Атырау, 26 қараша 23:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Мектепке орамалмен келсең, айыппұл төлейсің - 2

4 694 просмотра


Қала маңындағы Ақсай ауылында орналасқан Б. Момышұлы атындағы №25 орта мектептe оқитын 8 оқушының ата-анасы қыздарының басынан орамалдарын шешуге қарсы болып, мектепте шу шығарды.

Мән-жайды мектеп директоры Шынар ЖҰПҚАЛИЕВА айтып берді:

- Мектепте шу шығып жатқаны рас. Тіпті, кеше де, 3 қыркүйекте қыздарының басындағы орамалды шешпеуді талап ектен ата-аналар мектептің дәлізінде айқай шығарып, барлық жағдайды бейнекамераға түсірді. Мектеп қызметкерлерін итеріп, қыздарын кіргізіп жіберді. Біз ештеңе істей алмай отырмыз, оқушылар сабағына қатысуда. Бірақ, осы оқиғалардың салдарынан психолог маманымыз жұмыстан шықса, тағы бір мұғалім жұмыстан өз еркімен кетуге дайындалып отыр. Шыны керек, бәріміз де осы күн сайын болатын айқай-шудан шаршадық.  

- Өткен аптада болған брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла КӨШҚАЛИЕВ мектеп жарғысының талаптарына бағынбаған ата-аналарға білім беру саласын бақылау департаменті айыппұл санкцияларына өтініш беретін болады. Қазір қандай шара алынып жатыр?

- Қалалық білім бөліміне жақында ғана хат жолдадым. Ішкі істер басқармасына да хабарладық. Кейін учаскелік инспектор келіп кетті. Тиісті шарасын алатын болар.

- Талапқа бағынбаған жағдайда осындай шара алынатыны туралы айтылды ма оларға? Түсіндіру жұмыстары жүргізілді ме?

- Түсіндіру жұмыстары да жүргізілді, бірақ бұған осы 8 оқушының ата-анасы келіспей отыр. Ал ҚР Білім министрлігінің №26 бұйрығына сәйкес, мектеп формасы бірдей болуы тиіс. Оқушыларға сабақта басына орамал тағып отыруына болмайды. Мектебімізде қара белдемше мен ою-өрнекті көк кеудеше (жакет) мектеп формасы болып бекітілген.  Мектеп формасын бекітпес бұрын ата-аналармен де сөйлесіп, барлығы бір ауыздан қазіргі форманы қолдады. Бүгін де, кеше де барлық оқушылармен сөйлестім, мектеп формасы туралы тағы да айтылды.

- Мектептің есігі таңертеңгі сағат 8-ден бастап сабақ аяқталғанға дейін кілтеніп тұратындығы жөнінде ескерту беріпсіздер. Бұл неге байланысты?

- Мектептегі басты міндет - оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Есікті уақытында кілтегенде оқушылардың кешігіп келуі де тоқтайды. Есікті кілттеу мектептердің практикасында қолданылып жүр. Мұның мектеп формасына қатысы жоқ. 

- Енді не істемексіздер?

- Ата-аналар ымыраға келіп, балалары бірыңғай мектеп формасына көшсе болғаны. Басқа талабымыз жоқ. Балалар күн сайын ешқандай ұрыс-керісті көрмей оқыса дейміз. Осы оқушылардың ата-аналарына көнбейді.

Осы мәселе жөнінде біз Қайролла Көшқалиевқа хабарласқанымызда Ақсай ауылдық орта мектебі туралы ешқандай арыз түспегенін айтты.

Ал Атырау қаласының жергілікті полиция бөлімінің бастығы Ерлан БИҒАМБАЕВ мектеп формасына қатысты арыздардың түсіп жатқанын растап өтті.

- Бірақ, бұл мәселе біздің құзіреттілігімізге жатпайды. Сол себепті, біз қалалық білім бөліміне хат жолдаймыз. Бұл мәселемен солар айналысатын болады, - дейді Биғамбаев.

Фархат ӘБІЛОВ

5 қазан 2017, 16:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.