NCOC компаниясы ағымдағы жылдың мамыр айындағы хакерлік шабуылдың салдарынан Атырау қаласында орналасқан ауа сапасын бақылайтын тоғыз станцияның жұмысының істен шыққаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«АЖ»-ның редакциялық сауалына келген жауапқа орай NCOC-дың баспасөз қызметінен былай деп хабарлады:
- Атырау қаласында және Мақат ауданында ауа сапасын бақылайтын 20 станция орналасқан. Ауа сапасын бақылайтын станциялар ақпараттарды өңдеп, арнайы бағдарламалардың көмегімен автоматты түрде «ҚазГидроМет» Атырау облыстық филиалына береді. Сонымен қатар барлық ақпарат ай сайын Атырау облыстық экология департаментінде тапсырылады.
Хакерлік шабуыл болған кезде ауа сапасын бақылайтын станциялардың жұмысына зақым келмеді. Алайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауа сапасы туралы деректерді ҚазГидроМетке жіберу уақытша тоқтатылғанымен, тамыз айындағы ақпараттар ҚазГидроМетке жіберілді.
Дегенмен, Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВ бұл туралы біздің сауалымызға былай деп жауап берді:
- NCOC тамыз айындағы мәліметтерді бізге жіберген жоқ. Атырау бойынша олардың ешқандай станциялары жұмыс жасап тұрған жоқ. Бізге берген мәліметтері бойынша бағдарламалар енгізіп болғаннан кейін қайта жұмыс жасайды.
«ҚазГидроМет» РМК Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Алтынбек АМИРОВКЕ де хабарластық. Ол да мәліметтер түспегенін айтады:
- Мамыр айынан бері NCOC компаниясынан ешқандай мәлімет келген жоқ. Олардың ауа сапасын бақылайтын станцияларындағы мәліметтерді біздің мекемеге жібергені туралы кейбір БАҚ берген ақпараттар шындыққа жанаспайды.
Фархад АБИЛОВ
Суретті түсірген автор