22 қыркүйек күні Ш.Сариев атындағы көркемсурет музейінде суретші Әбдірашит СЫДЫХАНОВТЫҢ (1937-2011) қылқаламынан шыққан туындылардың «Таусылмайтын әуен» көрмесі ашылды. Көрмеге суретшінің қызы Мәншүк СЫДЫХАНОВА арнайы келді.
Атырау облысы Индер ауданының Кулагино (қазіргі Еспол) аулында дүниеге келген шақалақ Әбдірашитті әке-шешесі көрпеге орап Ресейдің Саратов облысына алып кетеді, себебі, оларды халық жауы деп айдап әкетпек болған. Алты жасына дейін тілі шықпаған бала Әбідрашит тентек болған екен.
Музейде жиналғандарға көруге ұсынылған деректі роликте суретші былай дейді:
- Мен сақау болдым. Әрі қатты бұзық болдым. 6 жасымда анам менің мінезімнен шаршаған болу керек, мені қатты ұрып жібергенде мен «твою мать» деп айқайлап жіберіппін. Сонда шешемнің көзі алақандай болған. Мен әлі сақаумын, себебі, өз туған тілімде сөйлей алмаймын...
1965 жылы Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін тәмамдаған Сыдыханов еңбек жолын кино саласында бастайды. Режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың «Ән қанатында» фильмінде қоюшы-суретшінің ассистенті болады. «Қараш-Қараш», «Құлагер» фильмдерінің костюм жөніндегі, «Қаралы сұлу», «Шоқан Уәлиханов» фильмдердің қоюшы-суретшісі болады. «Шоқан Уәлиханов» фильмі үшін ҚазССР-інің Мемлекеттік сыйлыған иеленген.
Суретшінің туындылары Ә. Қастеев атындағы өнер музейінен, Третьяков галереясы мен АҚШ-тың Циммерман музейінен орын алған және АҚШ, Франция, Швейцария, Канада, Германия, Түркия, Лихтенштейн мен Қазақстанның жеке топтамаларында сақтаулы.
Сыдыхановты «алпысыншы жылдардың» суретшісі дейді. Оның суреттерін бірден түсіне қою қиындау. Егер көріп, танысқым келеді десеңіз, 15 қазанға дейін мүмкіндігіңіз бар.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор