Жыл басынан бері Атырау облысында 258 өрт оқиғасы тіркеліп, 2 адам қаза тауып, 4 адам әр түрлі дене жарақатын алған. Келтірілген материалдық шығын - 24 млн 750 мың теңге. Бұл туралы брифингте ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау профилактикалық қызмет басқармасы бастығы Жасболат БЕРЖАНОВ айтты.
- Қазір облыста жылыту маусымына сай төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» жүргізіліп жатыр. Бірақ, қанша ескерту берілсе де, тұрғындар қарапайым өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтамайды, - дейді Бержанов.
Әріптесінің әңгімесін ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Абдулкапар ЖҰМАНОВ толықтырды. Оның айтуынша, биылғы жылы материалдық техникалық базаны жақсартуға жергілікті бюджеттен 14 дана автокөлік сатып алуға 311 млн 963 тыс 803 теңге бөлу жоспарланған. Облыс бойынша - 13, ал қала бойынша - 3 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Бірақ, қала кеңейіп жатқандықтан Самал, Балауса, Жұлдыз, Атырау ықшамаудандарынан және Ақсай ауылынан бес өрт сөндіру депосын салу жоспарланып отыр. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 086 млн теңге қаражат бөлінген.
- Қала бойынша өрт сөндіруге арналған су гидранттары жетіспейді. Қанша су гидранттары жетіспейді?
- Біз олардың жарамдылығын жылына екі рет: көктемде және күзде тексеріп аламыз. Бүгінде облыс бойынша - 786, қала бойынша - 310 су гидранты істен шығып тұр. Оларға жөндеу жүргізу немесе жаңасын салу туралы сауалдарымызбен «Атырау Су арнасына» және қалалық әкімдікке хатпен шықтық. Өрт сөндіру машинасының цистернасындағы су өртті тек 3-5 минут сөндіруге ғана жетеді. Бұған дейін қала ішінде жақын маңдағы су гидрантының көмегімен бір ғана өрт сөндірілді, қалғандары алыс жердегі су гидранттарынан тасымалдап жеткізу арқылы өшірілген. Біздің қызметкерлеріміздің өрт сөндіру кезінде бір шақырым жердегі су гидрантынан су алуға 30 рет барып келген кездері де болды.
- Ғимараттар мен тұрғын үйлер арасында шөптер мен қамыстар қаулап өсіп кеткен. Кенеттен өрт шыға қалса, оның тез жайылуына бірден-бір себепші болатын осылар...
- Биыл қалада өртенген қамыстың жылу құбырларына тиіп, одан әрі тұтануынан екі үлкен өрт жағдайы тіркелді. Сондықтан біз шөптер мен қамыстарды шабу жөніндегі сауалды бірнеше рет «Арнаулы автобаза» КМК басшылығына қойдық. Олар бұндай аумақтар тендерді ұтып алған басқа жекеменшік мекемелерге тиесілі екенін айтты.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суретті түсірген автор