2004 жылы Атырау қаласында халық батырлары Махамбет пен Исатайға арнап ескерткіш тұрғызылып, сол жерде алаң ашылған болатын. Қазір мұнайлы астананың басты алаңынан бүгінде сән кетіп тұр.
Алаңға кіргенде ең алдымен гүлзарларды қоршай орналасқан қызыл кірпіштердің кертіліп, үгітіліп жатқаны көзге түседі. Енді бір аяқ тисе, әбден құлауға шақ тұр.
Кейбір сарғылт түсті пластмасстан жасалған қоқыс жәшіктерінің тек қана таяғы қалған. Ал концерт кезінде, серуендеп жүргенде адамдар кез келген жерге қоқыс тастап кетеді. «Арнаулы автобаза» ЖШС жұмысшылары сосын жинап жүргені.
Алаңда бір ғана био дәретхана орналасқан. Алаңда халық көп жиналғанда бұл дәретхана алдында кезек түзіледі. Бірақ, қолқаны қабатын мүңкіген иіс тұрғызбайды.
Басты алаңымыздың сәні - субұрқақтар. Бірақ алаңдағы субарқақтар тесіліп кеткен шлангілерді есіңізге түсіреді. Суы баяу ағып, 30-40 см ғана атқылап тұр. Субұрқақ ішіне темекі тұқылдары, бос бөтелке және т.б қоқыстар тасталған. Кейбір субұрқақтар мүлдем жұмыс жасамай тұр.
Жазда қызыл-жасыл кілемді еске түсірген кейбір гүлзарлар орны сұр топыраққа айналған. Кейбірі әлі суарылуда.
Ал кейбір отырғыштар сынған, бетіндегі ағаштары жұлынған. Жұлынған жерлерге қоқыс салынған.
Кешке жарық беретін шамдар мен концерттік бағдарламалар болған кезде берілетін электр желісі де алаңдағы жалғыз электр қорабынан алынады. Электр желісі қосылатын есіктің де қауіпсіздігін бір-ақ сым қамтамасыз етіп тұр. Кішкентай бала ашып, қолын салса, не болатынын айтуға да қорқынышты.
Алаңның қақ төрінен орын тепкен, мұнайлы астананың символына айналған Махамбет-Исатай ескерткішіне көтеріле бергенде бүлінген, сынған тақтайшалар көзіңізге түседі. Ал ескерткіштің артында бейнеленген Махамбет-Исатай көтерілісінің бейнесіне вандалдар өз аттарын қалдырған. Ал ескерткіштің арты қоқысқа толы. Шемішке қалдығы, темекі тұқылы, қораптары... Ескерткішке көтерілгісі келетін мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қиын. Тіп-тіке орналасқан пандустың тақтайшалары сөгілген.
Айымгуль ЛДИГАЛИЕВА, Атырау қаласының тұрғыны:
- Осы алаңға аптасына бір рет демалуға келеміз. Өзіммен бірге балаларымды да алып келемін. Бірақ соңғы кездері демалу мүмкін емес. Айнала толған базар, мына гироскутерлер қағып кете ме қорқамын. Жер түкірік-түкірік. Қоқыс жәшіктері сынған. Мұнайлы астананың алаңы осындай болар деп кім ойлаған.
Аида, қала қонағы:
- Жұмыс бабымен Атырауға жылына 1-2 рет келіп тұрамын. Қала өте ұнайды. Алаң да жақсы. Тек ескерткіштердегі жазу - ұят. Кейін кетіретін болар.
Осы орайда басты алаңды жөндеу қашан жүргізіледі деген сауалмен біз қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне хабарластық:
- Орталық Махамбет-Исатай алаңына 2018 жылдың ІІ тоқсанында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамаға жіберілді.
- Қандай жөндеу жұмыстары жүргізіледі?
- Бәрін жаңадан қоямыз. Тіпті ескі тақтайшаларды да ауыстырамыз.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор