Атырау, 27 қараша 01:15
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Сара Оразова: Дәрі-дәрмек бағалары бақылауға алынады

3 008 просмотра


Амбулаториялық қамту аясында тегін дәрі-дәрмектердің жетіспеу мәселесі көп жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Неліктен мұндай ахуал қалыптасқан – осы және басқа да көптеген проблемалар туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Сара ОРАЗОВАМЕН сұхбаттасқан едік.

- Сіздің департамент немен айналысады? Облыс тұрғындары сізге қандай шағымдармен жүгіне алады?

- Биылғы жылдың сәуірінде медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыстық департаменті бөлінді. Медициналық қызмет сапасын бақылау қызметі облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне (бұрынғы облыстық СЭС) берілді, ал біздің Фармация комитетінің департаменті фармацевтикалық қызмет сапасына бақылау жасаумен айналысады. Облыстағы барлық дәріханаларда ақпараттық бұрыштар бар, онда біздің байланыс және телефон нөмірлеріміз: 27-31-94, 27-19-69 көрсетілген. Бірақ бір қызығы: бұрын, бір департаментте болған кезде, менің кабинетімдегі сенім телефонына медициналық қызмет сапасына, медицина қызметкерінің дөрекілігіне, ауруханаға жатқызудан бас тарту және басқа мәселелерге қатысты шағымдар көп түсетін. Ал дәрі-дәрмектерге қатысты мәселелермен шағымдар түспеді. Қазір де түскен емес.

- Ең көп тараған шағым – дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің қымбат болуы. Адамдар сіздерге шағымданған кезде, сіздердің бұл процесске бақылау жасауға құқылы емес екендіктеріңіз туралы жауап алады. Бәлкім, сондықтан да олар сіздерге қоңырау шалуды доғарған шығар...

- Шағым бойынша біз бүкіл дәріханаларға тексеру жүргіземіз. Облыста қазір дәріханалардың барлығы жеке. Дәріханалардағы баға белгіленіміне, шынымен де, әзірге ықпал ете алмаймыз. Бірақ көп кешікпей, халық денсаулығы туралы кодекске өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Соның ішінде, дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу саясаты қайта қаралады. Бағаны реттеу механизмі ретінде сыртқы референттік баға белгіленімі (түрлі елдердегі өндірушілердің дәрі-дәрмектерге бағасын салыстыру) мен ішкі референттік баға белгіленімі (терапия құнын салыстыру) пайдаланылатын болады. Дәрі-дәрмектер Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өткен бойда, оның көтерме бағасы белгілі болады. Ал ішкі нарықтағы препараттың бөлшек бағасы көтерме бағаның белгілі бір пайызынан аспауы тиіс. Бұл ереже жаңа препараттарға қатысты болады. Ал тіркелген және елге әкелінген дәрі-дәрмектерге бұл ереже қолданылмайды. Алайда тіркелімнің өз мерзімі болады, ол біткен кезде оған да рұқсат етілген шекті құнын белгілей алады.

- Тағы бір жиі айтылатын шағым – дәріханаларда рецепт бойынша сатылуы тиіс дәрі-дәрмектердің еркін саттықта болуы. Ата-аналар өз балаларынан трамадол тауып алады. Жасөпірімдер бұл ауырсынуыды басатын дәріні есірткі ретінде пайдаланады. Оны рецептісіз, еркін сатып алады.

- Бізде респубилкалық «Допинг» деген шара бар. Біз оны ІІД-мен бірлесіп өткіземіз. Тоқсан сайын дәріханаларға тексеру жүргізіледі, біз құжаттар бойынша айырмашылықтар табамыз. Мұндай препараттардың жүкқұжат бойынша әкелінгенін, қаншасы рецептімен сатылғанын, қаншасы қалғанын білеміз. Егер аз болса – демек, препарат рецептісіз сатылған. Кінәлілерді жазалап, айыппұл саламыз.

- Тегін қордағы дәрі-дәрмектер қалайша еркін саттыққа шығарылады? Жақында оқырмандарымыз осындай оқиғалармен бетпе-бет келген.

- Мен де осы сұраққа жауап табуға тырыстым. Бірден АДҚ (амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту) бойынша бірден-бір жеткізуші «Медицина» АҚ-ға қоңырау шалдым. Игерілмеген тегін дәрі-дәрмектердің сатылуы мүмкін бе деп сұрадым. Сөйтсем, ол мүмкін емес екен – тегін дәрі-дәрмектердің сериясы, тіпті, бөлшек бағадан да өзгеше болады екен. Олар басқаша, анағұрлым төмен бағамен сатылып алынады және осыған байланысты жеткізушілер АҚ-дан бөлу құжатын талап етеді. Басқа нұсқасы болуы мүмкін: пациенттер дәрі-дәрмектерді тегін рецепт бойынша алып, оны басқасына ауыстырып алуы мүмкін. «Медицина» АҚ желісінде мұны жасау мүмкін емес, басқа дәріханаларда әрі таныстықпен жасалмаса. Дәрігерлер бұлай жасай алмайды, өйткені олардың қолдарында дәрі-дәрмектер жоқ. Емдеу мекемелері де бұл дәрі-дәрмектерді ала алмайды, оларда басқа жеткізуші – «СҚ-Фармация» компаниясы бүкіл емдеу мекемелерінің бірден бір дистрибьютері. Яғни, ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) шеңберінде стационарларға, емханалардың күндізгі стационарларына дәрі-дәрмектерді жеткізеді.

- Амбулаториялық науқастар үшін дәрі-дәрмектердің жетіспеу мәселесі көп уақыттан бері өзекті болып келеді. Жыл бойына іркілістер мен кідірістер болып тұрады.

- Министрліктің бұйрығымен созылмалы сырқатпен ауыратындарға дәрі-дәрмекті бірден 3 айға беруге рұқсат етіледі. Бұл емханалардың жұмыс жүгін азайтып, пациенттер үшін артық мәселелер тудырмау үшін жасалады. Бірақ дәрі-дәрмектерді жеткізуге қатысты іркілістер салдарынан бұл үнемі жүзеге аса бермейді. Бұл жерде «Медицина» АҚ-ның ғана емес, оның жеткізушілерінің де кінәсі бар. Оларда талаптар үнемі өзгеріп отырады. Тендер процедуралары туралы айтпағанның өзінде, олар тек науқастардың ғана емес, тіпті олардың туыстары туралы да мәліметтерді сұрауы мүмкін. Әрине, дәрі-дәрмектерге қажеттілікті дұрыс емес белгілеу де рөл атқарады. Дәрі-дәрмектерге қажеттілікті дұрыс есептеу үшін кез-келген медицина мекемесінде фармаколог болуы тиіс.

- Қазір еліміздегі дәріханалар GPP (Good Pharmacy Practice) стандарттарына көшуге әзірленуде, осыған байланысты дәрі-дәрмек бағалары көп қымбаттайды деп күтілуде.

- Халықаралық стандарттар дәрі-дәрмек құралдарының бүкіл жылжу кезеңдеріне: өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізуге қатысты болады. Халықаралық стандартты енгізу 2006 жылы фармацевтикалық зауыттардан басталды. Содан соң дистрибьютерлердің уақыты келді, ал енді бөлшектеп сату дәріханаларына кезек келді. Денсаулық сақтау министрлігі біздің комитеттің қызметкерлерін оқытты, біз АҚШ-қа, Данияға бардық, олардың тәжірибесімен таныстық. Бірақ бізге жаңалық секілді енгізілген халықаралық стандарт іс жүзінде кеңес дәуірі кезінде жұмыс істеген тәжірибелі провизорларға (дәрішілеріне) көптен таныс болып шықты. Сол кездің өзінде жарық түсіру, желдету бойынша бүкіл ережелерді сақтадық, СЭС қызметі тоқсан сайын орынжайдағы ауадан тұқымдануға қатысты сынама алды. Дәріханаларда үнемі екі есік болды. Бір есік арқылы келушілер кіреді, ал қызметкерлер басқа есікпен және міндетті түрде рецептура бөлімі арқылы өтетін. Бізде 50 жыл бұрын қосарлы бақылау тәжірибесі болды. Дәріханашылар дәрі-дәрмектер әзірледі, фармацевтер тексеріп, бақылау қағаздарын жазып береді, аналитик оларды қайтадан тексеріп шығады. Содан кейін басқа заман келді, дәріханалар жеке қолдарға өтті. Бизнесті дамыту керек болды, оларға қойылатын талаптар әлсіреді. Адамдар бір бөлмелі пәтерлерді сатып алып, сол жерден дәрі-дәрмектер сататын шағын нүктелер ашты. Енді біз қайтадан бұрынғы стандарттарға оралып жатырмыз. Дистрибьютерлердің 90 пайыз шамасы сертификаттаудан өтті. Атырау облысында тек «Инкар», «Medicus-Centre», «Актюбфармцентр», «Стофарм» дистрибьютерлер филиалдары ғана жұмыс жасайды. Қазақстанның басқа өңірлерімен және Ресеймен салыстырғанда Атырау облысындағы дәрі-дәрмектердің қымбатшылығының бір себебі де осы. Импорт препараттарды ресейліктер өз үстеме бағасымен, қазақстандық компаниялар өз үстеме бағасымен сатып алады. Баға белгіленімінеқоймаларды, орынжайларды ұстау, дистрибьютерлік компания филиалдарының тасымалдау шығындары әсер етеді. Біздің облысымызда 350 дәріхана бар, ең ірі желі «Медицина» АҚ-да – 43 нүкте,  «Фармация» АҚ-да – 11, «Аптека на Гурьевской» - 8 дәріхана. Әзірге 350 дәріхананың 6-уы ғана GPP стандарттарына сәйкестік сетификаттарынан өтті, қазір тағы 70 шақтысы әзірленуде.

- Ал фармацевттерді дайындауға қатысты қалай болып жатыр, міндетті түрде олардың жоғарғы білімі болуы тиіс пе?

- Жоқ, орта білімді фармацевтер дәріханаларда жұмыс жасауға құқылы, бастысы – олардың лицензиялары болуы тиіс. Техникалық бақылау бөлімінің (ТБМ) мамандарында жоғары білімі болуы тиіс. Бұрын олар аналитиктер деп аталды. Бірақ ТБМ маманы әр дәріханада болуы тиіс. Фармацевтикалық бөлім жергілікті медициналық колледжде бар, бірақ бәрібір кадрлар жетіспейді. Облыста дәріханалар көп, оның үстіне емханалар мен ауруханаларда фармакологтардың штаттық бірліктері енгізілуде. 

- Мәселен, пенициллинге аллергиясы бар пациентке дәрігер құрамында пенициллині бар тегін антибиотикті алуға рецепт жазып береді. Пациент ауыстыруды өтінеді, ал оған – хаттама бойынша осы дәрмектер тиесілі екенін айтады.

- Емдеу хаттамасына да қазір өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Ал нақты жағдайларда пациент Атырау облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне шағымдана алады.

- Тағы бір мысал: пациентке белгілі бір дәрі-дәрмек тағайындайды. Жергілікті деңгейде оны бермейді, ТМККК шеңберіндегі дәрі-дәрмектер тізіміне кірмейтінін айтады. Бірақ басқа қаладағы профессорлар жергілікті жерлерде аранйы қорлар бар екенін, олардың есебінен қажет боғлан жағдайда өте тапшы дәрі-дәрмектердің алынатындығын растайды.

- Иә, мұндай мәселе бар. Адамдар ғылыми-медициналық орталықтарға барады, кейде оларды Қазақстанда апробациядан енді өтіп жатқан дәрі-дәрмектермен емдейді. Ал апробация кезеңі 5-10 жылға созылуы мүмкін. Медициналық алқаларда бұл мәселе әлденеше рет көтерілді. Біздің жетекші медициналық орталықтар медицина саласындағы жаңа жетістіктерді пайдаланып, үлкен жұмыстар жүргізуде. Соның ішінде, жаңа дәрі-дәрмектер де бар. Әрі қарай олар өз тәжірибелерін таратады, оларды жергілікті жерлердегі мамандар пайдаланады. Егер препарат тегін дәрі-дәрмектер тізіміне енбесе, әрине, оны бере алмайды. Ал арнайы қорға келер болсақ, бізде ондай түсінік жоқ.

- 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары көбінесе тегін дәрі-дәрмектер ала алмайды. Балада өткір фарингит болды делік, оған «Амоксициллин», «Парацетамол», «Ибупрофен» тегін тиесілі. Бірақ дәрігерлер мұның ешқайсысы әзірге жоқ, тек 2 аптадан кейін болады дейді. Берілмеген бұл препараттар қайда болады? Жүкті әйелдерге есепке тұрған уақыттан бастап құрамында йод пен темірі бар препараттарды берудің орнына, айырбас картасымен бірге толған дәрі-дәрмектер беруі мүмкін.

- Бірден айтайын – игерілмеген дәрі-дәрмектер қалмайды. Керісінше, үнемі тапшы болып қалады. Егер препарат бір пациентке берілмей қалса, оны басқа емханадағы немесе аудандағы басқа науқасқа береді. Бұл жерде емханалар мен амбулаторияларда жасалатын қажеттілікті дұрыс есептемеу шешуші фактор болып отыр деп есептеймін. Берілген дәрі-дәрмектердің есебі амбулаторияларда қалатын рецептілердің түбіртегі бойынша, сонымен қатар, пациенттердің амбулаториялық карталарындағы растаушы жазбалар бойынша жүргізіледі. Біз дәрі-дәрмектердің берілуіне тексеру жүргіземіз. Ал жүкті әйелдер препараттарды талап етуге құқылы. Бірақ оларға тек тағайындаған болса. Көп жыл бойына йод пен темір препараттары бүкіл жүкті әйелдерге берілді. Еханадан шыққан соң олардың дәрі-дәрмектердің жақын маңдағы қоқыс контейнеріне лақтырып тастайтын жағдайлар кездесті. Бір күні бізге емханаға жақын маңнан табылған дәрі-дәрмектер толы пакетті әкелді. 2011 жылдан бастап бұл препараттарды тек көрсетілімдер бойынша ғана жазып береді, олар ІІ, ІІІ дәрежедегі темір тапшылығы анемиясы бар бала көтеретін жастағы әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалады. Тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектерді және амбулаториялық деңгейде арнайы емдік өнімдерді алуға кім құқылы екенін 2011 жылғы 4 қарашадағы №786 министрліктің бұйрығымен танысып, толық білуге болады. Ол интернетте де қолжетімді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

18 қыркүйек 2017, 17:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.