Мақат ауылдық округінің әкімі Жанболат Жүнісовке қатысты сотқа дейінгі тергеулерді аяқтады: ол жеке баспана салуға арналған жер телімдерін алуға көмектескені үшін Атырау қаласы тұрғындарынан алаяқтық жолмен жалпы сомасы 15,7 млн теңге ақша алған. Атырау қалалық сотының үкімімен ол заңсыз жолмен тапқан мүлкін тәркілеумен қатар 7 жылға бас бостандығынан айрылды;
«Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген жалпы сомасы 9 млн теңге тұратын Есбол аулындағы су құбырлық құдықтардың орындалмаған ағымдағы жөндеу жұмыстарының актілеріне қол қоюы барысында лауазымын асыра пайдаланып, қызмет барысында жалған құжат жасау фактілері бойынша Индер ауданы Есбол ауылдық округінің әкімі Ерлан Қалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеулерді аяқтады. Индер аудандық сотының үкімімен ол 1 166 550 теңге көлемінде айыппұлмен қатар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айрылды;
Жүргізілген тексерулер бойынша оң қорытынды шығару үшін Исатай ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларынан 150 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудиторы Е.Казбеков әшкереленді. Исатай аудандық сотының үкімімен оған 2 млн теңгеден астам айыппұл салынып, заңсыз жолмен тапқан мүлкін тәркілеу және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айыру жазалары тағайындалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаменті