Атырау, 27 қараша 01:26
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Балаларды қамқорлаған мұнайшылар

Сурет
2 542 просмотра

«Ембімұнайгаз» АҚ облыстық балалар ауруханасына медициналық жабдықтарды сыйға тартты.

20 қыркүйекте «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерінің м.а. Орындық СИПЛОВАҒА медициналық жабдықтың құжаттарын табыстады. Компания қаржысына дәрінің сұйық түрінің мөлшері мен жылдамдығын нақты анықтап, ұзақ уақыт құюға арналған 5 электронды автоматты дозатор, жансақтау бөлімшелеріндегі ауыр науқастанған балаларды қауіпсіз көшіруді жеңілдететін 3 «Интеграл КЭМ» көпфункциялы қоларба және электромеханикалық жолмен басқарылатын «Интеграл КЭМ» маркалы төрт секциялы көп функциялы аурухана кереуеті сатып алынды.

- Ембі мұнайшылары әрқашан мүмкіндігі шектеулі және медициналық көмекке зәру балаларға ерекше көңіл бөледі. Сондықтан, Компанияның 95-жылдығына арналған іс-шаралар аясында облыстық балалар ауруханасы басшыларының үндеуіне жауап ретінде қажетті медициналық жабдықтарды сатып алуға қаржы бөлу туралы шешім қабылданды, - деп атап өтті Әнуар Жақсыбеков.

Жабдықтар жансақтау және жарақаттану бөлімдеріне қойылды. Облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Ғалым ЕМБЕРГЕНОВТЫҢ айтуынша, дәрінің сұйық түрінің мөлшері мен жылдамдығын нақты анықтап, ұзақ уақыт құюға арналған автоматты дозаторлардың дәрілік заттарды үзбей қабылдауды қажет ететін ауыр науқастар үшін маңызын айтып жеткізу қиын. Мұндай манипуляцияларды қолмен жүргізу уақыт алады әрі медициналық қызметкерлердің бақылауын талап етеді. Процесті автоматтандыру жұмысты жеңілдетіп, емдеу сапасына кепілдік береді.

Облыстық балалар ауруханасының жарақаттану бөлімінің меңгерушісі Сергей ХВАН жаңа жабдық медициналық қызметкерлерге де, ата-аналарға да кішкентай науқастарды емдеп, күтуге үлкен көмегін тигізетінін айтты.

- Біздің бөлім керемет сыйлыққа кенелді: жарақаттанған және ортопедиялық науқастарға арналған кереуеттер және қоларбалар. Мемлекет біздің барлық қажеттілігімізді қамти алмайды, бірақ, «Ембімұнайгаздың» қолдауының арқасында біздің балаларымызға қозғалуға, ал, біз күтім жасауға ыңғайлы арнайы жабдықтарға ие болдық. Кереуеттердің ұзақ жатқанда пайда болатын ойықтардың алдын алуға икемделген ортопедиялық негізі бар. Екіншіден, бас пен аяқты көтеруге арналған және 90 градусқа бүгілетін функциясы бар. Көпфункциялық қоларбалар аккумулятормен жұмыс жасайды, яғни, оларды көтеріп-түсіру үшін электр көзіне қосылу міндетті емес. Бұл науқастарды кереуеттен креслоға немесе керісінше ауыстырып салуды едәуір жеңілдетеді, - дейді ол.

Бұл дегеніңіз, ембілік мұнайшылар сыйға тартқан жабдық медициналық қызметкерлердің сапалы ем жүргізуіне, кішкентай науқастардың тез жазылып кетуіне септігін тигізеді деген сөз. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

22 қыркүйек 2017, 11:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған