БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш (суретте) Ирак Күрдістанының тәуелсіздігі туралы қыркүйектің 25-іне жоспарланған референдум "Ислам мемлекеті" террорлық тобына қарсы күрестен және жихадшылардан азат етілген аудандардағы жағдайды тұрақтандыру ісінен назарды басқаға бұрады деп санайды. Бұл туралы жексенбі күні БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик мәлімдеді деп хабарлайды Reuters.
Оның айтуынша, БҰҰ бас хатшысы "Ирактың егемендігі, территориясының тұтастығы және бірлігіне" қолдау білдіре отырып, Ирактың орталық үкіметі мен Ирактың Күрд автономиялық аймағы арасындағы барлық проблемалар "байыпты диалог және сындарлы ымырағы келу" арқылы шешімін табуы тиіс деген пікір ұстанады. "Бас хатшы Ирак жетекшілерін бұл мәселеде төзімділік пен ұстамдылық танытуға шақырады", - деген Дюжаррик.
Өткен аптаның басында Ирактың Күрд автономиялық аймағының парламенті 25 қыркүйекте тәуелсіздік туралы референдум өткізу туралы шешім қабылдаған. Референдум өткізу идеясына Ирактың аталған аймағымен қоса күрдтер қоныстанған өзге жерлерде де қолдау танытқан. Ирак билігі референдум ел заңына қайшы келетінін айтып, оны өткізуге қарсылық білдірген. Бағдат күрд автономииясы жеткілікті дәрежеде егемендікке ие деп санайды.
Өз аумағында күрд азшылығы тұратын Түркия мен Иран да Ирактың Күрд автономиялық аймағында тәуелсіздік туралы референдум өткізу идеясына қарсы болып отыр.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Ирак Күрдістаны басшылығын тәуелсіздік туралы референдумды кейінге қалдыруға шақырған. Батыс елдері даулы плебисцит өткізу аймақта жаңа жанжалдың шығуына түрткі болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Дереккөз: Азаттық