Атырау жүргізушілерін Ғұмаров, Владимирский көшелеріндегі және Авангард көпірі түбіндегі кеткен көлік кептелістерінің жиілеуі алаңдатып отыр. Кезекті кептеліс дүйсенбі күні, 25 қыркүйекте орын алды. Таңертеңгі сағат 8 бен 9-дың арасында, әдеттегіше, бағдаршам сөніп қалды.
Жүргізушілер уақыттарын үнемдеуге ұмтылды. Сайып келгенде бәрі уақыттарын жоғалтты. «Кітапша» ғимаратының жанындағы қиылыста және жақын маңдағы тұйық көшелерде жүздеген машиналар кептелісте қаңтарылып қалды.
Қалалық электр жүйелері кәсіпорнының басшысы Ғабиден ҚАНАТОВТЫҢ айтуынша, олардың бұл жерде кінәсі жоқ екен. Өйткені, қаланың бұл бөлігінде олар ештеңе ажыратпаған. Ал облыстық ІІД баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, бағдаршам сағат 9.05-те өздігімен жарты сағат «демалғаннан» кейін іске қосылған. Алайда мамандар бағдаршамның кенеттен өшкеннен кейін өздігімен іске қосылуы мүмкін емес деп есептейді. Оған қол ұшын бергені анық. Бірақ кім?
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ