Кремль АҚШ президенті сайлауы кезінде Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған жарнамалық хабарламаларға Мәскеудің қатысы болуы мүмкін деген сөздерді жоққа шығрады. Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әлгіндей хабарламаларға Ресей жағының ешқандай қатысы жоқ деп мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге Ресейдің даулы жарнамаларға қатысы жайлы сөздер - "алдау" деп мәлімдеген. "Ресей төңірегіндегі мистификациялар жалғасып жатыр – енді Facebook-тегі жарнама туралы шықты" деп жазған ол Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Бұған дейін Facebook компаниясының басшысы әрі негізін қалаушы Марк Цукерберг жариялаған видеоүндеуінде АҚШ-тағы 2016 жылғы президент сайлауына Ресейдің ықтимал араласуы жөніндегі іс бойынша компания АҚШ конгресімен ынтымақтастық танытып отырғаны туралы мәлімдеген. Цукербергтің сөзінше, әлеуметтік желіде шетелдік мемлекеттердің өзге елдердегі сайлауларға араласу әрекетін толық бетін қайтару мүмкін емес. Бірақ Facebook сайлаудың адал өтуін қамтамасыз ету үшін кейбір шаралар қабылдауға ниетті деген ол.
Цукерберг Facebook әлеуметтік желісіндегі АҚШ сайлауы кезіндегі "ресейлік іс-әрекетке" қатысты компания өз тексеруін жалғастыратыны туралы мәлімдеген. Ол сайлау барысына ықпал етпекші болғандар қолданған тетіктерді мамандардың тереңірек зерттейтінін айтқан.
Марк Цукерберг Facebook-те жарияланатын саяси жарнаманы барынша ашық етуге уәде берген. Оның сөзінше, әлеуметтік желі қолданушылары жарнама берушілер мен олардың ақша төлеп сатып алғаны туралы толық ақпаратпен таныса алатын болады.
Дереккөз: Азаттық