«Ембімұнайгаз» АҚ компанияның 95 жылдығын тойлауға арналған мерекелік шараларды аяқтады. 8 қыркүйекте «Ембімұнайгаз» АҚ орталық кеңсесінде үздік қызметкерлерді марапаттау салтанаты өтті.
Оның алдында, 7 қыркүйек күні Қызылқоға ауданындағы «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-нің «Жамансор» өндірістік базасында компания өзінің барлық өндірістік құрылымдық бөлімшелеріндегі жұмысшыларына арнап қазақ эстрадасының жұлдыздары Абай Бегей мен Айқын Төлепбергеннің қатысуымен гала-концерт ұйымдастырды.
Компанияның бас кеңсесіндегі салтанатты жиын барысында кәсіпорынның 40 қызметкері «Мұнай-газ саласын дамытудағы үлесі үшін», «Ембінің 95-жылдығы» медальдарымен, ҚР Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның Құрмет грамоталарымен, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Естелік белгілерімен және «Алғыс хаттармен» марапатталды.
- Бүгінгі «Ембімұнайгаз» - геологиялық барлау, мұнай кен орындарын пайдалану, мұнай мен газ дайындау және өндіру жұмыстарын жүргізетін болашағы зор заманауи мұнай компаниясы. Кәсіпорынның болашақта ресурстық базаны кеңейту, жаңа бағыттарды дамыту, терең ұңғымаларды бұрғылау және басқа да жобалар бойынша жоспарлары көп. Олардың бәрін біз кәсіби және ынтымағы зор ұжымымызбен бірге сәтті жүзеге асыратынымызға сенемін, - деп атап өтті өз сөзінде «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ.
Ал мерейлі жылдың басты марапаты «Ембімұнайгаздың» автотұрағы аумағында өтті – бұл жерде компания ұжымы мұнай өндірісінің ең үздік жұмысшыларына су жаңа «Нива-Шевролет» автокөлігінің кілттерін табыстау салтанатының куәгері болды.
- Компанияның үлкен мерекесіне орай біз әр өндірістік құрылымдық бөлімшенің үздік еңбекшілеріне 6 автокөлікті сыйға тартып отырмыз. Осылайша, «Ембімұнайгаз» жанкешті еңбектері мен мамандыққа деген адалдығы үшін мұнайшыларға алғысын білдіреді, - деді Ә.Жақсыбеков.
Бағалы марапатқа ие болғандардың барлығы – жұмысшы мамандығының өкілдері. Қаженбай ӘБДІКӘРІМОВ – «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-де технологиялық қондырғылар операторы. Саит АСАНОВ – «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-де мұнай және газ өндіру операторы. Қазбек ҚОШАЕВ - «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-де мұнай және газ өндіру операторы. Жұмажан БАЕСЕНОВ – «Доссормұнайгаз» МГӨБ-де ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы. Ғатиет ӘБДІРАХМАНОВ – «Ембімұнайэнерго» басқармасының «Құлсары» аудандық электр торабының электромонтері. Жұмажан СӘРСЕНОВ - ӨТҚжЖК басқармасының жүк қармалаушысы.
Жұмажан Баесеновтың өндірістегі жалпы еңбек өтілі – 44 жыл. Оның 41 жылдан астам уақытын ол жер асты және күрделі жөндеу қызметіне арнаған. Сүйікті ісіне беріле жұмыс жасаған Жұмажан осыншама уақыттың ішінде денсаулығына байланысты демалысқа да шықпағанын байқамапты. Кәсіпорынның кадр қызметі осыны айтқан кезде ол қатты таң қалды. Мұның бәрін ол жұмысқа деген адал ниетінің және үнемі спортпен айналысқанның жемісі деп біледі. Жұмажан спорттық шаралардан ешқашан тыс қалмайды, волейбол ойнайды. Төрт ұлының бірі әкесінің жолын қуып, мұнайшы болған.
- Еңбек және демалыс жағдайын тудырып қана қоймай, оны жетілдіріп отыратын сүйікті компанияма алғыс айтамын. Мен еңбекке 1973 жылы араласыппын, сол кезде қандай қиын жағдайларда жұмыс жасағанымыз есімде. Қазір барлық жерде автоматтандырылған жүйелер енгізіліп жатыр, олар процестерді оңтайландырып, еңбек қауіпсіздігін күшейтеді. Қызметкерлер жайлы жатақханаларда демалады. Біз үнемі шипажайларға жолдамалар алып тұрамыз. Енді, міне, біздің еңбегімізге орай автокөлік табыстап жатыр, - дейді өз қуанышын жасыра алмаған мұнайшы. Мерейтойға қарамастан компания қол жеткізген табыстармен тоқталмақ емес. Жоспарда жаңа мұнай кен орындарын ашу тұр. Қазіргі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ-на бірнеше жаңа келісімшарттық территорияны, соның ішінде, Каспий маңы ойпатында орналасқан болашағы бар Забурын және Жайық алаңдарын беру мәселесі шешілуде. Және де компанияның кадрлық әлеуетіне үлкен мән беру жалғасын таппақ – жас қызметкерлердің дамуына үлкен күш жұмсалса, ардагерлерге құрмет көрсетіледі.