БҰҰ-дағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейлидің (суретте) мәлімдеуінше, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын тежеудің барлық мүмкіндіктерін сарқыған. Бұл туралы жексенбіде сөйлеген сөзінде Хейли АҚШ әкімшілігіне проблеманы Пентагонның көмегімен шешуіне тура келуі мүмкін екенін айтқан.
Хейлидің сөзінше, Вашингтон "өзге де барлық мүмкіндіктерді қарастыруды" жалғастырады. Бірақ, сонымен бірге көптеген әскери варианттар да қарастырылады деген ол.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Герберт Макмастер "Fox News Sunday"-ға берген сұхбатында Пхеньянның АҚШ-қа қатер төндіретін мүмкіндікке жақындағаны туралы мәлімдеген. Генералдың сөзінше, Пхеньянға санкциялар, дипломатиялық жолмен ықпал етудің шұғыл қадамдары жасалуы тиіс, ал "егер қажет болған" жағдайда "әскери вариантқа" да дайындалған жөн болмақ.
Солтүстік Корея жақында кезекті рет баллистикалық зымыран ұшырған. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньянның "әскери қуатын АҚШ-пен теңестіргісі келетіні" жайлы мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық