Атыраудағы Азаттық даңғылы, №169 «б» үйінің көше жақ бетіне жапсарлас салынған ғимараттың пайдаланбай тұрғанына бірнеше жыл болды. Бұл ғимараттың құрылысы аталған үйдің тұрғындарының қарсылығына қарамастан бой түзеген еді. Ғимарат әуел баста дүкен және кафе-барға арналып салынған, ал оның тұрғын үймен ара қашықтығы небары сегіз метр. Және бұл жерге өрт сөндіру машинасы кіре алмайды.
Осы үйде 30 жылдан бері тұрып келе жатқан Нұршашты ҒАБДРАХМАНОВАНЫ пәтеріне күн сәулесі түспейтіні алаңдатады:
- Мына ғимарат салынып бастағанда-ақ, тұрғындар болып қарсылық білдіріп, қалалық «Нұр Отан» мен жергілікті әкімдікке шағымданып, хат жаздық. Одан ештеңе шыққан жоқ. Енді мінеки, терезеден түсетін күн сәулесін көруден қалдық. Балаларды ойнататын алаң атымен жоқ.
Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Смағұл ТУКЕШОВ ғимарат құрылысына рұқсат беру аталған мекеменің құзырына жатпайтынын айтады. Және ғимараттың құрылыс нормалары ережесіне қайшы екенін растады. Айтуынша, қожайыны «Группа Атаба» ЖШС болып табылатын нысан қазіргі уақытта банкте мүлікті пайдалануды шектеу, салықтық қарыздарды қайтару шоты бойынша кепілдікте тұр.
- Нысанның нобайлық жобасының келісуі, эскиздік жоба, құрылысқа рұқсат берілгені туралы біздің мекемеде ешқандай мәлімет сақталмапты. Негізі, құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес, табиғи және жасанды жарықтандыру бойынша талаптар бар. Яғни, ғимараттың инсоляциялық (табиғи жарықтандыру) режимі бойынша, әр пәтерге күн сайын белгілі бір уақытта күн сәулесі түсіп тұруы тиіс, - дейді Тукешов. - Сондай- ақ, 2-3 қабатты тұрғын үй мен ғимараттардың ара қашықтығы 15 метрден кем болмауы, ал 4 қабатты үйлерде – 20 метрден кем болмауы тиіс.
Әрі қарай Тукешов «Ғимараттар мен құрылыстардың өрт қауіпсіздігі», «Құрылыс жобалау бойынша өртке қарсы нормалар» Құрылыс нормалары мен ережелерінде көрсетілгендей, ғимараттар арасындағы қашықтық жаңа ғимараттың өртке беріктігіне байланысты 15-50 метр болуы тиіс екенін түсіндірді. Ғимарат пен жалғама жабындары (кровля пристройки) арасындағы қашықтық 6 метрді құрауы керек. Және «Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және құрылыс салу» Құрылыс нормалары мен ережелерінде көрсетілгендей, құрылыс салынып жатқан жерден 5 метрден жақын болмайтын қашықтықтан өрт сөндіретін машиналар мен «жедел жәрдем» көліктері өте алатындай ені 6 метрдей болатын жолақ қалу керек.
«АЖ» құрылыс заңдылығын сақтамай орын тепкен бұл белгісіз ғимаратты салуға кім рұқсат беретінін анықтап көрмек болды. Осылайша Атырау облыстық мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылау басқармасы басшысы Рашит ӘЛІПБАЕВҚА ресми сауал жолдады. Жауапхатта баяндалғандай, 2012 жылдан бергі ақпараттар базасында аталған құрылыстың басталғаны жөніндегі хабарлама тіркелмеген болып шықты: «Құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптарға байланысты жерге шешім шығару, сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру, салынар нысанның қаланың бас жоспарына, құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігіне қарап нобайлық жобаға келісім беру «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі №242-II Заңының 25-бабына және 68-бабының 2 және 9-тармақтарына сәйкес, қала әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құзыретіне жатады. Ал, жобаның құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігіне қарап сараптама жасап, қорытынды беруді тәуелсіз сараптама ұйымдары жүргізеді. Құжаттамаға сараптама Заңның 9-1 тарауында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі. Қазіргі уақытта құрылысқа қатысты құжаттар «Банк Астана» АҚ банкісінде 01.02.2015 жылғы ЮКЛ 00001-04-15-ДЗ/002 санды, мүлікті кепілдікке беру туралы келісімшарт негізінде кепілдікте тұруына байланысты құрылыстың бекітілген жобаға сәйкестігін, сапасын тексеру мүмкіндігі болмай отыр.
Сонымен қатар, құрылысты аяқтап, пайдалануға беру құрылыс иесінің құзырында екенін хабарлаймыз».
Ал, «Группа компаний Атаба» ЖШС-нің директоры Асқар ТАУБАЕВТАН келген жауапхатта көрсетілгендей, «Азаттық даңғылы, №169 «б» мекенжайында орналасқан нысан бойынша ойын-сауық орталығын салып бітіру жоспарланған. Алайда, кәсіпорынның күні бүгінгі қаржылық жағдайына байланысты нысан құрылысын аяқтап бітіруге уақытша мүмкіншілік жоқ».
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Фотоны және видеоны түсірген автор