«Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы тұтқында болған екі ресейлік сарбазды өлтірді – деп хабарлайды korrespondent.net ақпарат көзі РФ депутаты Виктор Водолацкийге сілтеме жасап.
Виктор Водолацкийдің сөзінше, «Ислам мемлекеті» содырлары тұтқынға түскен ресейлік сарбаздар Роман Заболотный мен Григорий Цуркановты камера алдында ислам дінін қабылдаудан және террорлық ұйым қатарына кіруден бас тартқаны үшін өлтірген. Алайда Водолацкий бұл ақпаратты қайдан алғандығы жайында ешнәрсе айтпаған. Бірақ БАҚ өкілдеріне ақпараттың 99 пайыз рас екеніне кепілдік беретіндігін мәлімдеген.
Естеріңізге салайық, қазан айының 4-і күні «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымына тиесілі "Amaq" ақпарат агенттігі тұтқынға түскен ресейлік сарбаздар бейнеленген видеоролик жариялаған болатын. Онда Роман Заболотный және Григорий Цурканов есімді екі азамат өздерінің қыркүйек айының 22-сі күні Дейр-эз-Зор қаласы маңында ұсталғандықтары жайында айтқан. Бірақ Ресей Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі «Ислам мемлекеті» таратқан бұл ақпараттың жалған екендігін айтып, Сүриядағы ресейлік сарбаздардың барлығы өзіне жүктелген міндеттерді атқарып жүр деп мәлімдеген. Кейіннен «Домодедов жауынгерлер бауырластығы» ұйымы лаңкестер жариялаған видеороликте ресейлік сарбаз Григорий Цурканов бейнеленгенін растаған болатын.
Дереккөз: qazaqtimes.com