Атырау, 27 қараша 02:27
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Балалар уақыты

7 367 просмотра


Кәмелет жасына толмағандарға (16 жасқа дейінгі балаларға) заң бойынша түнгі сағат 23.00-ден кейін ата-аналарынсыз немесе өкілдері мен қамқоршысынсыз көшеге шығуға болмайды. Бірақ, біз неге түнгі мезгілде қала кезіп жүрген балаларды жиі көреміз? Осы және балаларға қатысты сұрақтарға Атырау облыстық ІІД жауап берді.

ТҮНГІ КАФЕ

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері түнгі сағат 23.00-ден кейін көше кезіп жүрген 2 129 кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер анықталды. 2 029 жасөспірімнің ата-анасына ҚР ӘҚБтК-ның 442-бабымен («Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы») әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескерту берілген. Ескертуге құлақ аспай түнгі 23.00-ден кейін баласының көшеде жүруіне екінші мәрте жол берген 100 ата-ананың ісі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотына жолданған.

Түнгі  уақытта ойын-сауық орталықтарында жүрген 58 жасөспірім анықталып, жасөспірімдерді осы орталықтарға кіргізген 32 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Ювеналды полиция инспекторларының айтуынша, жаз басталысымен кафе-мейрамханаларға түнгі уақытта жұмыс істеуге тұратын жасөспірімдердің саны артады.

ҰРЫЛАР МЕН АЛАЯҚТАР

Жыл басынан бері кәмелет жасына толмағандар ұрлық, алаяқтық, жеңіл жарақат салу секілді 100-ге жуық қылмыс істеген. Соның ішінде қылмысы үшін төрт жасөспірім Атырау қалалық ІІБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамалып, оның екеуі сот шешімімен УГ-157/1 мекемесіне (тергеу абақтысы) жіберілді. Ал қалған екеуі қылмысы ауыр болмағандықтан ата-аналарына тапсырылды.

ҚАҢҒЫП КЕТЕТІНДЕР

Қазіргі таңда Атырау қалалық ІІБ-да қаңғыбастықпен айналысатын 50-ден астам жасөспірім есепте тұр. Бұл балалар мезгілсіз үйінен шығып кетіп, 2-3 күн қала кезіп кетеді. Ата-анасының рұқсатынсыз үйден кетіп қалатын 20-дан астам бала табылып, үйіне қайтарылған.

Атырау облыстық ІІД-ның баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА:

- Қаңғыбас санатымен есепке алынған жасөспірімдердің ісі арнайы комиссия отырысында қаралып, жасөспірімдерге қаңғыбастықтың салдары туралы жұмыстар жүргізіледі. Демалыс күндері облыс көлемінде «Жасөспірім» және «Түнгі қаладағы балалар» жедел шаралары өткізіледі. Балалардың түнгі уақытта жүргендері өздері үшін қауіпті екенін көп жағдайда түсінбей жатады.

ӘР ТҮРЛІ ЖАҒДАЙДА ЖОҒАЛАДЫ

Соңғы уақытта тек қана Атырау облысында емес, республика

аумағында балалардың жоғалуы жиілеп кетті. Жылыой ауданында жоғалып кеткен 15 жастағы жасөспірім (Өзбекстан азаматы) әлі табылмады. Іздеу жұмыстарына Атырау облыстық ІІД мен Атырау облыстық ТЖД, Жылыой аудандық ІІБ мен ТЖД құрамдары тартылғанымен, әзірге нәтиже жоқ.

Тағы да жақында Атырау қалалық ІІБ-ына жоғалып кеткен жасөспірім қызын іздеген ата-анадан қоңырау түсті. Полиция қызды Махамбет ауданындағы жігітінің үйінен тапты. Ол ата-анасына қайтарылғанымен кері қашып кеткен.

Және тағы да бір мысал, Алмагүл ықшамауданының тұрғынынан кішкентай ұлы жоғалып кеткені жөнінде шағым түскен. Аулада ойнап жүрген бала өзге тұрғын үй секторына өтіп, Алмагүл ықшамауданынан Привокзальный ықшамауданында орналасқан әскери бөлімге дейін жаяу барған. Әскери бөлім алдына тоқтап, той кортежіндегі адамдар баланы туыстарының баласы деп ойлап, көлікке мінгізіп, қаланы аралаған. Мейрамханаға жеткеннен кейін барып бала той қонақтарының емес, бөтен бала екені анықталып, полицияға хабар берілген. Бала дереу ата-анасына табысталды.

Фархат ӘБІЛОВ

28 қыркүйек 2017, 12:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.