Өткен ғасырдың соңғы жылдары Қазақстанда танымал болған Фархат есімді түрік әншісіне ғашық болған әпкем «Түркиядағы Фархатқа қолым жетпейді. Сол себепті өзімнің де бір Фархатым болсын» деп есімімді Фархат қойыпты. Осындай белгілі бір себепке байланысты есім қою әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді.
Жақында Атырауда болған танымал әнші Төреғали ТӨРӘЛІ бірнеше отбасыға арнайы қонақ болып, өз есімін жаңа туған сәбилерге қойған. «Жезтаңдай әнші бол» деп, азан шақырып есімін Төреғали, Төреәлі деп қойған.
Бұрындары бала қай күнде туса, есімін сол күнге орайластырып қойған. 62 жастағы Жұмасұлу әже жұма күні өмірге келгендіктен есімін анасы Жұмасұлу қойған екен. Ал алматылық Әсел мен Бекболат өздерінің қыздары VII Қысқы Азияда ойындары кезінде дүниеге келгендіктен Азиада есімдерін берген. Өзінің ана болатынын қаламызға Елбасы келгенде білген Айдана ұлының атын Нұрсұлтан қойыпты.
Асыл әже, 72 жаста:
- Бұрын азан шақырып, үлкен той жасап, есім қоятын еді. Қазір мұндай дәстүр қалып жатыр. Ғаламторды ашып, қазіргі заманғы есімді бере салады. Кеше туысымыз немересіне Айбек деген ат беріпті. Мен Төлеген деп қойғым келді. Төле бидей шешен,білгір болсын деп. Әкесінің аты Баубек болған соң соған ұқсастырып қойған екен.
Съезд БАЛТАБАЕВ:
- 1970 жылы Қазақстан Орталық комитетінің 24 съезі өтті. Соған байланысты әке-шешеміз ақылдаса келе есімімді Съезд қойған. Есімім өзіме ұнайды, көп ешкімде жоқ. Тек кейбір адамдар айта алмай, қиналады.
Съезд аға өзі футболға қатты құмар болғандықтан ұлына атақты футболшы Зинеден Зиданның құрметіне Зидан есімін қойған екен. Қазір 18 жастағы Зидан футболда үздік, көптеген жеңістерге жеткен.
Ырымдап есім беру - кең тараған дәстүр. Гүлбану өзінің сәбиіне Азалия деген есім қойыпты:
- Қазақ әліпбиі «А» әрпінен басталып, «Я» әріпінен аяқталады. Сол себепті ғұмыр жасы ұзақ болсын, 100 жасқа дейін өмір сүрсін деп ырымдап қойдық. Қызымның бақытты әрі ұзақ өмір сүргенін қалаймын. Сонымен қатар азалия деген тауда өсетін гүл бар. Бұл гүл алуға қиын, таудың биігінде өседі. Қызымның мақсаттары биік, әрқашан биіктен көрінгенін қалаймын.
Айрат МАЖЕНОВТІҢ де есімі ерекше. Оған есімді атасы қойған екен. Айтуынша, «айрат» сөзі араб тілінен аударғанда таңғаларлық, қымбатты, сүйікті деген мағынаны береді екен. Айрат өзінің аттасын әзірге кездестірмегенін айтады.
Арнамыс ТЫНЫШҚАЛИЕВТІҢ есімін қойған әкесі екен. Ұлы намысты, жігерлі болсын деп Арнамыс қойыпты.
Зулай және Макка ТАЙСУМОВАЛАР - Атырау қаласының тұрғындары. Маккаға есімді атасы мұсылмандардың қасиетті қаласы - Мекке қаласының құрметіне қойған. Ал Зулайдың айтуынша, өздері туып өскен Шешенстандағы бір ауылда Зулай есімді өте әдемі кішкентай қыз өмір сүрген екен. Қаршадай қызды соғыс кезінде аяусыз өлтірген екен. Сол себепті осы қыздың естелігі болсын деп, Зулайға осы қыздың есімін берген екен.
Әбілмәмбет СЕРІКТІҢ айтуынша, есімін, әсіресе, өзге ұлт өкілдеріне айту қиын екен. Үйіндегілер еркелетіп атын қысқаша Шоқан деп атайды екен. Енді Әбілмәмбетті достары да Шоқан деп атап кеткен. Оның есімін атасы қойыпты: Әбілмәмбет - араб тілінен аударғанда Мұхаммед пайғамбардың с.ғ.с. әкесі деген мағынаны береді екен.
Зейін ЕРҒАЛИЕВА ЕНУ-дың студенті. Оның есімін ата-анасы зейінді қыз болып өссін деп Зейін қойған:
- Мағынасы: көңіл бөлу, үңілу дегенді білдіреді. Атыма затым сай болсын деп сабақта да өмірде де алда болуға тырысамын.
Қызылқоғалық Ермек АМАНҚАЙЫРҚЫЗЫ 13 ағайынды. Ата-анасы 12 баладан кейін «Кемпір, осы баланы ермек үшін туа салайық. Бір жағынан мына 12 бала қалаға оқуға кеткенде екеумізге ермек болсын» деп қыздарына Ермек есімін берген. Ермектің айтуынша, өзгелермен танысқанда Ерке деп танысқан. Бір қызығы, қыз Ермектің Ермек деген құдасы бар екен.
Әріптесім Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА да өзінің ұлына Зұлфұхар деген ерекше есім қойған. Айтуынша, Зұлфұхарға жүкті кезінде оның әкесі түс көреді. Түсінде пайғамбарымыздың қылышын көріп, содан есімін Зұлфыхар қойған екен.
Ал Айгүл үлкен ұлы Қуантайға жүкті кезінде ақ киімді ақсақал келіп, «Қуан, қуан, ұлды боласың!» деп аян берген екен.
Жігердің айтуынша, үйдегі қарт әженің түсінде бүкіл әлемге ақ ұлпа жауып, барлық адам қуаныпты. Сол түнде келіні Айдана толғатып, босанады. «Немересінің өмірге келгеніне әлем қуанышты болар» деп, немересінің есімін Радмир қойған.
Қала тұрғыны Айгерім АСЫЛБЕКҚЫЗЫ өзінің жүктілігі ауыр өткенін айтады:
- Толғақ кезінде «Жаным» деп бірнеше рет шыңғырғанымды айтады. Сол себепті қызымның есімін «Жаным» қойдым.
Ал есімін өзгерткісі келетін адамдар да бар. Сөйтсек, жыл басынан бері аты-жөнін, тегін өзгерткісі келген азаматтардан 184 өтініш түскен.
АХАТ бөлімінің бас маманы Айгүл АХАТОВА:
- Жылына жүздің үстінде өтініш түседі. Барлығы да аты-жөнін, тегін өзгерткісі келеді. Біреулеріне өз аттары ұнамаса, енді бірі ұлтына, жеке принциптеріне байланысты өзгерткісі келеді. Заңға сәйкес, есімді өзгерту үшін белгілі және нақты себеп болуы керек.
Айтпақшы, есіміңіз тағдырыңызға әсер еткен жағдай болды ма? Егер болса, бізге хабарласыңыз.
Фархат ӘБІЛОВ