Атырау, 27 қараша 03:20
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Құтқарушы органдар

6 091 просмотра


Жақында Ақтөбеде жанжал орын алды: дәрігерлер туыстарының рұқсатынсыз өлген жігіттің бүйректерін алып алған. Ақтөбе полициясы тергеуді аяқтап, дәрігерлердің жұмысын заңды деген қорытынды шығарды. Сол себепті «АЖ» тілшісі Атырауда мәйіттік донорлық жайы қалай екенін және донорлықтан бас тартуға бола ма деген сауалдарға жауап іздеді.    

ЕМХАНАҒА САПАР

Жақында қабылданған заңға сәйкес, егер адам тірі кезінде донорлықтан бас тартпаса, бақилық болған кезде дене мүшелерімді туыстарының рұқсатынсыз ала алады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар донорлықтан бас тарту тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханаға баруға кеңес берді. 

Атырау қалалық №1 емханасының тіркеу бөліміндегілер алдымен қабылдау жүргізіп отырған жалпы практика дәрігері Ляззат КУДИЯРОВАҒА жіберді. Бұл дәрігерді 50 минут күтіп, науқастардың көптігіне байланысты кіре алмағандықтан тіркеу бөліміне қайта бардым. Олар сұрағымды қайта тыңдап статистика кабинетіне баруымды өтінді. Ол кабинеттегілер де сұрағымды тыңдап, бұл туралы ештеңе білмейтіндерін айтты.

Бас дәрігердің орынбасары Сара БҰҚТЫБАЕВА менің донорлыққа қарсы өтініш жазу туралы сұрағыма былайша жауап берді:

- «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 118-тармақшасына сәйкес, адам тірі кезінде өз органдарын өліп кеткеннен кейін транспланттауға рұқсат бере алады. Бұл үшін қосымшаны толтырасыз. Қосымшаны тексергеннен кейін, үш жұмыс күнінен соң Алғашқы медициналық-санитариялық көмек сізге анықтама береді. Осы анықтамаға сүйене отырып, қайтыс болып кеткеннен кейін сіздің дене мүшелеріңізді басқа адамдарға транспланттай алады.


Сонымен қатар, дәрігердің орынбасары донор болуға келісім берген адамнан туберкулез, ВИЧ, В және С гепатиті, психикалық ауытқулар және тағы басқа аурулар болса, олардың өтініштері  қабылданбайды деп түсіндірді. Ал егер қандайма бір себептермен донор болудан айнып қалсаңыз, нотариусқа барып, органдарыңызды алуға қарсылық жазып, бұл арызды туыстарыңызға бересіз.  

ДІН МЕН ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?

Ұлттық трансплантацияны үйлестіру орталығының директоры Жақсылық ДОСҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, біздің заңымыз бен дәстүрлі дініміз адам ағзасын салуға қарсы емес. Ал Атырау облыстық орталық мешітінің наиб-имамы Мұрат МҰСТАФАЕВ осы мәселеге арнайы пәтуә бар екенін айтып, исламда бір адамның дене мүшелерін екінші адамның өмірі мен денсаулығын құтқару үшін пайдалануға рұқсат етілген деп отыр.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 169-бабы 10-тармағында былай делінген: «Егер алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адам тірі кезінде не оның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкілдері ол өлгеннен кейін оның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлігін) реципиентке транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдегені туралы хабарланған болса, мәйіттен тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алуға жол берілмейді». Яғни, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, тірі кезіңізде қарсылық хатын жазбасаңыз, дене мүшеңізді алуға болады.

Бірақ, ҚР Қылмыстық кодексінде 315-бап 1-тармағында былай дейді: «Транспланттау не өзгедей пайдалану үшiн адам мәйiтiнiң ағзаларын немесе тiндерiн заңсыз алып қою, сол сияқты адам мәйiтiнiң ағзаларына немесе тiндерiне қатысты мәмiлелер жасасу – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады».

Демек, дәрігерлер алдын ала сөз байласу арқылы ешкімге хабарламай адамның дене мүшесін алуға болмайды.

САНДАР СӨЙЛЕСІН

Статистикаға сүйенсек, қазірдің өзінде донор көмегіне 3 500 адам зәру. 2012 жылы 63 адам донор болса, 2016 жылы  бұл көрсеткіш үш есеге өсіп, 248 адам донор болуға келісім берген. Көрші Ресейде бір жылда (2014 жылы 1 026 бүйрек ауыстырылған) 1000-ның үстінде бүйрек ауыстыру операциясы жүргізілсе, АҚШ-та жылына 10 жасқа дейінгі балаларға 300 жүрек ауыстырылады екен.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

18 қыркүйек 2017, 10:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.