Түркия прокурорлары арасында Amnesty International құқық қорғау ұйымының Түркиядағы басшылары бар 10 белсендіні 15 жылға дейінгі мерзімдерге соттауды сұрады. Бұл туралы AI мен түркиялық ақпарат құралдары хабарлады.
"Бұл айыптау - өсек-аяң мен өтіріктің қойыртпағынан басқа ешнәрсе емес және Түркиядағы сот жүйесінің кемшілігін көрсетеді" деді AI-дің Еуропа бойынша директоры Джон Далхуисен 8 қазанда.
Шілдеде ұсталған белсенділер арасында Германия азаматы да бар. Германия белсенділердің ұсталуын "ақылға сыйымсыз" деп атаған.
Тұтқындалғандар арасында AI-дің Түриядағы директоры Идил Эсер, Түркиядағы төрағасы Танер Кылыч, түркиялық бірнеше белгілі құқық қорғаушы мен Германияның және Швецияның бір-бір азаматы бар.
Dogan ақпарат агенттігінің хабарлауынша, белсенділерге "қарулы террорлық топқа көмек көрсетті", "қоғамда бей-берекетсіздік тудырмақ болды" деген айыптар тағылған.
Dogan прокурорлардың белсенділерді жеті жарым жылдан 15 жылға дейін соттауды сұрағанын хабарлады.
Белсенділер Түркияда террорлық ұйымдар деп танылып, тыйым салынған түрлі ұйымдар, оның ішінде Күрдістан жұмысшы партиясы және солшыл Революциялық халықтық азат ету майданы қозғалысымен байланысы бар деп айыпталып отыр.
Түркия билігі бұл тұтқындауларды айыптайтындар 2016 жылы шілдедегі мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен бері "Түркия қауіпсіздігіне қаншалықты қатер төнгенін түсіне алмайтынын" айтады.
Дереккөз: Азаттық