WhatsApp желісі бойынша редакция кезекшісіне (8-707-37-300-37) Махамбет ауданы Береке («Память Ильича») ауылының тұрғындарынан хабарлама келіп түсті. Жаңа құрылыс тұрғындары электр қуатының, жолдар мен қоқыс орнының жоқтығына шағымданды.
Осыған қатысты Алмалы ауылдық округінің әкімдігі келесіні хабарлады:
- Береке ауылының жанынан жаңа ықшамаудан салынды. Қыркүйекте ұзындығы 4,9 км болатын электр тарату желілерін «Дан Стройбаза ЛТД» фирмасы сала бастады. Олар тіреулерді көтеру жұмыстарын жасады. Жұмыстар кешікпей аяқталады..
Сонымен қатар, ауыл жанынан 2015 жылы қоқыс полигонын ұйымдастыруға екі гектар жер бөлінді. Сол жылы ауылды кеңейту үшін 296 гектар жер бөлінген. Нәтижесінде полигон ауыл ішінде қалды. 2018 жылдың наурызында қоқыс полигонына жерді жалға алу мерзімі аяқталады, ал жер қалпына келтіріледі.
Ауылда санитарлық тазарту мақсатында апта сайын сенбіліктер өткізіліп тұрады. Қазіргі уақытта Береке ауылынан ұзындығы 2,4 км болатын жол салу жобасына сараптама жасалуда. Жоба келер жылы жүзеге асырылу үшін әзірленуде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті Береке ауылының тұрғындары жолдады