АҚШ өзінің екі B-1B жауынгерлік ұшағы мен F-35 жойғыш ұшағың төртеуін Корей түбегіне жасырын түрде аттандырды.
АҚШ әуе күштерінің бұл ұшақтары алдағы уақытта БҰҰ Бас Ассамблеясына өзінің қабілетін әйгілейді деп күтілуде. Алда, Бас Ассамблеяда әлем басшылары бас қосып, Солтүстік Кореяның ядролық сынақтарына қалай тосқауыл қоюды ақылдасады. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымының онлайн қызметі жазды.
АҚШ-тың Тынық мұхит қолбасшылық штабы хабарлама таратып, 31 тамыздан кейін өткізілген кезекті жаттығулары Солтүстік Кореяның өткен аптадағы зымыран сынағына жауап беретінін айтты. Осы айдың бас шенінде және тамыздың соңғы кезінде КХДР өзінің 6-ші реткі ядролық сынағын және екі мәрте баллистикалық зымыран сынағын арт-артынан жасап үлгерді. АҚШ және оның одақтастары бұл әрекеттерді қатаң айыптады, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жолдап, қатаң шектеу қоюды талап еткен. АҚШ Қарулы күштері таратқан мәліметтерге қарағанда, кеше болып өткен әскери оқу-жаттығуға Оңтүстік Корея төрт бірдей жойғыш ұшағы және Жапониядан да 4 жауынгерлік ұшақ қатысқаны мәлім болды. Бұл жолғы жаттығу шабуылдан қорғануға емес, керісінше, әуе күштерін Солтүстік Кореяның маңызды нысандарына қалай шабуыл жасауды үйретуге бағытталды.
Қазіргі кезде Солтүстік Корея аталған оқу жаттығуды өзінің БАҚ-ы арқылы айыптау үстінде. Пиоңяң (Пхеньян) жақ АҚШ ұшақтарының Корей түбегінде ұшуына қатаң наразылық білдірді.
Дереккөз: qazaqtimes.com