Испанияда Каталонияның тәуелсіздігіне қарсы наразылықтар басталады деп күтілуде. Испанияның тұтастығын қолдау қозғалысы ел астанасы Мадрид пен Каталонияның орталығы Барселонада және өзге де қалаларда қарсылық шарасын ұйымдастырып жатыр. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Осының алдында Испанияның билік өкілдері Каталония халқынан референдумға тосқауыл болуға тырысқан полиция қызметкерлерінің дөрекілігі үшін кешірім сұрады. Дегенмен олар Каталонияның тәуелсіздік жариялауы Конституцияға қайшы келетін заңсыз әрекет деген ойларын өзгерткен жоқ.
Каталонияның Президенті Карлс Пуджемонт Тәуелсіздік туралы Декларацияны қабылдау үшін жергілікті Парламенттің қарауына жолдаған болатын. Бірақ Испанияның Жоғарғы Конституциялық Соты дүйсенбі күнге жоспарланған Каталония Парламентінің басқосуын өткізуге тыйым салды. Енді алдағы аптаның сейсенбісінде Карлс Пуджемонт Каталония Парламентінің қабылдауына келеді деп жоспарланған.
Каталонияның бұрынғы басшысы Артур Мас Financial Times басылымына берген сұхбатында автономиялық өңірдің тәуелсіздікке дайын еместігін айтқан. Испанияның билік өкілдерінің бірі қалыптасқан жағдайды оңтайлы шешу үшін, жалпыхалықтың дауыс беруді қайта ұйымдастыру туралы ұсыныс айтқан болатын.
Испания тарапынан қабылданбаған өткен жексенбідегі референдум қорытындысы бойынша 2,3 млн адам немесе дауыс бергендердің 90 пайызы тәуелсіз мемлекет болуды қолдайтындарын білдірген.
Дереккөз: qazaqtimes.com