Өткен аптада жұмыртқа, сары май, шай бағасы қымбаттап кетті. Бағалар мониторингі не көрсетіп тұр? «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қалай әрекет етпекші? Бұл туралы бұған дейін облыс орталығы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген ӘКК басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Амантай АЙТБАЕВ сұхбат берді.
– Бензиннен кейін азық-түлік тауарлары да қымбаттап кетті, сіздегі мәлімет қандай?
– Әлеуметтік маңызды тауар бағаларының мониторингіне сәйкес, қыркүйекте келесі азық-түліктер: рожки - 1,3%-ға, сиыр еті – 1,8%-ға, тауық еті – 0,6 пайызға және 1-санатты жұмыртқа – 1,8%-ға қымбаттады. 2017-2018 жылғы маусымаралық кезеңде тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін «Атырау» ӘКК 1000 тонна картоп жеткізу жөнінде облыстағы екі шаруа қожалығымен форвардтық шарт жасады. Жеткізу мерзімі – ағымдағы жылдың 10 қарашасына дейін. Картоптан басқа 30 тонна пияз, 120 тонна орамжапырақ, 102 тонна сәбіз бен 575 мың жұмыртқа жеткізу келісімшарты жасалды. Тауарлар қоймаға қабылданғаннан кейін комиссия оларды облыс базарларына шығару туралы шешім қабылдайды.
–Бұрын күзде Атыраудағы азық-түліктердің бағалары көтерілмейтін. Бәлкім, басшылықтың жанжалды ауысуына байланысты ӘКК жұмысында кідірістер болып, бұл бағаларға әсер еткен шығар?
– Жыл сайын тұрақтандыру қорының тауарларын шығару қарашада басталатын. Бұдан басқа, талдау жұмыстары бағалардың күрт көтерілуі тек бізде ғана емес, басқа да облыстарда орын алғанын көрсетіп отыр. Оған рубльдің нығайып, жанармайдың қымбаттауына байланысты Ресейден сатып алынатын тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары бағаларының өсуі себеп болып отыр. Өзіңіз түсініп отырғандай, «Атырау» ӘКК басшылығының ауысуы бұл жерге қатысты емес.
– Азық-түліктер қандай бағалармен сатып алынады? Батыс Қазақстан облысынан сатып алулар жүргізіле ме?
– Тауарлар тек жергілікті шаруалардан бір келісі 60 теңгеден аспайтын бағамен сатып алынады. Келесі жылдары сатып алулар тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану ережелеріне сәйкес жүргізіледі, яғни, тікелей облыстағы тауар өндірушілерден сатып алынады.
– Сіздің жорамалыңыз: азық-түлік тауарларының бағалары тағы да қымбаттай ма және қашан?
– Өткен жылдардың тәжірибесін назарға ала отырып, бағаның кезекті көтерілуі жаңа жылда және алдағы көктемде орын алады деп болжау қиын емес. Біз сатып алған азық-түлік көлемі халыққа аталмыш маусымаралық кезеңнен өту үшін көмектесуге есептелген.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ