Құрманғазы ауданы Ганюшкино ауылында тұратын 15 жастағы екі жасөспірім бөтеннің мүлкін рұқсатсыз алып кеткені үшін айыпталуда. Олардың бірі Атыраудағы колледж студенті, екіншісі аудандағы мектептің оқушысы. Олар түн ішінде үй сыртында тұрған «ВАЗ 2110» автокөлігінің есігін пышақпен ашып, айдап кеткен.
- Көлік иесі таңертең көлігінің жоғалғанын байқап, аудандық ІІБ-не шағым түсірді. Жедел әрекет ету нәтижесінде көлік ауылдың маңында аударылған күйі табылды. Екі жасөспірім ешқандай жарақат алмаған, ал көлік зақымдалды, - деп хабарлайды облыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА.
Көлік иесі жалпы шығын көлемін 600 мың теңгеге бағалап отыр. Күдіктілердің кәмелеттік жасқа толмауына байланысты «ешқайда кетпеу» шарасы қолданылуда. Қылмыстық іс бойынша тергеу жүруде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА