«АЖ» редакциясына Миялы аудан орталығының тұрғындары хабарласты. Олар Сағыз-Миялы трассасын жеке кәсіпорынның жүк көліктері бүлдіріп жатқанына шағымданды.
ТРАССАДАН КЕТТІ
«Атырауинжстрой» құрылыс компаниясына тиесілі ауыр жүкті самосвалдар заңды бұзып, Сағыз-Миялы трассасының бойымен Миялы-Қарабау жолын салу үшін қиыршақ тастар мен басқа материалдарды тасымалдайды. Ауыр жүкті көліктер ұзындығы 110 км асфальт жабынын бүлдіруде. Бұл асфальт жол Миялы ауылын Қызылқоға ауданының басқа ауылдарымен, Сағыз теміржол станциясымен және Ақтөбе-Атырау трассасымен байланыстыратын бірден бір жол. Бүгінде бір кездері тегіс болған асфальт жабыны ойлы-қырлы жолға айналған. Егер құрылыс компаниясы жолды бүлдіруін тоқтатпаса, жолдан айырыламыз», - деп жазады миялықтар.
Шынымен де, бұл учаскені күрделі жөндеу жұмыстары 2012 жылы аяқталған болатын. Жолдың бүлініп жатқанына алаңдаған хат авторлары тіпті дәлел ретінде ұзын-сонар жүк көліктерінің тізбегін бейнежазбаға түсіріп алған.
Миялылықтардың айтуынша, Қызылқоға ауданының әкімдігі мен аудандық прокуратура олардың жазбаша хатын елең қылмаған. Сондықтан «АЖ» редакциясы бірден облыстық деңгейдегі ведомостводан: көлік прокуратурасынан, көлік инспекциясынан, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан және тікелей «АИС» компаниясынан түсініктеме алуға жүгінді. Бірінші болып атқарушы билік жауап берді. Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» трассасының облыстық маңыздағы жол екенін хабарлап, «Қарабау-Миялы» жол бөлігін қалпына келтіру жұмыстарының бас мердігері «Атырауинжстрой» ЖШС екенін растады.
- Бүгінде мердігер ұйым жалпы қалпына келтіру объектісінде және «Қарабау-Миялы» көлік жолында Қытайдан шығарылған ауыр салмақты және ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойды, - деп түйіндеді басқарма басшысы Қайрат НҰРТАЕВ.
Шынымен де, редакцияға хабарласқан миялылықтар жақсы хабар жеткізді: біздің сауалымыздан кейін келесі күні трассадан жүк көліктері ғайып болыпты.
БҰЙРЫҚСЫЗ АДЫМ АТТАМАЙДЫ
Миялылықтар самосвалдар енді даладағы топырақты жолдармен жүретін шығар деп жорамалдайды. Дегенмен, егер компания арнайы рұқсат алмаса немесе асфальт жабынға түсетін жүк салмағының нормасы бұзылатын болса, солай болуы тиіс.
«Атырау облыстық көлік бақылау инспекциясы Сағыз-Миялы-Қарабау бағыты бойынша ауыр салмақты автокөлік құралдарына арнайы рұқсат берген жоқ, - деп хабарлады көлік инспекторының міндетін атқарушы Найзабек СҮГІРОВ.
Тапсырыс беруші әрі жұмыс кураторы – жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы да мұндай рұқсат бермеген. Шамасы, олардан ешкім сұрамаған да сияқты.
Неліктен? Өйткені, АИС компаниясындағылар растап отырғандай, олар автокөлік құралдарының салмағы бойынша талаптарды бұзып отырған жоқ.
- АИС жүктерді 24 тоннаға дейінгі салмақтағы 3 остік автокөліктермен тасымалдайды. Бұған рұқсат етіледі, - деп хабарлады біздің сауалымызға жауап ретінде компания директоры Анатолий БЫКОВ.
Аталмыш трассада түсірілген бейнежазбада 3 осьтік қытайлық «Шакман» жүк көліктерінің тізбегі көрінеді. Олардың ең жоғарғы массасы жүкпен бірге 25 тоннадан аспайды.
Алайда тізбектің алдыңғы жағында 4 осьтік КамАЗ самосвал көлігі келе жатыр... Оның салмағы 40 тоннадан асуы мүмкін. Ал бұл - ҚР инвестициялар және даму министрінің бұйрығын өрескел бұзу.
Бірақ, егер бар болса да, заң бұзушылықты дәлелдейтін ешкім жоқ.
- ҚР инвестициялар және даму министрінің бекітілген бұйрығымен Атырау облысының аумағында республикалық автотрассаларда (әрі қарай олардың тізімі – Ред. ), сондай-ақ, облыстық маңыздағы Атырау-Индер; ұзындығы 940 км болатын Ганюшкин-Приморье-Утеры-Котяевка автожолдарын бақылауды бар болғаны 10 маманы бар екі Атырау облыстық көлік бақылау көшпелі бекеті жүзеге асырады, - деп түсіндірді Сүгіров. – Аталмыш бұйрықта облыстық маңыздағы «Қарабау-Миялы», «Миялы-Сағыз» автокөлік жолдарына бақылау жасау туралы бекітілмегендіктен, қазіргі уақытта инспекция осы бағыт бойынша бақылау жүргізе алмайды.
«АЖ» сауалынан кейін ағаттықты анықтаған Атырау облыстық көлік инспекциясы 17 қыркүйекте ҚР ИДМ Көлік комитетіне бұйрыққа «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» бағытын енгізу туралы хат жолдады.
ТІЗІМДЕ ЖОҚ, ҚОЛХАТ БАР
5 жыл бұрын жөндеуден өткен және балансқа алынған ұзындығы 114 км болатын трассаның едәуір бөлігі әлі күнге дейін министрліктің тізімінде қалай болмағанын Атырау көлік прокуратурасы да анықтауға тырысты:
«2013 жылы мемлекеттік қабылдау комиссиясы Миялы-Сағыз жол бөлігін (114 км) пайдалануға қабылдады. Жергілікті атқарушы орган объектіні қабылдағаннан кейін ҚР ИДМ Көлік комитетіне жолдың осы бөлігін көлік бақылайтын көшпелі бекеттердің маршруттары тізіміне енгізу керектігі туралы хаттар жолдаған. Ал іс жүзінде, Комитеттің (2017 жылдың қыркүйегінде бекітілген) қолданыстағы тізімінде бұл жол бөлігі белгіленбеген. Прокуратура облыстық маңыздағы Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз жолдарын көлік бақылау көшпелі бекетінің маршруттары тізіміне енгізілмеу себептерін анықтау мақсатында және сонымен қатар, ахуалды түзету шараларын алу туралы ҚР ИДМ Көлік комитетіне хат жолдады. Нәтижелері туралы сіздерге қосымша хабарланатын болады», - деп жауап берді редакция сауалына көлік прокуроры Берік ҚҰЛМАҒАМБЕТ.
Осы материалды дайындау барысында осындай қызықты фактілер анықталды. Ал өздерінің «тіршілік жолы» үшін алаңдаған миялылықтар «АЖ» редакциясына хабарласқаннан кейін мынадай қолхат алыпты: «Атырауинжстрой» компаниясы Миялы-Сағыз автожолында жүк автокөлігінің жүрісінен туындаған қандай да болмасын ақауларды жоюға кепілдік береді», - деп, «АИС» ЖШС директоры Анатолий Быков жазбаша уәде берген.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА