Атырау, 27 қараша 03:37
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Ауыл күні

Сурет
10 191 просмотра


Туған жерін сағынбайтын жан бар ма, сірә! Әке-шешеге еркелеп, бауырлардың ортасында алаңсыз өткен балалық шақ кім-кімді де аңсатпай қоймас.

Махамбет ауданы Бақсай селолық округіне қарасты Есмахан ауылында «Ауылым – алтын бесігім» атты «Ауыл күні» мерекесі өтеді дегенді естігенде құлағымыз елең ете қалды. Алыста сағыныш болып бұлдырап қалған, балалық шағымыздың мекені болған туған жерім көз алдыма елестеп, жанарыма еріксіз жас келді.

Есмахан ауылы кезінде Бақсай кеңшарының №3 ферма орталығы болған. Қазір де бұл жерде 20 шақты үй түтін түтетіп отыр.

Шіркін, ауыл! Кешқұрым ауыл үлкендері қыр басына шығып әңгіме-дүкен құрысатын, балалар табаға піскен нанды жеп алып, асыр салып ойнайтын. Қазан-ошақтың түтіні будақтап, ақ самаурын бұрқ-бұрқ қайнайтын. Анамыздың күрең шайы, ыстық наны, ақ қаймағы-ақ дастарханды жайнатып тұратын. Ауылдың таза ауасын, көк жусанның иісін айтсаңызшы.

Әсіресе, мал өрістен келген кезде қарбалас тірлік басталады. Ауыл іші азан-қазан. Жамырап жатқан мал, қиқу салып қораға кіргізген адамдар. Малды сауып, қоралап барып, ымырт түсе үйге бір-ақ кіретінбіз. Міне, мамыражай қазақ ауылының күнбе-күнгі қайталана беретін, бітпейтін тірлігі осындай еді. Күндіз ойдан кетпейді, жатсаң түсіңе кіреді...

Амал не, ауылда кәсіп болмағандықтан қалаға үдере көшкен заман болды. Бірі жұмыс, бірі оқу іздеп кетті. Қазір қалада тұрғанымызбен туған жерге бір соқпай тұра алмаймыз. Бірақ, ауылда бұрынғыдай балалар шуы азайған, ауылдың да сәні кетіп, көңілсіз болып қалғандай. Кітапхана, медпункттердің орны да көрінбейді. Аллаға шүкір, көңілге бір медет болатыны ауыл тірлігі әлі де жалғасуда.


...Ауылға жөңкіп келеміз. Ішімнен «Ауылым» әнін ыңылдап айтып қоям.

Ауылға кіре берісте, Бақсай өзені жағасына тігілген ақ шаңқан киіз үйлер көзімізге оттай басылды. Қайран, әкеміздің, анамыздың көзін көрген ауылдың ақ жарқын адамдары-ай! Құшақтап, маңдайымыздан сүйіп жатыр. Көптен көрмеген қатар-құрбыларымызды көріп, мәре-сәре болдық.

Сонымен, «Ауыл күні» мерекесі ресми, мәдени шаралармен басталды. Алдымен Бақсай селолық мәдениет үйінің директоры Қадыржан САБЫРОВ көпшілікті Есмахан ауылының тарихымен таныстырды. Бақсай ауылдық округінің әкімі Қайыржан МӘЖИЕВ те сөз сөйледі. Ауыл қарттары, кезінде осы №3 фермада еңбек еткен Төлеуғали Сатаев, Тұрсын Дошатов ақсақалдар, Мәскура, Оңай және басқа апайлар ауыл әкімінің марапатын иеленсе, бірқатар келіндерге «Алтын құрсақты келін», «Ісмер келін», «Аспаз келін», «Шырайлы келін» номинациясы табыс етілді.

Шара барысында ауыл әншісі Ғалымжан Әбенов Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазылған Досхан Жолжақсыновтың «Ауыл қарттары» әнін шырқап, тыңдарман қауымды бір жасатып тастады. Ал Қайрат Жұмашевтың орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» (сөзі Сабырхан Асановтікі), «Сәулем-ай» атты халық әні және басқа әндер де ел көңілінен шықты.

Өнерпаздар шырқаған әдемі әндердің әсері бөлек ғой. Қыркүйектің салқын лебімен бірге көк аспанға туған жер туралы сазды әуендер бірінен соң бірі қалықтап жатты...

Кіндігімнің жас қаны,

Тамған жерім ауылым.

Шабытымның асқары,

Самғаушы еді ауылым.

Жастығымның куәсі,

Шұрқыраған ауылым.

Жусаны мен жуасы,

Бұрқыраған ауылым.

Содан кейін қазақы дәстүрмен бесікке салу, тұсау кесу рәсімі басталды. Сәбиді бесікке салған Оңай апамыз батасын беріп, балапандарды тыштырмаға қарқ қылды. Тәттіге тойған балалар мәз-мәйрам. Ауылда тұратын әр қазақ құрт-майын өзі дайындап алады емес пе?! Бал татыған қаймақ пен құрт та, былқылдаған бауырсақ та, тіл үйіретін шұбат та бәрімізге жетіп жатыр.


Ортаға басына үкі тағып, қазақтың ұлттық киімін киген, жаңадан тәй-тәй басқан кішкентай бүлдіршініміз шықты. Аяғына ақ пен қара жіптен есіп жасалған ала жіп байланып, тұсауы кесілді. Ала жіп «біреудің ала жібін аттамасын» деген жақсы ниетті білдіреді. Тұсауы кесілген бүлдіршінге «Жүйрік бол!», «Шауып кет!» деген тілектер айтылды. Қаз-қаз балам, қаз балам... Міне, осылайша, шынашақтай қазақ қызының жаңа өмірі басталды. Одан соң білекті жігіттер қол күресіне шығып, арқан тартыс ойындары ұйымдастырылды. Кезінде таза ауада, таза суға шомылған, денелері шымыр, қимылдары ширақ болып өскен ауыл жігіттері ондай жарыстарға еш қиналмастан төтеп беруде.


Ауыл тойы киіз үйдегі ауыл келіндері дайындаған дастарханмен жалғасты. Ауылдың күрең шайына не жетеді! Өмірден өткен ауыл адамдары туралы естеліктер айтылды, балалық шаққа саяхат жасалды... Көпшілігі №3 ферманы басқарған әкем Қонай Нығметұлын еске алды.


«Ауыл кеші көңілді» демекші, той ауыл жастарының би кешіне ұласып жатты. Ал біз қалаға жол тарттық. Туған ауылым, үйім жырақта қалып барады.  

Сәуле ҚОНАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ

13 қыркүйек 2017, 14:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.