БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш Испания билігін Каталониядағы жағдайды демократиялық жолдармен реттеуге шақырды. Ол сонымен қатар Мадридті Каталония аймағының тәуелсіздігі жөнінде референдум өткен 1 қазан күні болған барлық зорлық-зомбылық актілерін "мұқият және әділетті" түрде тергеуге шақырды.
Бұған дейін Еуропа Одағы да Испания үкіметін дағдарыстан шығу жолын іздеу үшін қақтығысқа жол бермей, диалогқа ұмтылуға шақырған болатын.
Кеше Каталония билігі сайлаушылардың 90 пайызы аймақтың Испаниядан тәуелсіздік алуын қолдап дауыс бергенін мәлімдеген. Испания премьер-министрі Мариано Рахой референдумның "конституцияға, заң мен құқыққа" қайшы екенін мәлімдеген. Еуропа комиссиясы да референдумды заңсыз деп танығанымен, Мадрид жіберген полиция қызметкерлерінің каталониялық сайлаушыларға қарсы зорлығын айыптамаған.
Каталонияда бүгін Испания полициясының референдум өткен күнгі әрекетіне қарсы жалпыхалықтық ереуіл өтеді деп жоспарланған. Соңғы мәліметтер бойынша, қақтығыстардан мыңнан астам адам - бейбіт тұрғындар мен полиция қызметкерлері зардап шеккен. Ал Испанияның кәсіподақ бірлестіктері бұған дейін ереуілге қатыспақ ниетте болғанымен, оны қолдаудан бас тартты. Бұған Каталония аймағының басшысы Карлес Пучдемонның "Дағдарыстан шығудың жалғыз жолы - Каталония тәуелсіздігін жариялау" деген мәлімдемесі себеп болды. Кәсіподақ бірлестіктері дағдарысты реттеу үшін Мадридпен келіссөз жүргізу керек деп біледі.
Дереккөз: Азаттық