Қарағанды облысы Шахан кентіндегі және Шымкент қаласындағы дербес қазандықтарда болған жарылыс оқиғаларынан кейін Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ осындай қондырғылар мен газбен жылытылатын жеке пештерді де тексеруге тапсырма берген болатын. Одан бері бірнеше ай өтті. Аудандардағы қазіргі жағдай қалай?
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ
Биыл күн ерте салқындағандықтан тұрғындар қазірден-ақ жылуға зәру болып отыр. Сәуірден бастап «Жылыойгаз» ЖШС Құлсары қаласында қауіпсіздік ережесін сақтамай отырған тұрғындарға жеке жылыту қазандықтарын ажырату жөнінде хабарлама таратқан болатын. Хабарламада көрсетілгендей, әрбір үй иесі заңдастырылмаған жеке қазандығын жойып, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуы қажет. Бірақ, құлсарылықтар бұл хабарламаны әрқалай қабылдауда. Тұрғындардың басым бөлігі қаншалықты қауіпті болса да заңсыз жеке қазандықтан бас тартпапты.
- Орталықтандырылған қазандыққа қосылған пәтер иелері жылудың мардымсыз екеніне жиі шағымданады. Сондықтан қаншалықты қауіпті болса да біз дербес қазандықпен қалуды шештік. Мұнда көбі пәтерлерін жалдап қойған, кейбірі бос тұр. Ал қалған тұрғындардың оған күші жетпейді, - дейді үйлердің бірінің тұрғыны Гүлнар есімді әйел.
Қаланың 1,2,3-ші және 5-ші ықшам аудандарда 2 мыңға жуық пәтер дербес қазандықпен отыр. Осыған орай «Жылыойгаз» ЖШС биыл тұрғындарға хабарлама таратып, түсінік жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда. 55 дүкен, шаштараз, тағы басқа мекемелер мен пәтерлердің бір бөлігі орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған.
- Алайда көбі қазандықты пайдалануды жалғастыруда. Біздер пәтерлерге кіріп, оларды ажыратуға құқымыз жоқ, біз бұл пәтерлерге газ беруге мәжбүрміз. Жылу маусымы басталмай тұрып, екі газден улану фактысы тіркеліп отыр. Жұмыстарымызды жүргізсек те ауданық әкімдік тарапынан үлкен қолдау таба алмаудамыз. Біз әр күнімізді қорқынышпен өткізудеміз. Көпқабатты үйлер тыныш болса екен деп тілейміз, - дейді «Жылыойгаз» ЖШС-нің директоры Жазира ЕРМЕКОВА.
- Адамдар дербес қазандық мәселесін тұрғындардың өздері шешу керек. Ол үшін жиындар өткізіледі. Ал жалпы қазанның 15-і күні басталатын жылыту маусымына дайынбыз, - дейді Жылой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Ернар ЫСМАҒҰЛОВ
ИНДЕР АУДАНЫ
Индер ауданында жылыту маусымына дайындық жұмысына бюджеттен 61 млн теңге бөлінген. Қазанның басында балабақшалар мен мектептер, бюджеттік мекемелер жылумен қамтамасыз етілген. Ал Индербор кентіндегі 12 көпқабатты үй (758 пәтер) 7 жылу қазандығы арқылы жылытылады. Бүгінде 5 қазандық (суреттерде) дайын болса, ал екеуін іске қосуға дайындауда. Бүгінде жылу беруді «Таңат» ПИК қолға алған.
- Бүгінде ПИК басында берешегі жоқ. Біз бәрімен уақытылы есеп-айырысып келеміз. Бірақ тұрғындар ПИК-ке 1,5 млн бережақ болып отыр. Бұл өткен жылғы ғана емес, бұрыннан қордаланып жиналып қалған қарыздар. Біз 30 пәтер иесін сотқа беріп отырмыз. ПИК тек жылумен емес, көпқатарлы үйдің тазалығына жауап береді. Жертөлелер құрғақ. Тұрғындар жылу жеткізу туралы келісімшартқа отыруды бастап кетті, - дейді ПИК төрағасы Бейбіт ИЛЬЯСОВ.
Ал кентте жылу қазандығы заңдастырылмаған 40 пәтерлік 2 үй бар. Осыған байланысты мамандар шақырылды. Енді тексеру жүретін болады.
- Заңсыз орнатылған дербес қазандықтардың қауіпсіздігін бақылау үшін біз арнайы мекемемен келісімшартқа отырмақпыз. Бірақ, тұрғындар өз пештерін ресми түрде ресімдеуге ықылассыз, - дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Абзал РАМАЗАНОВ.
Ал индерлік газшылар техникалық талаптар мерзімі белгіленгенін, егер уақтылы орындалмаса, дербес қазандықтарға газ берілмейтінін айтты. «Сақтансаң сақтармын» демекші, пәтер иедері қауіпсіздік мәселесін ойлап, мұндай қондырғыларға мұқият болуы керек.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА