосфераның, өсімдік жабынының, судың, жердің күйіне талдау жасау үшін сынамалар мөлшерін атауды өтінді.

- Біз сынамалар алған жоқпыз, зауыт енді ғана жобалануда. Біз Қазгидрометтен анықтама алуға тапсырыс бердік, атмосфералық ауаға тасталатын шығарындыларды есептеген кезде Атыраудың фонын ескердік. Шығарындыларды есептеу кезінде кәсіпорыннан санитарлық-қорғау аймағының шекарасында шығарындылар мөлшері рұқсат етілген шекті концентрациядан төмен болады деген мәлімет алдық, - деп жауап берді тыңдауды ұйымдастырушылар.

ҚОҚ бойынша аналитикалық зертхана басшысы Ғалия ҮМБЕТӘЛИЕВА былай деді:

- Есептеулер үшін сіздер бүкіл қаланың фонын алғансыздар, алайда зауыт жұмыс жасайтын учаскенің фонын алып, жердің, су мен ауаның сынамасын алу керек еді. Қала шеңберінде Қазгидрометтің стационарлық мониторинг станциясы жоқ. Учаскенің фонын анықтау - сіздің қызметіңіздің нәтижесінде қоршаған ортада қандай өзгерістер болғанын түсіну үшін қажет.

Тыңдауда учаске қожайындарының жер телімінің мақсатын өзгерткені анықталды. Алдымен ол жер өндірістік база ретінде алынған.

- ҚОӘБ материалдары бойынша объектіні Атыраудың емес, Астананың бас сәулетшісі бекіткен. Бұл жерде салынатын объектіні неліктен Астананың бас сәулетшісінің бекітетінін түсінбеймін, - деп сұрақ қойды «Аялы орта» ҚБ жетекшісі Серік ӨТЕПҚАЛИЕВ.

- Сіздің қолыңызға жобаның аралық сызба нұсқасы түскен, бұл ішкі құжат. Оған назар аударудың қажеті жоқ, - деді ұйымдастырушылар. Қолданылу мақсатының өзгеруі, олардың айтуларынша, заңнамаға қайшы емес.

Бірнеше спикер болашақ химреагенттер зауыты үшін баламалы орналасуды – оны Қарабатандағы еркін экономикалық аймаққа (ЕЭА) көшіруді ұсынды. Бұл ұсынысқа облыстық әкімдіктің кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының өкілі Ақбөбек ШАРҒАБАЕВА комментарий берді:

- Қарабатанның жанында түгелдей инфрақұрылыммен қамтылған үлкен ЕЭА аумағы бар. Біз «ChemicalSolutions» ЖШС компаниясына сол жерден объект салу туралы ұсыным бердік. Мен өзім зауыт салынып жатқан аумақта болдым, зауыттағы құрылыс орнының дұрыс таңдалмағаны туралы өз пікірімді білдірдім. Біздің қалада эмульгаторлар шығаратын «Рауан Налко» зауыты бар. Кәсіпкерлік басқармасы екі жыл бойына оларға зауыт салу орнын көшіру керектігі туралы ұсынымдар беруде. Бұл өндірісті көшіру әлі де кеш емес деп ойлаймын. Атырау облысында мемлекеттің қолдауымен мұнайхимия кластері дамуда және сіздің компанияңызды біз осы кластерге енгіздік. ЕЭА мұнайхимия кластерін дамыту мақсатында салынған және сіз сол жерден өз құрылысыңызды бастай аласыз. Бұл жағдайда сізде мұндай проблема болмайды.

Атырау мұнай және газ университетінің Каспий зерттеу институтының директоры Қосан ТАСҚЫНБАЕВ көптен сұранып тұрған ұсынысты айтты:

- Мен қала төңірегінен кәсіпорын құрылысын салуға мүлдем тыйым салып, құрылысты Қарабатандағы ЕЭА-ға көшіруді ұсынамын. Ол жерде бүкіл кешен құрылуда. Қалалық ҮЕҰ-дар облыстық мәслихатқа депутаттар заңды түрде қала шеңберінен өндірістік кәсіпорындар салуға тыйым салсын деген ұсыныспен шықса деймін. Тіпті, қазіргі бар кәсіпорындардың өздері тұрғындар үшін үлкен қауіп төндіреді.

АЛ ҚОЖАЙЫНДАР КІМДЕР?

«Заман» ҚБ атынан Әсел НҰРҒАЗИЕВА қызық сұрақ қойды.

- Қазір парламентте жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасы әзірленуде. Заңда бенефициарлық құқық туралы айтылады. Жалпылай алғанда, бүкіл әлем игілік пен пайданы негізгі алушы кім екенін білгісі келеді. Білгім келгені – компания құрылтайшылары кімдер, игілікті (пайданы) негізгі алушы кім?

Тыңдауда компания басшысы атынан «ChemicalSolutions» ЖШС акционері Бауыржан ОТАРОВ қатысып отыр. Кәсіпорын басшыларының кім екені туралы жауапты Нұрғазиева ақыры ала алмады. Тек оның орналасқан жерінің Алматы екені ғана белгілі. Тасқынбаев ахуалға іштен қанық болу үшін негізгі бенефициардың Атырауға, зауытқа жақын жерге көшіп келуін ұсынды.

Академик Мұфтах Диаровтың сұрақтары жартымды жауапсыз қалды:

- Ештеңе айқын емес: қандай химиялық реактивтерді пайдаланасыздар; олардың химиялық формулалары қандай; мұнда қандай химиялық реакциялар болады, не бөлінеді және қандай мөлшерде? Нені пайдаланбақсыздар, шикізаттың бастапқы құрамы қандай, одан не бөлінеді, жылына қандай мөлшерде? Олардың қосылысынан қандай реакция болады? Тұрғындарға әсері қандай болады? Жел қандай жылдамдықта болған кезде ыдырайтынын есептедіңіздер ме? Шығарындылар жиынтығы бойынша – сіздердің шығарындыларыңыздан қаладағы ауа құрамы қалай өзгереді? Шығарындылар жиынтығы бойынша есептеулер бар ма?

Тыңдау қорытындысы бойынша «ChemicalSolutions» ЖШС-ге ҚОӘБ материалдарын жетілдіріп, баламалы шешім ретінде зауытты қала сыртына шығаруға ұсыныстар енгізілді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

10 қазан 2017, 18:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.